Түркістандықтар Президенттің қолына аса таяқ ұстатып, иығына шапан жапты

Oinet.kz 27-05-2010 1001

Screenshot_6.jpg

Осы аптадағы үлкен жаңалықтың бірі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Абдулла Гүлдің қасиетті Түркістан қаласында бас қосуы болды.

 Жалпы, түбіміз бір, тарихымыз ортақ түрік халқымен арадағы қарым-қатынас Тәуелсіздіктің таңынан бастау алады. Қазақстанның азат, өзгелермен терезесі тең мемлекет екенін әлемде алғаш болып таныған да Анадолы елі болатын. Өткен жиырма жыл ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынас барлық салада тереңдеп келеді.  Бауырлас екі елдің басшылары түркі халықтары арасындағы рухани байланыстың, достықтың дәнекері болған Түркістандағы  Қожа Ахмет Ясауаи атындағы қазақ-түрік университетінде бас қосты. Облыстық мәслихаттың депутаты, іскер басшы Лесбек Тәшімов тізгінін ұстаған оқу орнының өркендеуге қалай бет бұрғанына куә болды. 

Жексенбі күні Шымкентке ат басын бұрған Елбасы Абай саябағындағы Ұлы Жеңістің 65 жылығына арнап ашылған «Даңқ» мемориалымен және «Қазығұрт» мөлтекауданындағы жаңадан салынған 1200 орындық мектептің құрылысымен танысқан соң Шымкент әуежайында Түркия президенті Абдулла Гүлді күтіп алды. Бұдан кейін Түркістанға аттанған Қазақстан мен Түркия президенттері  ең әуелі халықаралық қазақ-түрік университетіне табан тіреді. Оқу орны жанындағы ашылған клиникалық-диагностикалық орталықтың жұмысын көзбен көрді. Мұнан соң екі ел президенттері болашақта 400 мың кітап қорынан тұратын кітапхананың алғашқы іргетасын қалады. 

Бұдан бөлек оқу  орнының жанынан  арнайы  қалашық салынады деп жоспарланып отыр. Тұтас кешенде 1850 орынға лайықталған жатақхана, оқытушылардың жатын орны, зертхана секілді қажетті нысандардың барлығы қамтылмақ. Қазірдің өзінде университетке 14 мемлекеттен келген жастар білім алады екен. Елбасы өз сөзінде құлашын кеңге жайып келе жатқан білім ордасында тек санға ғана емес сапаға назар аудару қажеттігін атап өтті.

– Түркия – біздің тәуелсіздігімізді жариялаған сәттен бері сенімді стратегиялық серіктесіміз. Біз түрік елінің айнымас достық пейілі мен ыстық ықыласын жоғары бағалаймыз. Баршаңыз білесіздер, бауырлас екі елді байланыстыратын тұстар аз емес. Бәріміз байырғы баба – батыр түркінің кіндігінен өсіп-өнген ұрпақпыз. Тіліміз жақын, тілегіміз бір. Тағ­дырымыз ұқсас, тарихымыз ортақ. Жер арасы шалғай болғанымен, ғасырлар қойнауынан үзілмей жеткен асыл құндылықтарымыз алтын арқаудай бізді етене жақындастырады.Түркия арасындағы ынтымақтастық жыл сайын барлық салада барынша тереңдей түсуде. Қалтқысыз қарым-қатынастарымыздың айшықты бір көрінісі – осы оқу орны. Ұлы ақын, ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атын иеленген бұл университет – түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық университет. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап мен Түркістанды қайта түлету идеясын көтеріп, оны жүзеге асыруға ден қойдым. Сондықтан, Түркістандағы университет 1992 жылы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылды, деді Қазақстан Президенті Университетте қазір 22 мыңға жуық жас 91 мамандық бойынша білім алуда. Қазақстан 2002 жылдан бері Түркия мен өзге де түркі тілдес елдердің талапкерлері үшін осы білім ордасына жыл сайын тұрақты түрде 200 мемлекеттік білім грантын тағайындайды. ХҚТУ-дың халықтарымыздың білім беру саласында, өзара мәдени-рухани тұрғыдан жақындаса түсуінде маңызы орасан. Ол кезінде адамзатқа Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды әлемдік деңгейдегі ғұламаларды тарту еткен өңірдің қайта түлеуіне, жалпы өлкенің дамуына оң септігін тигізіп отыр. Бүгінде университет түркі тілдес елдердің білім іздеген талапты жастарының табысатын құтты орнына айналды. Мұнда әлемнің 14 мемлекетінен келген шәкірттер білім алуда. Олар түркі халықтарына ортақ дәстүр болған ізгілік ілімін озық ғылыммен ұштастыра түсуде. Оқу орнын бітірген түлектер Қазақстан мен Түркияда ғана емес, еліміздің ерікті елшілері ретінде ТМД және Еуропа елдерінде түрлі салалар бойынша жемісті еңбек етіп жүр.

 Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи университетінің маманымын деген кезде оған барлық жерде сұраныс болуы керек. Біз Түркия Президенті Абдуллах екеуміз университет басшыларының, Қазақстанның Білім министрінің  алдына осындай мақсат қойып отырмыз,-- деді Н.Назарбаев.

Бұдан кейін Елбасы Түркияның Түркістан өңірін түлетуде қосқан үлесі үшін Түркия еліне ризашылығын білдірді. Көне де тарихи қаладағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген, түркі елінің жәуһары-- Қожа Ахмет Ясауи кесенесін Түркия күрделі жөндеуден өткізіп берді. Ұлы бабаның атындағы университеттің ғимаратын салуда да Түркия қомақты үлес қосты. «Ағайын арасындағы мұндай көңіл сүйсінтетін абзал істер аз емес. Былтыр біз Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін құру туралы келісімге қол жеткіздік. Енді Астанада халықтарымыздың және ортақ жалпы түркі мәдени мұраларын әлем деңгейінде насихаттап, таныту мақсатында Түркі әлемі академиясы ашылғалы отыр. Мені бір кезде түркі әлемінің мәдени-рухани мұраларын бірлесіп зерттеу туралы айтқан ойларымның іс жүзіне аса бастағаны қуантады. Жалпы, Қазақстан жоғары оқу орындарында қазіргі кезде Түркияның 450 азаматы оқып жатыр. Ал Түркияда 1992 жылдан бері 3000-нан астам қазақстандық талапкер білім алды. Осы жылдар ішінде қазақ-түрік лицейлерінің 300-ге жуық шәкірттері халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. Білімді елдің болашағы жарқын. Мен қай дәуірде болса да, ең сенімді инвестиция – адам ресурстарына салынған қаражат деп есептеймін,--деді Елбасы. 

Салтанатты жиын барысында Абдулла Гүлге екі мемлекетаралық қарым-қатынас, білім беру, мәдениет салаларындағы жасаған қажырлы еңбегіне орай университет сенатының шешімімен Қ.А.Ясауи университетінің халықаралық қатынастар саласы бойынша құрметті профессоры атағы беріліп, оған оқу орны басшылығы мантия кигізіп, диплом табыс етті.

Түркістан топырағына алғаш рет келіп, көңілі тоқып тұрғанын жеткізген Абдулла Гүл өз сөзінде қасиетті қаланың бүкіл түркі халқының алтын бесігі екенін тілге тиек етті. 

--Былтыр Нахчыванда өткен кездесуде Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесін құру туралы келісімге келгендерін айтты. Енді Астанада Түркі әлемі академиясы ашылғалы жатыр. Осындай туысқандық байланыстардың бастауында біздің қадірлі азаматымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Қазақстан бүгінде Орталық Азия елдері ішінде экономикасы, әлеуеті дамыған, әлем таныған мемлекет болып дараланды. Мен Түркия елшілігінде өткен кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі елдерін біріктірудегі қажырлы еңбегін бағалап, түркі әлемінің көшбасшысы деген атаққа лайық екендігін айтқан едім. Алайда, Қазақстан басшысы ұсынысымды қолдаған жоқ. Бірақ, мен де өз ұстанымымнан қайтпаймын,--деген Абудлла Гүл осы сөзінің айғағы ретінде Елбасының қолына асатаяқ ұстатып, иығына шапан жапты.

Түркия мен Қазақстан басшыларының ресми сапары бұдан кейін Астанада жалғасты. 

Oinet.kz мұрағатынан

Мырзахметов еккізген көшеттер көктей солып жатыр
Шымкенттің мэрі мен танымал әнші Назима бір-біріне рахмет айтты (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу