Дос жоғалту – рухани өсудің белгісі

Oinet.kz 12-11-2019 1070

достар.jpg

Ерте ме, кеш пе кіммен шын дос екенің, кіммен достық тек көзбояушылық болғанын айыра бастайсың. Сенің уақытыңа кімнің лайық, кімнің лайықсыз екенін байқайсың. Досымды жоғалтып алам деп бар күшіңмен оның етегіне жармасудың аса бір қажеттілігі жоқ екенін пайымдайсың. Келешекке күмәнмен қарап, көңіліңді жасыта берме. Бір жақсы, бір жаман жаңалық бар. Жақсы жаңалық – жыл өткен сайын адам бүтіндей өзгеріп, болмысы бөлек бола бастайды. Бұрынғыдан да мінезің ауыр, бұрынғыдан да талғамың зор, қызығушылығың мол бола береді. Көп саяхаттайсың. Көп адаммен араласасың. Сен сол ғажап сәттерге, керемет жерлерге оралғың келеді. Ал, жаман жаңалық – осылай өзгеру үшін кей достармен қарым-қатынасты үзуге тура келеді. Өзгеріс – міндетті түрде жаман болу деген сөз емес. Өзгеріс жаңа бір ғажапты тануға бағытталған тәжірибе болсын.

Дос жоғалту неге қалыпты үдеріс? Оның бес себебі бар.

1. Мүдденің өзгеруі

Жас өскен сайын адамның мақсаты, мүддесі ұлғая береді. Жас күніңдегідей әр нәрсеге қызықпайсың. Шын бағалы дүниені табасың. Оны маңдай теріңмен, бар ынта-ықыласыңмен қорғайсың. Мұның бәрі айналаңдағы адамдармен қарым-қатынасыңа әсер етпей қоймасы анық. Әр адамның белгілі бір стандарты, достан күтері, досқа берері тиянақталады. Есті адам өміріне кімді болса, соны енгізе бермейді. Есейген сайын өміріңде әр сөзіңді, ісіңді бағалайтын жандар көбейеді. Мұндай жандар көзқарасың сәйкеспеген ескі достардың орнын басады. Мұндайға таң қалуға бола ма?

2. Тәжірибе жинайсың

Жас өскен сайын адам тәжірибелі бола бастайды. Сенің тәжірибең қандай адаммен дос болуды, кіммен қарым-қатынасты сақтап қалуды, кімнен іргеңді бөлек салғың келетінін саралауға септеседі. Кімге сенуге болатынын, кімнің аузына сөз тұрмайтынын айырасың. Кей достың достығынан дұшпанның қастығы артық екенін түсінесің. Бір досыңмен арада ешбір ортақ іс болмаса, онымен тек әдет бойынша ғана аралассаң, бәлкім оны еркіне жіберген дұрыс болар? Өз өміріңді, өз мақсатыңды түзеген жөн емес пе?

3. Айналаңмен тиянақты қарым-қатынас құру

Есейген соң кейбір ескі достардан айырыласың. Оған бола салың суға кетпесін. Бұдан былай сенде дос болмайды деген сөз емес қой. Бәлкім, керісінше болар. Есейген сайын адамның танып-білетін тақырып аясы кеңейеді, мүддесі өзгереді, талқылайтын жаңа жерлер, қызықты дүниелер табыла береді. Осының бәрін айтып-жеткізер, яки тыңдар құлақ табылмас деймісің? Табылады. Кейде жаңа достармен достығың әлдеқайда мағыналы, қымбат, лайықты болып шығады. Ескі достардың арасында тек келемеждеу ғана қалып қояды. Ондайда бар. Адамдар саяхат туралы тыңдағанды жақсы көреді. Осы бағытта өзіңді дамытқаның жөн емес пе? Сонда жаңа достарың да көбейе береді. Айтатын тақырып та молынан болмақ.

4. Уақыт тапшылығы

Жасың келген сайын ойын-сауыққа, ду-думанға уақытың аз қалып бара жатқанын түсінесің. Егер жалпы қалып жатса. Мамандығыңа сай немесе басқа да мыңдаған себептермен өмірің кедергісі көп жүгіріске айналады. Сол кезде уақытты бағалау керектігін түсінесің. Не нәрсені де өз уақытында жасаған абзал екенін білетін боласың. Айналаңдағы адамдарға да осы ережеге сай қарайсың. Бір күні кім сенің уақыт бөлгеніңе лайық, ал кім лайық емес екенін байқайсың.

5. Өтірігі көп, шынайылығы жоқ жерден қашасың

Жас күніңде өтірік айтқанда тұрған не бар? Шынайылықсыз да өмір бар деп ойлауың бек мүмкін. Әдетте бала аздап өтірік қосып сөйлегенді жақсы көріп тұрады. Яки, түймедейді түйедей етіп жеткізуге бейім келеді. Ең жақын досына әңгіме айтқанда бөспелігі басым түсіп жатады. Алайда есейген сайын адамның өтірікке мәжбүрлігі кеміп, жалған дүниеге жаны қас бола бастайды. Алдағанды, арбағанды жек көреді. Екіжүзді адаммен дауласқанда да «ақылдың тілін» алғанды жөн санайтын болады. Одан гөрі мағыналы әңгімені тыңдаған жаныңа жағатынын байқайсың. Біреуді ренжітетін, жанына қаяу салатын бос әңгіменің пайдасыз екенін бағамдайсың. Шамаң жеткенше айналаңдағы адамдардың мағыналы, келелі әңгіме айта алатындығын бағалай түсесің. Жалпы келешекке оң көзбен қарап, одан қорықпайтын боласың.

Ең бастысы өзіңді бағала. Уақытыңды бағала. Сонда өміріңнің келесі аялдамасына әлдеқайда тәжірибелі, көреген болып жетесің.

Аударған Шынар Әбілдә

Құдай бар ма?
Сүйікті бол!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу