Оралбай Әбдікәрімовтің бір тақырыпқа қайта-қайта орала беретіні несі?

Oinet.kz 23-10-2009 699

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов Оңтүстіктің шенеуніктеріне қарсы тағы «шабуылға» шықты. Бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «атака» жасады. Тағы дегенімізді тарқатып айтсақ облыс әкімі Асқар Мырзахметов Астанаға барып басқаның емес дәл осы партияның, осы қоғамдық кеңестің алдында есеп беріп қайтып бұл мәселе де қозғалғанына көп уақыт өте қойған жоқ еді.  Сондағы талқыланған мәселеге Оралбай Әбдікәрімовтің қайтадан оралып отырғаны, әлдеқашан «болары болып, бояуы сіңген», әбден жауыр болған таптаурын тақырыпты жаңаша жаңғырта беруден жалықпауы неліктен? Оны әлдекімдердің тапсырысымен жұмыс істейді дейтін жұрттың аузындағы алыпқашпа әңгіме жел сөз бе, жөн сөз бе? Сонымен Орекеңнің «Айқын» газетіндегі сұхбатынан үзінді келтірсек былай дейді: 

Screenshot_3.jpg

- Елбасы бір рет сыбайлас жемқорлықпен "қармаққа түскен" адамдар үшін мемлекеттік қызметке заң жүзінде жолдың жабылуын ұсынды. Өкінішке қарай, бізде жемқорлық қылмыс жасаған шенеуніктер арасында араға бірер жыл салып мемлекеттік қызметке қайта келіп жатқандар көп. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Болатбек Әлиев сотталып, 3 жыл жазасын өтеген адам. Неге ол басқару орынтағына отыру керек? Оған кім жол беріп отыр? Бұл - "Мемлекеттік қызмет туралы" заңды аяқасты ету деген сөз. Былай алып қарасақ, оның моральдық құқы да жоқ емес пе? 

Осы облыстың Шымкент қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің бастығы Тәжібай Егетаев та сотталған. 1990 жылдың маусым айынан 1997 жылдың ақпан айына дейін түрмеде жазасын өтеген. Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімдігінің аппарат жетекшісі - К.Қадырбеков пен қалалық білім беру бөлімінің бастығы - Ғ.Нысанов жемқорлық туралы заңды бұзғаны үшін қызметтерінен босатылса, бір айдан кейін олардың бірі - облыстық өндірістік департаментінің бөлім бастығы, ал екіншісі - орта білім беру мекемесінің директоры сияқты жауапты қызметтің "креслосына" қонжиған». 

Сіз не дейсіз?

Болатбек Әлиев, облыс әкімінің орынбасары:

«Кімнің құқық бұзғанына төрелікті заң айтады»

- Маған ондай айып тағылғаны рас. Мен сол айыптауға келіспей заңға сәйкес өз құқығымды қорғап, төрелік сұраған адаммын. Кімнің құқық бұзғанына, кезінде қаншалықты дұрыс-бұрыс кінә тағылғанына төрелікті заң айтады. Заң органдары бәрін жіті тексеріп, өз шешімін шығарды. Құжаттарым мемлекеттік қызметке тұрардың алдында құрығы ұзын құзырлы мекемелердің сүзгісінен тағы өтті. Сенім артылып халыққа қызмет ету жауапкершілігі жүктелген соң қазіргі жұмысымның тізгінін ұстау, күткен үмітті ақтауға ұмтылу азаматтық парызым деп білемін.

Ғабит Нысанов, Түлкібас агробизнес және туризм колледжінің директоры: 

«Тексерілмеген, шындыққа жанаспайтын ақпарат»

- Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Нұр Отан» партиясының жанындағы  жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық  кеңестің алдында есеп беруден бұрын Оңтүстікке Мұрат Қалматаев бастаған тексеру комиссиясының келіп кеткенінен хабарым бар. Сол кезде  «Нұр Отандағы» «достарымыз» біз жайлы фактілерді беріп жіберген. Сол мәлімет Оралбай Әбдікәрімовке де жеткен. Ал шын мәнінде бізді жұмыстан сыбайлас жемқорлыққа қатысты ешкім босатқан емес. Керімхан Қадырбеков екеуміз өз еркімізбен жұмыстан кету жайлы арыз жазып, облыс әкімдігінің активінде де айттық. Ол арызда «маған жала жабылғандықтан  сотқа беріп жатырмын. Қызметіме зияны тимесін деп «отставкаға» шығуды жөн көрдім. Сотта ақталған соң мемлекеттік қызметке қайтып ораламын» деген сөздер бар. Прокуратура мен қаржы полициясы жан-жақты тексерді, қызметімізден ешқандай заңсыздық тапқан жоқ. Кемшілігіміз болса бұрыннан-ақ жазамызды тартатын едік. Ал енді ескі тірліктерді «нұротандықтар»  көпшіліктің талқысына тағы да шығарып отыр. Кезінде бұл мәселе бойынша облыстың бұрынғы әкімі Нұрғали Әшімовке екі рет арыз жаздық. Бірінде «соттың шешімін күтейік» деді. Екінші арызымыз сол күйі жауапсыз қалды.  

Қыркүйек айының басында Қадырбеков екеумізді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына шақыртты. Әкім Асқар Мырзахметовтың өзі барлық құжаттармен мұқият танысып шыққан соң біздің мәселеміз күн тәртібінен мүлдем алынып тасталды. Тағы да арыз жазып қалдырып кеттік. Бірақ содан бері әлі хабар жоқ. Қалай дегенмен де, тексерілмеген, шындыққа жанаспайтын  ақпараттың таралуы дұрыс болмады.   

P.S: Ғабит Нысановтың уәжінде Керімхан Қадырбеков жайлы да ақпарат қамтылғандықтан онымен де тілдесіп қайталанған ой-пікірдің жарияланғанын жөн көрмедік.

"Рейтинг" газеті №38, 23 қазан 2009 жыл

ҰБТ тапсыру форматы өзгермек
Қонаевтың аты қайтарылды. Мырзахметов қателікті түзетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу