Кәрім Мәсімов. Кім?

Oinet.kz 21-06-2012 2895

Мәсімовтың премьерлік қызметі алтыншы жылға ұласып барады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында дәл осындай «өміршең» үкімет жетекшісі болмапты. Шынында да, Мәсімовтей «айы оңынан туғыш» сәтті саясаткер Қазақстанда жоқ шығар.  Соңғы бес жылда дүр сілкіндірген саяси, экономикалық және қылмыстық талай оқиға аз болды дейсіз бе?  Президенттің те қазіргі министрлер кабинеті тарапына өткір сындар айтқан кездері болды. Саясаттың «жілігін шағып, майын ішкен» сарапшылар мен сәуегейлер «Мәсімов бұл жолы анық кетеді» деген сыңайда талай болжам жасаған. «Мәсімовтың миссиясы осыменен тәмам» деп көсемсігендер де табылып жатты. Бос әуре екен. Мәсімов өз орнында. Мұртын балта шаппайды. Әйтеуір, қандай-да қиындық болмасын,  кейіпкеріміз аман-есен  күлімсіреген күйі құтылып кете салатын қасиетімен,  «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» қабілетімен көпшілікті   таңқалдырумен келеді.  Сондықтан да, Мәсімовке  қызыға да, қызғана да қарайтындар көп.

Қарапайым жүріс-тұрысымен, сөйлеген сөзімен  кез-келген адамды баурап алып, өзі жайлы жақсы пікір қалыптастыру Мәсімовтің қолынан келетін іс. Демократияшыл, ешкімге арамдық ойламайтын, бойында ақсүйекке тән қасиеті бар ашық-жарқын адам - премьердің имиджі осы. Оның интернетте жеке блогын жүргізіп, твиттер арқылы ой-пікірлерін жариялап отыратыны, тіпті «өзге жұрт мені «Масяня» деп атайтынын білемін» деп жымиғаны  қарапайымдылығын арттыра түскендей. Дегенмен, Мәсімовтің шынайы бет-бейнесі мүлдем басқа екеніне  күмән келтірмей-ақ қойыңыз. 

Screenshot_3.jpg

Кәрім Мәсімов – отандық саяси элитадағы ең ашық та демократияшыл саясаткер болып көрінгісі келгенімен, оның өмірі, саясатта жүріп өткен жолы түрлі құпияларға толы. Басқасын былай қойғанда,  ұлтының кім екені төңірегінде 5 жылдан бері талас жүріп жатуы көп жайды аңғартпай ма? Ресми биографиясында «қазақ» деп жазылғанымен, бірқатар дерек көздері Кәрім Мәсімовтің ұйғыр екенін растайды. Үкімет жетекшісінің биографиясындағы және бір «көлеңкелі тұсы» – оның кезінде атышулы КГБ, яғни мемлекеттік қауіпсіздік комитетімен арадағы тығыз байланысы. Осыдан біраз уақыт бұрын бірқатар интернет сайттарда «Мәсімов - «Нұрбану» деген лақап атпен шпион-агент болып қызмет атқарған» деген  ақпарат тарады.  

«Нұрбану»  - ұйғыр және татар халқында  жиі кездесетін әйел есімі. Интернеттегі дереккөзі таратқан дерекке  сенсек,  Нұрбану - Кәрімнің  әжесі екен.  Әдетте шпионажбен шұғылданған агенттер көпшіліктің көзіне түспейді, олардың саясатқа ауысуы да тым сирек жайт. Бірақ, сірескен сеңді бұзған Кәрім Мәсімов қатардағы агент деңгейінен Қазақстанның премьер-министрі дәрежесіне көтерілді. Онымен шектелмей, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірден-бір «өміршең»   үкімет жетекшісіне айналды.  

Дерек көздері рас болса, КГБ-ның Кәрім Мәсімовке деген қызығушылығы ол 10 сыныпта оқып жүргенінде-ақ туындапты. Тып-тыныш, өзімен-өзі жүретін, сонымен бірге математикалық қабілеті жоғары, демек логикалық ойлай білу қолынан келетін оқушы барлау қызметі үшін таптырмайтын олжа. Алматыдағы атақты физика-математикалық мектепте оқып жүрген жерінен Кәрім КГБ-ның арнайы жоғарғы мектебінің техникалық факультетіне жіберіледі.  Бірақ, Мәсімовтің көздегені контрбарлау (контрразведка) факультеті болатын. Оған ауысу жайлы рапорт бергенімен, өтініші қанағаттандырылмады. Бұдан соң Кәрім әскерге кетті, одан оралған соң Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетіне түсті. Экономика мен құқық мамандығы бойынша тәлім алып жатқан ол қосымша ағылшын және араб тілдерін меңгеруге ден қойды. Ал бірнеше жылдан соң кенет Қытайға аттанады. Пекин шет тілдері институты мен Ухань университетінде үш жылдан астам уақыт оқып, агентуралық қызметке тартыла бастағанын айғақтайтын деректер бар. Мәсімов келешегіне байланысты біраз жоспар құра бастағанымен, КСРО-ның ыдырауы бұл ойларын жоққа шығарды.  

Әйткенмен, оған мұңаятын Мәсімов пе? 90-шы жылдардың басында ол бизнес саласына араласа бастады. Бұрынғы байланыстарын пайдаланып,  түрлі-түсті металл экспортын жолға қояды. Негізгі бизнес-мүдделері Қытай мен Гонконгта болуы тегін емес. Бұл Мәсімов арқылы Қазақстандағы Қытай лоббиінің басы ғана еді. Бірқатар фирмаларды басқарған соң Мәсімов  Қаппаров, Өтемұратов пен Құлыбаев құрған банкте жұмыс істеді.

Кәрім Қажымқанұлының Үкіметтегі карьерасы 2000-жылы басталған. Көлік және коммуникация министрі болып тағайындалған ол көп ұзамай вице-премьерлікке дейін өсті. 2007 жылға дейінгі аралықта үш премьердің орынбасарлығы қызметін атқарып үлгерген Мәсімов ақыры Үкімет жетекшілігіне келді.

Шын мәнінде Мәсімовтің саяси амбициясы өт-е-е жоғары. Бұған көз жеткізу үшін премьердің биографиясына назар аударсаңыз жеткілікті. Мәсімов көздеген мақсатының қандай екенін жақсы жасыра біледі. Әр жүрісін ойлап барып басатын ол қарсыластарын білдірмей,  жанжалдасуға бармастан-ақ жеңе біледі. Мәсімовтің бұл тактикасын саясаткерлер мен сарапшылар әлдеқашан байқаған. Айталық, шетелге қашып кеткен Мұхтар Аблязов сұхбаттарының бірінде «Мәсімов өте  айлакер әрі қу ешқашан дөрекілікке бармайды, ішіндегісін сыртқа шығармайды» деп сипаттады.   Ашық жанжалға бармаса да Кәрім Қажымқанұлы дегеніне жете білетін адам. Бір ғана мысал.  Алғашында Мәсімов отандық олигарх, миллиардер  Құлыбаевтың «қуыршағы» ретінде қабылданған. Бірнеше жыл өте Мәсімов «патронынан» да мықты болып шыға келді. Мұның қалай болғанын Тимур Асқарұлының өзі де түсінбей қалған тәрізді. Әйтеуір, кеше ғана «сіз» деп қолқа салып жүрген Мәсімов енді Құлыбаевпен тең дәрежеде сөйлесетін болды.  Тіпті Кәрім Мәсімовтің қасында  енді қазақстандық миллиардердің өзі әлсірей бастағандай ма, қалай өзі... Оның үстіне, қазір үкімет жетекшісінің қолында мықты медиа-ресурстар шоғырланған.  

Бұдан шығатын жалғыз қорытынды – Мәсімов әр қадамын жеті рет емес, жетпіс жеті рет өлшеп барып басатын кәнігі стратег-саясаткер. Базбір сарапшылардың пікірінше, Мәсімов  Елбасына қалай ықпал ету керектігін жақсы меңгеріп алған. Президентке айтар сөзін тікелей емес, астыртын, жанама түрде өткізіп, сол арқылы өзіне тиімді шешімдердің қабылдануына қол жеткізеді. Кәрім Қажымқанұлының саясат алаңындағы сәтті жүрісіне тікелей әсер еткен тағы бір жайт оның атышулы «Қазақгейт» дауының шешілуінде шешуші роль атқарғаны. Қалай болғанда да, бүгінгі таңда Қазақстанда Кәрім Мәсімовтің пікірімен санаспайтын адам жоқ.

Жалпы, Мәсімовке қатысты компромат өте аз. Бұл премьердің төңірегінде мықты пиар-команданың жұмыс істеп жатқанын айғақтайды. Әйткенмен, кейбір жайсыз ақпараттың интернетке шығып кеткен жайы бар. Кәрім жұбайы Дилярам екеуі үш баланы тәрбиелеп өсіргені белгілі. Қайбір жылы Дилярам атты қызына Сингапурде құны 7,5 миллион долларды құрайтын элиталық пәтердің сатып алынғаны жайында дерек шықты. 

Әрине, премьер-министр Мәсімовтің ел президенттігі қызметіне  иегі қыши қоймас (бірақ, кім біледі...). Үкімет жетекшілігі  - әкеден қалған мұра емес қой, күндердің күнінде Мәсімов те қызметімен қоштасар. Бұл жағдайда сарапшылар премьер Қазақстанның екінші үкіметі саналатын  «Самұрық-Қазына» қорының басшылығына, не Алматы қаласы әкімі лауазымына ауысуы мүмкін деп санайды.  Айтпақшы, әке демекші,

Айтпақшы, Кәрімнің әкесі Қажымқанның да есімі елге кеңінен танымал. Кезінде Қажымқан ақсақал «Рейтинг» газетіне сұхбат беріп, премьер ұлын бизнесіне араластырып, пендешілікке бармайтынын шегелеп айтқан болатын. Бірақ, Қажымқан Мәсімовтың бірқатар даулы мәселелерге қатысы болып шығып, әсіресе Шымкентті талай шулатқан. Оған наразылығын жасырмаған  бір топ шымкенттіктер Қажымқаннан алданғанын айтып, сонау Астанаға дейін барғаны ел есінде. Айтайын дегеніміз, «жеміс ағаштан алысқа түспейді» деген қазақтың мақалы ғой...

Аслан Мусин. Кім?
Нұртай Әбіқаев. Кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу