Мырзахметов еккізген көшеттер көктей солып жатыр

Oinet.kz 20-05-2010 862

Screenshot_1.jpg

«Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» деген осы шығар, былтыр қоңыр күзде ОҚО басшысы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қала сыртынан 1000 гектар аймаққа 400 мыңнан астам ағаш көшеттері отырығызылған болатын. «Жасыл желек аймағы» деген атауға ие болған осы игі істі сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары «Оңтүстік орманды өлкеге айналады» деп жазғаны да есімізде қалыпты. Әрине, Елбасымыздың өзі жариялаған  «Жасыл ел» бағдарламасының аясында қолға алынған бұл тірлік қуаттауға, қолдауға тұрарлық. Неге қолдамасқа, егер қаланың қалдық сулары төгілетін аумақтан орын тепкен  «Жасыл желек» күннен күнге қос өкпесі қысылып бара жатқан қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, қаланың  көркіне көрік қосып жатса?! Мұны бір реттік науқан немесе алаулатып-жалаулатып басталып артынан, зым-зия, жым-жылас болатын шара деуге де болмайды. Ауқымы кең, болашағы бар жоба. Келешекте бұл аймақтағы көшеттердің көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайту көзделгені кезінде газет-журналда жазылып, теледидардан көрсетіліп те жатты. Бірақ... Асқар Исабекұлының тәп-тәуір бастамасымен егілген көшеттер  көктей солып жатыр.  «Жасыл желек» аймағында тиісті деңгейде бақылау болмауынан жас көшеттердің барлығына дерлік қурап кету қаупі туып тұр. Қурап та жатыр.

 Дәл қазір егілген  400 мың көшеттің 57 мыңы көктей солды. Оларды күтіп-баптау, суару жұмыстарын мойнына алған бас мердігер «ЛТД Тұрмыс» ЖШ-і «суға кеткен тал қармайдының» кебін құшып тұр. Күн сайын мекеменің  екі жүзге жуық (Бұл мекеме қызметкерлерінің 60-70 пайызын құрайды) көше сыпырушылары қолдарына шелек алып, әр көшеттің түбіне су құюмен әуре. Тірлікті бұлай жалғастыра беру мүмкін емес. 

Сонда көшеттер егілген аймаққа суландыру жүйесін жүргізу үшін бюджеттен бөлінген 70 миллион теңгенің қайда кетті?  

Мұны алғашқылардың бірі болып Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары көтеріп, осы жөнінде тексеру жұмыстарын жүргізді. Егер тексеру болмағанда сорақы жайттардың барлығы жабулы қазан жабулы қазан күйінде қалуы әбден мүмкін екен.  Халық қалауларынан құрылған тексеру тобының құрамында болған, су жүйесі саласының білікті маманы Нұриддин Жарболов біраз жайттың бетін ашты. Оның айтуынша, о баста «Жасыл желектегі» көшеттерді суаратын жүйенің жобасында көптеген шикіліктер кеткен. Тіпті, кәнігі су мамандарының өздері де жобалаушылардың көшеттерді қандай тәсілмен суармақ болғанын түсіне алмапты. Не жүйектеп суаруға, не тамшылатып суаруға келмейді. Әйтеуір, омбай-домбай тірлік. 

-- «Жасыл желек» аймағы 50 метр биіктікте жатыр. Бұл жерге су шығару оңай емес. Осы жағы жобада ескерілмеген,--дейді Н.Жарболов. 

Екіншіден, суды қуалайтын дизельді насостар талапқа сәйкес емес. Дизельді насостар электер энергиясына қарағанда шығынды 4 есе көп қажет етеді. Яғни, жобада тиімділік талаптары назардан тыс қалған деген сөз. 

Бұдан да сорақысы, шикі-шала жоба ешкімнің сүзгісінен өтпей, өндіріске жолдама алған. Оны жүзеге асыру «LD-Group» компаниясының еншісіне бұйырғаны «бармақ басты, көз қысты» әрекеттен туындады ма, ол жағы белгісіз. Белгілісі, қазір анықталғандай, компанияның жүргізген полэтилен су құбырлары мемлекеттік стандарттарға сәйкес болмай шықты. Күмәнді. Сынақтан өткізілмеген. Оның үстіне компанияның бастаған істі ортасына дейін әкеліп, аяқсыз тастап кеткен. Бірақ осыған қарамастан оған 17 миллион теңге қаржы төленген. Ал, жұмысты «Зейнет-құрылыс» компаниясы аяқтайды. Аяқталған жұмыстар қабылдаудан өткен. Ал, енді бүгінде төселген құбырлар қысымға шыдас бермей шетінен жарылып жатыр. Көзбояу тірлікке ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамағаны осыдан кейін-ақ белгілі емес пе?  

Айтқандай, жоғарыдағы жұмыстардың барлығына тапсырыс беруші Шымкент қалалық әкімдігінің коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, және автомбиль жолдары бөлімі. 

--Мердігерлермен келісім-шарт жасасқан жауапты басшылар бүгінде қызметтерінен кеткен. Бірақ кейінгі басшылардың да неге бақылау жасамағаны түсініксіз--дейді халық қалаулылары. 

Осы аптада бір топ қалалық мәслихаттың депутаттары «Жасыл желек» аймағының жағдайына байланысты мәселе көтеріп, бас мердігер «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-інің басшыларын түсінік беруге шақырған. Бірақ құрылғанынан бар-жоғы үш-төрт жыл өтсе де басшысы он мәрте ауысқан мекеменің директоры келмеді. Келесі жиын алдағы дүйсенбіге белгіленіп отыр. Ал әзірге егілген 400 мың көшеттің 57 мыңы қурап кетті. Ертең шіліңгір шілдеде жағдайдың қалай болары белгісіз. «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-і бұл кезде қызметкерлерін түгел жұмылдырса да шелекпен су тасып «Жасыл желекті» құтқарып қала алмасы айдан анық. Сонда бүкіл жұртшылық болып еткен еңбектің еш, тұзы сор болғаны ма? Обал-ақ.

P.S. Айтқандай өткен нөмірлеріміздің бірінде біз Шымкенттің күншығыс бөлігіндегі  аты бар да заты жоқ «Астана» саябағы туралы ащы шындықты жазған едік. Шымкент қалалық әкімдігінің әуелі саябақ құру туралы шешім шығарып, артынан ол жерді жекелеген тұрғындарға құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін беріп жібергені, артынан жоқ саябақты күтіп-баптауға қаржы бөліп, мердігерлермен келісім-шарт жасасқаны бүгінде  ел арасында гу-гу әңгімелерге тамызық болып жатыр. «Жасыл желек» те соның кебін кимесе деңіз. 

Нұрғазы БҰХАРБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

--«Жасыл желек» аймағында көшеттердің жалпықалалық сенбілік кезінде егілгені белгілі. Бірақ соған қарамастан ағаш егу жұмыстарына бөлінген қаржы «ЛТД Тұрмыс» мекемесі мен мердігер компанияларға төленген. Бұл қалай? 

Мердігер компаниялардың су жүйелерін орнату жұмыстарына қалай тартылғаны түсініксіз. Олардың бұл жұмыстарды атқаруға ешқандай лицензиясы жоқ. Құбыр жүргізу жұмыстарын қолында тек патенті бар тракторшылар да атқара берген. Осының бәріне неге бақылау болмаған?

Дәл қазіргі уақытта көшеттерді «ЛТД Тұрмыс» мекемесінің қызметкерлері шелекпен суарып жатыр. Бұл кімнің есебінен жүргізіліп жатқаны белгісіз. Сонда қалай, мекеменің қызметкерлері көшет суарады, ал жалақыны көше сыпырғаны үшін алады ма?

О бастағы су жүйелерінің жобасын кім әзірлеген? Жобадағы қателіктер кезінде неге анықталмаған? 

Қурап кеткен 57 мың көшеттің құнын енді кім төлейді? Әр көшеттің бағасы 187 теңге. Барлық шығынды есептесеңіз 10 миллион теңгені құрайды. Бұл жұмыстарға бюджеттен қосымша 42 миллион теңгенің не үшін бөлінгені де жұмбақ? Алдағы өтетін жиында осы мәселелерден өзге «ЛТД Тұрмыс» мекемесінің директорын қызметінен алу туралы мәселені де қозғамақпыз.   

"Oinet.kz"  мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Әкімдерге пайдасыз шараларды күрт азайту тапсырылды
Түркістандықтар Президенттің қолына аса таяқ ұстатып, иығына шапан жапты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу