Оралхан Дәуіт. Тойға барсаң, дәптеріңе қарап бар

Oinet.kz 18-12-2017 839

Қалың дәптер

Біздің үйде бір дәптер бар. Көптен бері сақталып келе жатқандықтан бұл қалың дәптердің бас жағындағы парақтары мыжылып, кейбірі жыртыла бастаған. Ағайын, туыс, жекжаттармен арадағы алыс-берісті айғақтап отыратын бұл кітапша мен үйленіп, үлкен тойымыз өтетін күні арналған болатын. Ішін ашып қалсаңыз, оқитыныңыз мынау: «Ақаб нағашы – 1 жылқы, Шәріпбай жезде – 1 тана, Садырбай құда – 10 мың теңге, бір қой...». Осылай кете береді. Ең соңы ауылдағы ағайындардың кейбірі бір ешкі атап кеткені де айдақ-сайдақ болып жазылған. Иә, біздің шаңырақта өткен тойға түскен дүниелердің бәрі осының ішінде жазулы, хаттаулы тұр. 

Былайша айтқанда, бұл дәптер біздің үйдің той мәселесіндегі «барометрі». Бір қарағанда бұл құжат біздің несие кітапшамыз да сияқты. Ішіндегісін кезегімен, кезеңімен қайтарып отырасың. Қазір не көп, той көп. Кім шақырса да, бірінші дәптерді парақтаймыз. «Та-ак, ол біздің тойға не әкеліп еді?» деп... Әрине, айғырын мініп кеп, автобуспен қайтқан, танасын жетектеп кеп, талға байлап кеткен Ақаб нағашым мен Шәріпбай жездеміздің тойына не апару керек екенін дәптерді ашпай-ақ бірден білеміз.

Screenshot_1.jpg

Менен кейін арада бірнеше жыл өткенде үш інім бірінен кейін бірі үйленді. Бәріне бөлек-бөлек үлкен той жасап бердік. Әлгі дәптердің сия түскен беттері көбейе берді. Әкеміз ертерек қайтыс болып кетіп, інілерімнің тойында өзім бас болып жүргендіктен шығар, қалың дәптер кейінгі жылдары менің үйімде тұрды. Сонда ауылдағы шешеміз «Орал, пәленше тойға шақырыпты, дәптерді қарап жіберші...» деп, Таразға жиі телефон шалып тұратын. Сонымен егер тойға шақырушы бізге 10 мың теңге әкелген болса, ауылдағылар ең кемі сол ақшаның үстіне екі немесе бес мың теңге қосып апарады. Былайша айтқанда, екі тойдың арасындағы уақыттың алшақтығына қарай ақшасы да көбейе береді. Инфляция дегенді ауылдағылар да жақсы біледі. 

Той істеудің де машақаты көп. Тойға деп қарызға алған ақшаңды бір уайымдайсың, шақырған қонақтарың келмей қала ма деп тағы уайымдайсың. Сонда құдайдың құдіреті, әжеміз дәптерді парақтап отырып, «шамамен тойға мынанша ақша түседі» деп жорамалдайтын. Шынында айтқаны тура келеді. Биыл жасы тоқсанға келген әжеміз содан шығар үнемі «Мүмкін болса, шақырған тойдан қалмаңдар. Тойға апарған ақшаларың ертең өздеріңе қайтып келеді» деп отырады. Басқа-басқа қазір Шымкентте той істеудің механизмдері өте қатты жеңілдеген. Соғым байлаушылар етті екі апта, бір айға дейін қарызға береді. Ал, енді мықты танысың болса, бір фирмалар арақ-шарап, сусындарды қарызға бергеннен бөлек, ертеңіне тығыны ашылмағандарын қайтып алып, есептен шығарып тастайды. Әрине, құдай өзі тойдан айырмасын. Бірақ Оңтүстікте тойдың көбейіп кетуінің бір себебі осында ма деп қаласың. 

Мұндай дәптер бір бізде ғана емес, Оңтүстіктегі көп үйлерде бар. Соған сенсе де, жоқ, қарыз берушілерге де сенсе де, қазір Шымкентте той өте көп. Жақында ақпарат құралдары бетінен бір мәлімет оқыдым. Шымкент қаласындағы Абай аудандық салық басқармасы тойханаларға тексеру жүргізген ғой. Сөйтсе, Шымкент қаласындағы соңғы үлгіде салынған, зәулім сарайдай кең әрі әсем «Алтын Жұлдыз» тойханасының қожайындары құжатта небәрі 8-ақ жалдамалы жұмысшы бар деп көрсетіпті. Сонда сегіз адаммен аста-төк тойды қалай өткізіп жүр? Сол секілді «Гауһар сарай» тойханасында 15, «Шымқалада» 3, «Мұса» тойханасында 2 жалдамалы жұмысшы бар көрінеді. Ең қызығы, «Гауһар сарай» тойханасының бір жылдық табыс мөлшері 3 миллион теңге екен. Сіз осыған сенесіз бе? Сәні мен салтанаты жағынан Оңтүстіктегі тойханалардың ортасынан ойып тұрып орын алатын «Гауһар сарай» құдай біледі, 3 миллион дегенді бір аптада табатын шығар-ау.

Шындығын айтқанда, бұл тойханалардың да біздің үйдегі сияқты қалың дәптері бары анық қой. Тіпті оларда біреу емес, бірнешеу. Тек оны тығып ұстайды. Шын мәліметтің бәрі, шынайы табысының бәрі соның ішінде сайрап жатыр. Бір ғана Абай ауданының өзінде 57 тойхана тіркеліпті. Сонда қаншама ақша, қаншама салық «көлеңкеге» кетіп жатыр десеңізші? Қалай ойлайсыз, қалың дәптердің құпиясы ашылуы мүмкін бе? Тойхананың иесі де тегін адам емес. Әлде, той көбейген сайын олардың да пейілі тарыла бере ме? 

Халал колбаса...

Қайсар Шерім деген досымның мінезі қызық. Қашан көрсең әзіл айтып, елді күлдіріп жүргені. Және әңгімені жақсы айтады. Өткенде ауылына барыпты. «Әдет болып қалған ғой, ауылға кірген соң, орталықтағы дүкен жаққа бір көз салып өттім, – дейді ол. – Қарасам, бір кластасым біреулермен дүкеннің шетінде арақ ішіп отыр екен. Көлігімді таниды, тоқтауға тура келді. Өзі әжептеуір қызу. Тәлтіректеп, қайта-қайта сүрініп қала береді. «О, Қайсар бауырым, қош келдің...» деп әдеттегідей құшақтасып амандасып, жалпы жағдайды сұраған соң, ол мені дүкен жаққа сүйреді. «Жүрші, Қайсар, бұл жолы сені мен «күтемін», бүгін қонақ боласың» деп қояды. Дүкенге кірді де, сатушы тәтейге: «Апай, білесіз ғой, менің күн сайын ішпейтінімді... Шымкенттен досым келіп қалды, қарызға бірнәрсе бересіз бе?» деді. Апайы жақтырмаса да, менен ұялды ма, жоқ, әлде шынында досым талай рет қарыз алып, қайтарып жүр ме, әйтеуір, «мейлі, не керек еді?» деп шағын калькуляторын қолына алды. 

Досым аяғынан әрең тұрса да, не алатынын тез-тез айта жөнелді. «Бізге екі шиша арақ, бір «Кола»... Сосын халал колбаса беріңіз». Соңғысын айтқан кезде апайымыз басын көтерді. 

– Халал колбаса жоқ, басқасын-ақ ала бермейсіңдер ме?

– Жоқ, қызықсыз ба, мұсылманның баласымыз ғой, халалын беріңіз...

Досымның осы сөзіне сол жерде бір ішек-сілем қатып күліп алдым». 

Қайсардың осы әңгімесінен кейін ойланып қалдым. Шынында үйге қонақ шақырып, ағыл-тегіл арақ құйып, дастарханға халал колбаса қойып қоятынымыз бар ғой. Сонда бұл қай тәлпіштігіміз? 

Қонақ пен орындық

Қайбір жылы жақын досым пәтерлі болып, сол жаңа шаңырағында қоныс той жасады. Екі бөлмелі пәтер. Жас отбасы, жаңа үй. Жарқырап тұрған жиһазы да жоқ. Әйтеуір, жерге дастархан жайып, көрпе төсеп, жастық тастап, құрақ ұшып қарсы алды. Содан қонақ деген бірінен кейін бірі келіп жатыр. Досым ақкөңіл. Телефон шалып, құттықтағандардың бәрін үйіне шақырады. «Жігіттер, тағы да қонақтар келіп қалды, қане, сығылысып, сыйдырып жіберейік». У-ду болып, көңілді отырған жастар ысырылып, лезде орын босата қояды. Одан тағы да жаңа қонақтар... Төрдегілердің кейбірі жастықты шынтақтап, дастарханға тек бір иығын ғана беріп отыр. Бірақ, ренжіп жатқан ешкім жоқ. Бәрі көңілді. Қонақтар кеп жатыр, кеп жатыр... Құдай біледі, сол күні ұзына бойы жайылған шағын дастарханның басында 40-50 адамды күттік-ау деймін. Жерге жайылған қазақы дастарханның бір құдіреті осы ғой. 

Дәм бұйырып, арада бірнеше жыл өткенде сол досымның сол пәтерінде мен де отбасыммен тұрдым. Ол басқа жаңа пәтер сатып алды. Бұл кезде үй әжептеуір жиһазға толы. Қонақтарға арналған сопақ стол, диван, кереует, шкаф. Біз де қонақ шақырдық. Бірақ қиналдық. Келетін қонақтың қарасы көп еді, әлгі сопақ столға сиюы мүмкін емес. Жерге дастархан жаяйық десек, жиһаздарды былай-былай жылжыту мүмкін емес, жылжытқан күнде де бәрібір орын алып тұрады. Уақытша сыртқа шығарып тастайық десек, ауыр және жоғарғы қабаттан түсіру де оңай емес. Содан келіншегім көршілерден стол сұрап алып, оны бір-біріне жалғап, әрең дегенде 25 орындыққа жеткіздік. 

Ал, содан уайым. Шынын айту керек, жаңағыдай жағдайдан кейін өзіміз де қонақтарды шертіп-шертіп шақырдық. Бірақ көп болып кетіп, сыймай, масқара болып қаламыз ба? Қазақ үшін ең жаманы сол ғой. «Пейіл сыйса, бәрі сияды ғой» деп, баяғы досымның жағдайын еске аламын. Әйтсе де біз есейіп кеттік пе, жоқ, әлде, қоғам, пейіл қатты өзгеріп кетті ме, әйтеуір, қазіргі қонақтарға «сәл ысырылып, мыналарды сыйдырып жібересіз бе?» деп айтқанша қара жерге кіріп кеткен жақсы сияқты. 

Жоқ, бәрі ойдағыдай болды. Бірақ, содан кейін столдан қорқатын болдым. Қазір барлық үйде бір-бір қонақ шақыратын стол, орындық бар. Бәрі адамға байланысты ғой. Бірақ, кей кездері осы столдар өзі биік болғанымен пейілімізді аласартып тастайтын сияқты. Содан болар қонақты да үйдегі отыратын орындықтың санына қарай шақырып жүргеніміз жасырын емес қой.

Мақала автордың «Фейсбук» парақшасынан алынды

Құрдастар қалжыңы. Екі шиша арақ
«Халық жауының» қызы: Атымды әкем түрмеде азан шақырып қойған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу