Әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанның отбасында қаралы жағдай орын алды.
Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанның отбасында қаралы жағдай орын алды. Бұл туралы спортшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, балуанның атасы Жолдасбек Айтмұқан өмірден озған. Спортшы атасына деген сағынышы мен өкінішін әсерлі жазба арқылы жеткізді.
"Бүгін мен қанатымнан айырылдым. Айтмұқан атамнан айырылдым. Олимпиадада жеңіске жетіп, сол жеңісті сізге арнаймын деп армандаған едім, ата… бірақ үлгермедім. Жақындарыңызды бағалаңыздар, олармен көбірек уақыт өткізіңіздер. Бұл – ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын бақыт. Ата, мен сізді қатты жақсы көремін. Жаныңыз жәннатта болсын", – деп жазды Ризабек Айтмұқан.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұқан – Қазақстан тарихындағы еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы. Ол 2023 жылы Сербияда өткен әлем біріншілігінде 92 келіде алтын жүлде иеленді. Бұдан бөлек, 2024 жылдың қыркүйегінде 20 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында да жеңімпаз атанды.
Ал 2025 жылдың наурыз айының соңында Амманда өткен Азия чемпионатында күміс медаль еншіледі.


