​Даусынан «айырылған» әншілер

Oinet.kz 19-04-2017 1036

f4624fbc56c8c4aa0654483c70740ddb.jpg

Суретші қолын шығарып алудан, ал футболшы аяғын жарақаттап алудан қорықса әншілер даусын жоғалтып алудан қатты қорқады. «Журналисті асырайтын екі аяғы» демекші әншіні де асырайтын сол дауысы емес пе? Сондықтан микрофон ұстаған өнер адамдары дауыстарын барынша күтетіні анық. Дауысқа салмақ түсірмей, салқын су ішпеуге тырысады.

Алайда жазым аяқ астынан емес пе? Қанша күтінсең де кейде оқыс оқиғалар орын алып жатады. Отандық шоу-бизнес өкілдерінің арасында дауысына зақым келген жұлдыздар кездеседі. Дер кезінде жасалған ем-домның арқасында олар бүгінде қайта сахнаға шығу бақытына ие болды. 

 Естеріңізде болса  бірнеше жыл бұрын әнші Нұржан Қалжан мен белгілі тележүргізуші Руслан Бөлебай Алматыда Гагарин көшесінің бойында жойқын жол апатына ұшыраған еді. Абырой болғанда мойнынан жарақат алған Нұржанның көрер жарығы бар екен. Ал, тележүргізуші Руслан оқиға орнында қаза тапты. Осыдан кейін ұзақ уақыт шығармашылығын тоқтатып, ем қабылдаған Нұржан көліктің рөліне де бір жыл бойы отырмапты.  Көлік апаты кезінде оның тамағына айтарлықтай зақым келген болатын. Дәрігерлер ән салуға тыйым салып, жақсылап күтіну керектігін ескерткен. «Жол апатына түскен соң дауысыма байланысты қиындықтар пайда болды. Дәрігерлер мүлдем ән айта алмай қалуымның мүмкін екенін айтты. Яғни дауысым мүлдем жоқ болып кетуі мүмкін еді. Құдайдың жазғанын көрермін деп ота жасатып, тамағыма темір салдырдым. Енді сол темірді алдыруға қорқып жүрмін», – дейді «Инсталайық» бағдарламасына берген сұхбатында  Нұржан Қалжан. Тамағына екінші рет ота жасатқалы жатқан әншінің деніне саулық тілейміз. 

Дауысынан айырыла жаздаған әншінің бірі «Жігіттердің» Мырзаханы. Ол жақында ғана Санкт-Петербург қаласына барып ота жасатып қайтты. «Санкт-Петербург қаласында дауыс жүйесіне отаны жақсы жасайтынын естідік. Сол жерде емделіп шығуға мүмкіндік болған соң жібердік. Бастапқыда дәрігерлер бір апта сыртқа шығуға тыйым салды. Себебі, құлақ пен мұрыннан кірген ауа отаның нәтижесін судай шайып жіберуі мүмкін. Мұнымен қатар, мамандар оған бір ай бойы сөйлеуге тыйым салды. Осылайша біраз уақыт дауысына ешқандай ауыртпашылық салмауы тиіс», – дейді әншінің продюсері Ерғали Әбдірайымов. Топтың тағы бір мүшесі Ердос Қанаевтің өзі жақында ғана дәл осындай тамақ дертінен құтылыпты. Ал Айдар тамақ ауруларынан алдын ала сақтанып жүреді екен. Мырзахан Маханов  денсаулығы үшін алаңдаған тыңдармандарына алғысын білдіріп, өнерді тастамайтынын жеткізді. Айтпақшы, Мырзахан концертке бола дауысын құрбан етіпті. «7 наурыз күні Астана қаласында концерт өткізген болатынбыз. Сол концертке дейінгі үш айда Мырзахан тамағын емдетіп жүрді. Алдымызда концерт болғандықтан, шегінерге жол табылмады. Бір Мырзаханға қарап соншама еңбек пен оркестрді тастап кете алмадық. Дәрігерлер оған, тіпті, сөйлеуге тыйым салды. Себебі, күрделі аурумен ауырды. Аталмыш концерттен кейін тамағындағы дыбыс шығарғышы үзіліп кетті», – дейді өнердегі әріптесі  Бағлан Әбдірайымов.

Қытайда өткен  «Singer 2017» байқауында екінші орынды жеңіп алған Димаш та дода барысында дауысын жоғалтып ала жаздап еді. Күллі әлемді аузына қаратқан әншінің сегізінші кезеңінде өнер көрсетер алдында  тамағы қатты ауырып, дәрігерлер көмегіне жүгінген. Sina weibo әлеуметтік желісінде Димаштың дәрігерге көрінген видеосы жарияланды. Одан Димаштың өнер көрсетуден бір күн бұрын салқын тиіп, дауысы шықпай қалғанын байқауға болады. Өзі Димаштың жанкүйері болып табылатынын айтқан дәрігер, оған толық жазылғанға дейін жоғары дауыста ән салмауға кеңес берген еді. Қазақстандық әнші байқаудың сегізінші кезеңіне тамағына ауырсынуды басатын дәрі егіп, сахнаға шыққанын айтпай кетуге болмас. 

Халықтың сүйіктісіне айналған әнші Сәкен Майғазиев те де бір кездері тамағын емдетуге тура келіпті. Бұл туралы «Ел аузында» бағдарламасында баяндаған әнші былай дейді: «Студиядан шығып бірден футболға кеттім. Алдында 5 сағат бойы вокалмен айналысқандықтан, тамағым қызып тұрған болатын. Оның үстіне футбол ойнап жүріп айқайлап, арасында ән айтатынмын. Үйге келген соң душқа түсіп ұйықтадым. Таңертең тұрсам, мүлдем дауысым жоқ. Кәдімгі мылқаудың күйін кештім. Бірден вокалдан дәріс беретін Диана Шараповаға смс-хат жаздым. Ол ешқандай дәрігерге бармауға кеңес берді. Артынша 70 жастағы апайымызға өзі апарып емдетті», – дейді ол. Осыдан кейін әнші футболда айқайламайтын болыпты.

Министрдің әкесі немесе ел танитын Біртанов еді
Үміт Битенова, ақын: «​Лениннің суретін салғаным үшін әлі қорқамын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу