Бұлбұл атанған Мөлдір Бақытжанқызы

Oinet.kz 05-04-2009 2189

Screenshot_1.jpg

Өнерде өзінің даралығын дәлелдеу қай адамның да асқақ арманы ғой. Оңтүстікқазақстандық талантты әнші қыз Мөлдір Бақытжанқызы соңғы бірер жылда талайлардың арманына айналған заңғар асуларды бірінен кейін бірін бағындырып үлгерді. 10 жасында Германиядан Гран-при иеленіп, олжалы оралса, Испаниядағы дүбірлі додада “Алтын дауыс” номинациясын жеңіп алды. Америкаға аттанып,  әлемнің әр тарапындағы 60-тан астам мемлекеттен өңкей жұлдыздар жиналған Голливудтағы өнер біріншілігіне қатысқан еді. Майкл Джексон, Уитни Хъюстон, Брюс Спрингстен сияқты  атағынан ат үркетін танымал адамдар қазылық жасаған өнер біріншілігінде  бір ғана  вокал жанры бойынша  4 мыңнан аса үміткер бағын сынапты. Осы 4 мың саңлақтың арасында  асығы алшы тұрған Мөлдір Гран-при мен алтын медаль алуға лайықты деп танылып, төрткүл дүние көз тіккен байқауда  ұлтымызды ұлықтағанына қалай қуанбассың?! 

Атақты “Оскар” жүлдесі тапсырылатын “Полладиумда” өтетін гала-концертке қатысу үшін үш турдан 5 алтын медаль алып, жолдамаға қол жеткізу қазақтың қаршадай қызына оңай соқты дейсіз бе. Оны сын сағатта сүйеп, демеп, жанында жанталасып анасы Роза жүрді. Аналық шексіз мейірімі мен шапағатын ғана емес, продюсері ретінде ақыл-кеңесін, тәлім-тәрбиесін беруге  есепсіз тер төгіп келе жатқан Роза  10 айлық сәбиін үйіне қалдырып,  мұхиттың арғы жағына үмітін үкілеген қызымен бірге барып қайтты. Бұған қажымайтын қаншама күш-қайратпен қоса қыруар қаржының қажеттігі де түсінікті. Абырой болғанда қарақан бастың емес тұтас ұлттың өнердегі тұғырын биіктететін байқаудың қадыр-қасиетін ұға білген жомарт жүректі жанашыр азаматтар қол ұшын созды. Ағайын-туыс та жәрдемдесті. Шағалалы Шардарада  кіндік қаны тамған талассыз талант иесіне қолдау таныту мақсатында сол кездегі  аудан әкімі  Серік Ибадуллаев арнайы акция ұйымдастырды. “Марсель-су” ЖШС-ның президенті  Махмуд Нәлібаев бас демеуші болып қана қоймай, Америкаға өзі де ілесіп барды. Махмуд Нәлібаевтың қызы Сиви де осы байқаудағы эстрада жанрының бәсекесінде қола медальды қанжығасына байлағанын атап айту қажет. Әнге әуестігі 5 жасар бүлдіршін кезінен басталған  Мөлдір Бақытжанқызы 5-18 жас аралығындағы тек таңдаулылар жіберілген  өнер додасында орыстың “Ты не пой, душа, девица” романсын, итальян тіліндегі Денцаның “Дивные очи” мен Лучано Повороттидің “Мама” әндерін және Дж.Вердидің  “Сицилийская вечерня” операсынан “Еленаның болеросын” нәшіне келтіре орындауын нағыз шеберлік десек жарасады. 

Әсіресе бұлбұл құстай сайрай жөнеліп, Латиф Хамидидің “Бұлбұлын”  шарықтатып шырқағанда көрермен қауым ұзақ уақыт қол шапалақтап тұрыпты. «Бұлбұлды»шырқаған қыздың өзі де бұлбұл екен деп бірауыздан баға беріпті. Мұны өнердің құдіреті арқасында  қазақ халқына көрсетілген риясыз құрмет деуге болады. Өнерімен ұлтын өрге сүйреген, биыл енді 15 жасқа толып отырған Мөлдірдің әлі талай шыңдарға шығатынына сенім артып, тфә, тфә, тіл-көзіміз тасқа дейікші.

Кіндігіңізді кім кесті?
«Сәт» триосы - тағдыр шыңдаған таланттар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу