Әнші Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы із-түзсіз жоғалып кеткен
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі марқұм Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы Баир Сиқымбаев із-түзсіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Мәліметті журналист Жазира Бегалы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Оның жазуынша, Баирдан бір апта бойы ешқандай хабар болмаған. Жақындары оны ерекше дауысы бар, келбетті әрі өнерлі азамат еді дейді.
Журналист көпшіліктен көмек сұрап, ақпаратты кеңінен таратуға шақырды.
“Енді Баир қайда жүр екен? Келіншегі журналистерден көмек сұрапты. Менің қырағы оқырмандарым, әншінің жалғыз ұлын бірге іздейік. Мына ақпаратты бөлісіңіздер , көпшілікке таратып, суреттегі азаматты көрсеңіздер хабарласыңыздар деп жұдырықтай жұмылып іздейікші”, – деп жазды журналист.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, Баир Сиқымбаев 24 наурыз күні Алматы қаласындағы Коперник көшесінде орналасқан үйінен шығып, қайта оралмаған. Сол күні оның үстінде қара түсті спорттық киім болған.


