«Халық жауының» қызы: Атымды әкем түрмеде азан шақырып қойған

Oinet.kz 18-12-2014 743

«Халық жауларын» қуғындаған қайғы-қасіретке толы 1937-1938 жылдары еліміз бойынша 113 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, азапты лагерълерде ұсталса, 25 мың азамат атылған. Мыңдаған отбасының шаңырағы шайқалды, әйел жесір, бала жетім қалды. Жетімсіреп қана қоймай, «халық жауының баласы», «халық жауының әйелі» деген қара күйеден ұзақ жылдар бойы құтыла алмай, азап шекті. Солардың бірі - «халық жауы» деген жаланың құрбаны болған қоғам қайраткері Ақылбек Нұрбековтың қызы Раушан Ақылбекқызы. Раушан апаймен біз Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайында жолығып, сұхбаттастық.

image.png

—Мен әкемді көргенім жоқ. Қайдан көрейін, ол кісі қамауға алынған кезде мен әлі анамның құрсағындамын,—деді Раушан Ақылбекқызы,— Анамның айтқан естеліктері арқылы әкем жайлы біраз мәліметтерді білемін. «Халық жауы» деген жаламен жазықсыз атылғанын естіген сәттен бастап ол туралы деректерді іздей бастадым. Мұрағаттан оған қатысты құжаттар мен суретін таптым. Ақылбек Нұрбеков 1900 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы  Бәйдібек ауданының Майбұлақ ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Ата-бабаларымыз шешендігімен, батырлығымен ел назарына іліккен екен. Әкем балалық шағында байлардың малын бағып, жоқшылық көріп өсіпті. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін сауаттылығының арқасында қызметке араласа бастайды. 1918-1924 жылдары Бадамдағы МТС-те республикалық әкімшіліктің бақылау комитеті бөлімін басқарған. Одан соң Талас, Шу аудандық, Семей, Шымкент қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған. 

Жиырмасыншы-отызыншы жылдар – қазақ халқының тарихына үлкен өзгеріс әкелген кезең болды ғой. Әкем сол жылдары көзі ашық, оқыған азамат ретінде елдің бетке ұстар ардақтыларымен бірге мемлекетіміздің негізін қалап, іргетасының бекуіне атсалысты. Бірақ, әділетсіз заманға қарсы келгені үшін абақтыға жабылып, солақай саясаттың құрбанына айналды. 

Әкем 1938 жылы 18 наурызда қамауға алынды. «Халық жауын» тұтқындаудың қалай жүзеге асырылғаны белгілі емес пе? НКВД-нің қара көлігі, үстеріне қара киім киген жендеттер әкемді жұмыс орнынан әкетіпті. Бұдан кейін – тергеу, қорлау, жасамаған қылмысты зорлықпен мойындату. Не керек, ақыры «Үштіктің» үкімімен Магаданға жер аударылады. 1941 жылы әкем қайтыс болғаннан кейін ғана оның ақталғаны туралы анам хат алыпты.  

—Бұған дейін жариялаған естеліктеріңізге қарағанда, есіміңізді әкеңіздің өзі қойған екен...

-Иә. Әкем 1938 жылдың 18-наурызда қамауға алынса, мен 14-сәуірде қазіргі Бәйдібек  ауданының Ақбастау ауылында дүниеге келіппін. Әкем ұсталып кеткен соң, анам мүлдем панасыз қалыпты. Ара түсер шама жоқ. Әкеммен түрмеде кездесудің өзіне әрең дегенде рұқсат береді екен. Бір жолы анам абақтыға мені алып барыпты. Туған перзентін қолына алып, маңдайынан иіскеген әкем қуаныштан жүрегі толқыпты. Сол жолы әкем түрмеде азан шақырып, маған Раушан деген есімді беріпті. Қайта кездеспейтінін сезген шығар, анама: «Айшахан, мені Тәшкентке немесе Тәжікстанға жібереді ме деген едім. Ол үмітім ақталмады. Шындықты айтқаным үшін басым кетті ғой. 25 жылға Магаданға айдап отыр. Енді аман бол, Раушанды міндетті түрде оқыт», - депті. Бұл анама айтқан соңғы өсиеті екен. Әлі күнге дейін ойлаймын: марқұм әкем балалық қылығымды көрмей кетті-ау. Тағдыр неткен опасыз. Жүректегі осы шерді қозғасам, бүгінге дейін кеудеме өксік тығылады. 

—«Халық жауы» атанған азаматтың отбасын бұдан кейін қандай тағдыр күтіп тұрды?  

-Әкемді қамауға алғаннан кейін біздің үйді жендеттер тексеріп, бәрін қопарып тастады. Сондағы іздегені алтын көрінеді. Бірақ, ешқандай алтын табылмаған. Неге алтын іздейді дейтін шығарсыз?!  Егер алтын табылса, «халық жауының» әйелдерін “Карлагқа” айдайды екен ғой. Анам азапты лагеръден аман қалғанымен, біз Ташкентке қуылдық. Ташкентте соғыс жылдары шешем жауынгерлерге арнап көйлек тікті. Колхоз мүшелерінің үйін ақтап, қораларын тазалады. Мыңдаған «халық жауының» балалары мен жарлары секілді қуғын-сүргінде жүріп, тағдырдың қатал сынына төздік. Бұғанам бекімей жатып жоқшылық, жетімдік, қорлық пен зорлық көрдім. Жұдырығы барлар желкеден түйді, саусағы барлар көзімді шұқыды. Жастайымнан колхозда кетпен шаптым, мақта, масақ тердім. 13 жасымда кесек құйдым. Түнгі сағат 12-ге дейін қозаның көсегінен мақтаны аршитынбыз. Аяқта берзент төпли.  Еңбекақыға ұн, қант, картоп, мақта майын беретін. 1956 жылы оныншы сыныпты бітіріп, Ташкент Ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырдым. Институт директоры: «Өзбекстан сіздің оқитын жеріңіз емес, Қазақстанға барыңыз» деп шығарып салды. Бірақ, мен өз дегенімнен қайтпай, табандап тұрып алып, ақыры аталған институттың студенті атандым. 1962 жылы диплом алып, тұрмыс құрып, туған Отаным Қазақстанға келдік. Мақтарал ауданында, Шымкент қаласында түрлі қызметтерді атқардым. Талай жыл агроном болдым. Бірақ, алғашқыда  «өзбекше білім алғансың» деп, мені  еш жерге жұмысқа алмады. Тағдыр айдап өзбек жерінде өскеніме налыдым. Егер қиын-қыстау заман орнамай, туған жерімде жетілгенде, мұндай қиындық көрмес пе едім. Бұл да сол отызыншы жылдардың қасіреті ғой. Осылайша, әркіммен алысып өмір кештім.

—Кейінгі ұрпаққа қандай тілек айтасыз?

—Аллаға шүкір, қазіргі ұрпақ мамыражай заманда өмір сүріп жатыр. Лайым солай болсын деп тілеймін. Сол қанға боялған, миллиондаған адамның көз жасы төгілген қасіретті жылдар қазақтың басына қайта төнбесін. Біздің көрген азапты кейінгі буын көрмей өссе, біз үшін сол бақыт. Жазықсыз атылған, азап шеккен ардақты  ұлдардың есімдері ұмытылмасын. Оларға тағзым ету бүгінгі ұрпақтың парызы екенін жадымыздан шығармайық.   

—Сұхбатыңызға рахмет! 

Мұрағаттан: 30.05.2013

Оралхан Дәуіт. Тойға барсаң, дәптеріңе қарап бар
Біржан Байтуов (Шымкент) пен Аспанбек Шұғатаевтың (Павлодар) сөз сайысы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу