Нұрлан Сейітжаппаров: Меморандум-коррупцияның бір түрі

Oinet.kz 20-01-2011 933

Screenshot_8.jpg

Сіз облыстық мәслихаттағы «арпа ішінде бір бидай» болып жүрген, дәлірегі биліктің партиясы есептелетін өңкей «нұротандық» депутаттардың арасында оппозицияның атынан ат қосып, бағы жанған жалғыз адамсыз. 

- Сөзіңді бөлейін, әрі қарай айтпасаң да сұрағыңның төркінін түсіндім. Бір нәрсені сендер де, оқырман да түсінсін. «Нұр Отан» партиясының да, оппозициялық  партияның да мүшелері  -  осы елдің азаматтары. Олардың елге жаны ашиды ма, халықтың жағдайын біледі ме, әрекет жасайды ма  - мәселе сонда.  «Нұр Отан» партиясының қандай да мүшесі осы бағытта жұмыс істесе оны қоштауға, қасында болуға мен әр уақытта дайынмын. Биліктің кемшіліктерін ашық айту керек. Бар болғаны сол ғана. Сондықтан өңкей «нұротандықтардың» арасында жүргенімнен ешқандай да қиындық  жоқ. Мәслихаттағы жігіттердің біразымен бұрыннан әріптеспіз, кезінде комсомол, компартия қатарында, кейін әкімдік қызметте бірге жұмыс істегенбіз.  

- Сайлауға деген көзқарасыңыз қандай?  

-  Осы уақытқа дейін біздің елдегі бірде-бір сайлау әділетті, ашық өткен емес.   Оны елдің барлығы біледі. Әділетті өткен тым болмаса бір сайлау бар ма, айтыңдаршы? Жоқтың есебі. «Нұр Отан» партиясы тұрғанда  әділетті сайлаудың өтуі  мүмкін емес. Себебі сайлау комиссиясы мүшелерінің барлығы  билік партиясының мүшелері. Жоғарыдан түскен тапсырманы орындамай көрсін, жұмысынан айырылады. Жалпы, сайлауға  қатысты мына мәселені  атап өткім келеді.  15 миллион қазақстандықтардың барлығы бірдей  көзқараста болуы мүмкін емес.  Мейлі, «Нұр Отан» партиясы сайлауда 80 пайыз дауыс жинасын делік. Бірақ тым болмаса халықтың 10 пайызы, 1-2 миллион адам басқаша ойлайды ғой. Ал  олардың біреуі де  парламент пен мәслихатқа өтпейді. Неге? Міне, мәселе қайда?  

- Өзіңіз айтқандай сайлау әділ өтпесе оппозициялық партияның өкілі бола тұра қалайша облыстық мәслихаттың депутаты атандыңыз? Ел әділ өтетініне сенбейтін, жиі сынайтын (оның ішінде Сіз де барсыз) сайлауда  жолыңыз болғанына қатысты әрқилы жорамал көп. Әңгіменің ашығын өзіңізден естісек. Бұл не, сіздің де биліктің сыбайластары үшін әзірлейтін «сценарийге» көнгеніңіз бе, әлде...

  -  Шынымды айтсам, биліктің мені мәслихатқа қалай жібергенін  білмеймін де... Рас, облыстық мәслихатта   50 депутат болса, соның ішінде жалғыз мен-ақ оппозициямын. Басқасының барлығы «Нұр Отанның» мүшелері. Республика бойынша жалғыз оңтүстікте осылай екен. Әрине, барлық әкімшілік ресурсты пайдаланса өткізбей қоюы да  мүмкін еді. Бірақ, билікте отырған жігіттердің көбісі мені таниды. Мүмкін, содан ұялған шығар. Одан соң мен  «радикалданып», жұртты шулатып, көшеге  шығаратын адам емеспін.  Талай жайттар болды ғой өткен сайлауда. Бірақ билік маған қатысты фальсификацияға  аса көп бармады деп есептеймін. Әйтеуір, халықпен жиі кездесу өткізіп, барлық жиындарда  шындықты айтып отырдым.   

 - «Рейтинг» газетіне берген сұхбатында облыстық мәслихаттың экс депутаты Тұрсынбек Асамбаев «ең алғашқы мәслихат сайлауы әділ өткен. Сол кезде сайлаушыларымыз кандидаттардың  ұсынған  бағдарламасына қарап дауыс берген. Кейінгі сайлауларда мәселені тек  әкімшілік ресурс пен  ақша шешіп отырды. Депутаттыққа өту үшін үміткер біреуге ақша берді, біреуге ұн жеткізіп, жол салып беру керек», деп  пікір айтқан болатын. Мұнымен келісесіз бе?  Шыныңызды айтыңызшы, сіз де осындай әрекеттерге бардыңыз ба? 

- Біліп қойыңыз, басқа кандидаттарға  бірнеше  көз қарайтын болса, оппозиция өкіліне мың көз қарайды. «Нұр Отан» партиясы не істесе де оған билік пен сайлау комиссиясы көз жұма қарайды.   Ал оппозицияға қатысты ондай болуы мүмкін емес. Жасаған әр қадамың, істеген тірлігің, әрбір айтқан сөзің қадағаланады. Бір  қателік жасап, заңға қайшы әрекетке барсам мені сол күні-ақ құртады. Енді қалай ойлайсыңдар, осыны біле отырып менің мұндай әрекеттерге баруым мүмкін бе?  Асамбаевтың айтқан сөзінің жөні бар, келісемін.  Дегенмен, облыстық мәслихатқа өз еңбегімен өткен, елге жаны ашитын  азаматтар да жоқ емес. Мәселен, Қайрат Сапарбаев, Аманолла Раманқұл сияқты жігіттер қашан да өз пікірін ашық айтып отырады.  

 -  Демек,  қазіргі мәслихаттың құрамында депутаттық мандатты  қор қылып отырған әріптестеріңіздің  барын мойындайсыз ғой? 

- Біріншіден, өз әріптестерімді сынауға менің ешқандай құқым жоқ. Менің  баға беруім  дұрыс емес, мәдениетке жатпайды.  Оларды сайлаған, ол рас па, жоқ па, сайлаушылар. Бағаны да солар берсін.  Бірақ, барлығы да көрініп тұр ғой.  Ел үшін маңызды да күрделі мәселе көтерілгенде кімнің қалай сөйлейтіні, қандай позиция ұстанатыны белгілі.   

 - Жұрт «қазіргі облыстық мәслихаттың құрамы бұрынғыдай емес. Ойын ашық айтатын депутаттар жоқтың қасы. Мінезсіз мәслихат кімге керек?» деген пікірді жиі айтып жүр. Осыған келісесіз бе? 

-   Толық келісемін. Себебі партиялық тәртіп бар. «Нұротандықтар» өз фракциясын құрып алған. Фракция отырысында  бір келісімге  келген соң сессияда  өз пікіріңді ашық айта алмайсың. Айтсаң партия қатарынан шығарыласың. Бұл нонсенс. Мәслихат немесе мәжілісте бірнеше фракция болса түсінемін.  Парламент, мәслихат деген -  пікір таластыратын орта.  Сайлаушылардың   жүзден бір бөлігінің болса да  даусын есту керек қой.   Билік соған назар аударып дұрыс шешім қабылдауы қажет, халықпен санасуы тиіс. Онсыз демократия жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық.  

 «Балаларым «Ата, атымызды былғадыңыз ғой»десе маған өлім ғой»

- Оңтүстікті басқарған  облыс әкімдері жайлы көзқарасыңызды білсек. 

- Әр әкім облыстың дамуына өзінің үлесін қосқан.  Мен айтайын, ең мықты команда алғашқы  әкім Марс Үркімбаевтың кезінде болды.  Өзінің пікірін айтатын, халықтың арасында өздерінің абыройы бар жігіттер жиналған еді. Естеріңізде болса, өте қиын кезең болды ғой. Халықпен тікелей жұмыс істеу керек еді.  Еңбекақы мен зейнетақы жарты жыл  бойы төленбейтін. Газ, жылу, жарық  жоқ. Марс Үркімбаев облысты осындай  қиын жағдайда  басқарды. Сол кездегі аудан, қала әкімдері ең мықты болған деп есептеймін. Себебі ешкім қорықпай, халыққа тікелей шығатын. Қандай да мәселені    халықпен бірлесіп, кеңесіп  шешетін.  Қиын заман 98-жылға дейін созылды. Тұрысбеков те  осы қиындықпен күресуге күш жұмсады.  Ал түзелуге бет бұрған оң тірлікті ең бірінші құртқан -  Абдуллаев. Өзімен бірге команда әкелемін деп, облыстың тас-талқанын шығарды. Мына фосфор зауытының мүшкіл халге түсуі  кімнің кінәсі? 14 жыл болды, фосфор зауыты талан-таражға түсіп жатыр. Қытайға да сатып жатыр, итке де сатып жатыр. Кімнің кінәсі бұл? Әрине соның. Одан кейінгі әкімдердің де облыстың дамуына сіңірген еңбегі бар. Мәселен, Бердібек  Сапарбаев   өте іскер, жұмысын білетін, шаруаны  үйлестіріп, командасын ұйымдастыра алатын намысшыл жігіт. Елге, қаракөздерге деген жанашырлығы бар. Әрине, оның да өз  кемшіліктері болды. Бірге қызмет атқарған кезде келіспейтін тұстарымды ашық айтқанмын. 

- Нақтырағына көшсеңіз.

- Сапарбаев мені алғаш рет қызметке  шақырғанда «қандай мақсатпен жұмыс істейміз» дедім. Ол «қалай сонда?» деп түсінбеді. «Қалай жұмыс істейтініңізді түсінгім келеді» дедім. Ол «адалдық, тазалық, әділдік» деп жауап қайтарды.   «Келістік, онда мен қай күні әділдік бітеді, сол күні әкімдіктен кетемін» дедім. Қай күні әділдік  бітті, мен әкімдіктен кеттім. Сапарбаевтың бір кемшілігі -  төңірегіндегі  адамдары өзінің астыртын әрекеттерін жасаудан тайсалмады. Мен сонымен келісе алмадым. Әкімдіктен кеткен себебім осы. Өкінішке қарай, алғашқы әкімдер халық үшін жұмыс істесе,  бара-бара облыс, аудан әкімдері алдына басқа мақсат қоя бастады.  Бір ғана мысал.   Бұрындары облыстың бюджетке қосар үлесі 60 пайызға жететін. Қазір қанша? 5,5 пайыз. Біз өзіміз ешнәрсе таппаймыз. Қаржының 95 пайызы  сырттан келеді. Сонда аспаннан түскен ақшаны тарату оңай ма, жоқ күнделікті еңбектеніп, табан ақы маңдай  термен табыс тауып, қазынаны толтыру ма? Міне, мәселе қайда. Ең бірінші мақсат – халыққа жұмыс орнын ашып беру, өнеркәсіпті дамыту. Қазір базарға барып көріңдер, кімдер жүр? Тепсе темір үзетін қазақтың жігіттері күннің суығында жүк  тасиды.  Оның болашағы бар ма? Мұндай аязда есі бар адам өзі шықпақ түгілі итін де далаға шығармайды. Ал біздің жас жігіттер түгілі  қыздарымыз да сол жерде азаннан кешке дейін тұр. Олар ертең қалай ана болады? Қазақтардың 80 пайыздайы базарда тұр ғой. Қане, өнеркәсіп бар ма бізде? Жоқ есебінде. Кезінде облыс орталығында 78 ірі кәсіпорын болатын. Бір ғана фосфор зауытында  7500 мың адам жұмыс істейтін.   Қорғасын зауыты, шина зауыты, пресс-автомат зауыты, мақта-тоқыма фабрикасы, «Восход» фабрикасы...  Әрқайсысы кемі 2 мың адамды жұмыспен қамтитын.  Қазір мұнай өңдеу зауытынан басқасының қайсысы жұмыс істеп тұр? Оның өзі де қытайларға сатылып кетті. Ара-тұра кішігірім кәсіпорындар ашылып жатыр, макарон зауыты дегендей. Онда әрі кеткенде 100-200 адам жұмыс істейді. Ауылға барыңыз, ауылда қандай өнеркәсіп бар? Әкімнің жұмысына бағаны қалай беру керек?   Мен  айтамын, аудан, қала әкімдерінің бірінші міндеті - жұмыс орнын ашу. Мәселен, әкім 500 орындық ірі кәсіпорын  ашты ма,  жұмыс тауып берді ме  қаракөздерге,   міне, оған рахмет. Ал әкімдер оның орнына сырттан келген  трансфертті оңды-солды таратып, қаржыны талан-тараж етуде.  Сонда бұл не болды, осы да әкім бе? Бұл мәселені мәслихаттың әр сессиясында  айтумен келемін.   Өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Әншейін даңғыра, «мынаны істеп жатырмыз, қатырып жатырмыз» деген ұрандар.    

- Қазіргі облыс әкіміне қандай баға бересіз?

- Қазір әкім өз бетінше бөлек жұмыс істей алмайды. Ол билік жүйесінің, механизмнің бір бөлігі ғана. Жүйе қалай жұмыс істесе әкім де солай. Өзіне берілген мүмкіндіктердің шегінен шыға алмайды. Әрине көп нәрсе әкімнің өзіне де, айналасындағыларға да талап қоя білуіне байланысты. Бір жылда қанша жұмыс орны ашылды, қазынаға қосқан үлесі қандай? Жаңа өнеркәсіп ашылды ма? Осыған қарап баға беру керек.  Ал қазір қойылатын талап – бюджеттен бөлінген  ақшаның игерілуі. Бұл не деген масқара. Соның өзі игерілмей жатыр ғой, бұған енді қандай  баға беруге болады? Бұл жағдайды өзгертпей біз ешқайда бара алмаймыз. Сырттан келетін ақша бір күні  таусылмай ма екен?  Жалпы, қазіргі облыс әкімінің бастамалары, істеп жатқан істеріне оң баға беремін. Бірақ билік жүйесінің ішіндегі оның мүмкіндіктері аз деп ойлаймын. Істеп жатқан істері бар, бірақ сөз көп.  Есімде, бұрын Қонаев облысқа келгенде жаңа зауыт, фабрика немесе ауылшаруашылығына қажетті үлкен каналдар ашылып жататын. Қазір ше? Саябақ, гүлзар, мектеп... Президентке көрсететін  басқа ешнәрсе жоқ болып тұр.  

- Облыс әкімінің командасына қатысты не айта аласыз?

-   Қазіргі облыс әкімінің командасының ішінен біреуі де бұрынғы командада жұмыс істей алмайтын еді. Себебі  ол кездегі талап басқа болатын. Лауазымды қызметтегі азаматтың  ең әуелі халықтың алдында беделі болуы керек. Ал қазір халық мемлекеттік қызметкерлер жайлы не дейді? Оны өздерің білесіңдер. Қазір ақшасыз   тірлік  шешілмейді. Жемқорлық жайлы бұрын да айтылатын. Шындық айтқан адамның соңына түсудің қажеті жоқ. Ол сын сөзді не үшін айтып отыр, билік осыған назар аударса халыққа жақын болар еді. Тек әкімнің, «Нұр Отанның» айтқаны деп жүре берсек алысқа бармаймыз. Бұл тығырықтан шығу өте қиын. Қанша адам ұсталып жатыр. Содан сыбайлас жемқорлық азайып жатыр ма? Жоқ. Айдаһар секілді, бір басын кессең орнына екеуі шыға келеді. 

  - Сонда бұрынғы заманда жемқорлықтың деңгейі қандай еді?

- Жемқорлық ол кезде де болған. Дұрысы жемқорлық емес, ұрлық. Ол заманда қадағалайтын органдар өте көп болатын. Партиялық қадағалау, бюро, халықтық бақылау, комсомол ұйымы. Мың шенеуніктің ішінен біреуі табылуы мүмкін. 86-шы жылы басшылардың бірін абақтыға жапқанда биліктің бар таққан кінәсі - сотталушының  біреуге сағатты сыйлағаны. Асқаровты дендросаябақ салды деп айыптады. Ал қазір ше? Мемлекеттің миллиардтаған қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Жемқорлық ешқашан жойылған емес, жойылмайтын да шығар. Мәселе оның деңгейінде. Бұрын жемқорлық бір пайыздан аспаса, қазір 99 пайыз. Кемені тот басып кетсе ол батып кетпей ме? Қоғам да сол сияқты. 

- Әділдік біткен күні әкімдіктен кеттім дедіңіз. Содан бергі уақытта сізге билік тарапынан ұсыныстар болды ма? 

- Болды. Астанадан да шақырды, облыстан  да ұсыныстар болды. Жақсы қызмет ұсынды. Бірақ одан бас тарттым, себебі қазіргі билікпен мен жұмыс істей алмаймын.  Шындықты айтатын мінезім үшін жақпаймын. Бұрынғы әкімдер  шындықпен санасатын еді. Қазір айтып көрші, ең бірінші жауына айналасың. Оның  не қажеті бар? Одан да менің тыныш  өз шаруаммен шұғылданғаным жақсы.  

- Жарайды, атқарушы биліктің тарапына біраз сыни пікірлер айттыңыз. Ал өзіңіз мүше болып отырған оппозициялық партия басшылығы тарапына сыни пікір білдіріп, кемшіліктерін бетіне басқан кездеріңіз болды ма?  

 - Әрине. Мен ЖСДП «АЗАТ» партиясы саяси бюросының мүшесімін. Бюро отырыстарында партия саясатындағы әлсіз тұстары мен қателіктерді  бүкпесіз айтып отырамын. Мәселен, біздің партия  басшылығының ең басты кемшіліктерінің бірі – халық арасына көп шықпайды, елді араламайды. Соңғы бір жылда Шымкентке бірде-бір оппозиция  көшбасшысы ат басын бұрған жоқ. Елмен жиі кездесетін  Жармахан Тұяқбай ғана. 

- Соңғы кездері бизнестің  әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасының аясында кең етек алған меморандумдарға қатысты не айтасыз? 

- Меморандум - коррупцияның бір түрі, сондықтан мен бұған қарсымын. Кәсіпкерлерді ашық түрде міндеттеу заңға қайшы ғой. Бұл ертең жақсылыққа әкелмейді. 

- Қазір тендер арқылы ғана күн көріп жүрген фирмалар бар. Соларды бизнесмен ретінде мойындайсыз ба?

- Олар бизнесмен емес, ұрылар. Барлығы емес қой, әрине. Бірақ өзіңіз қараңыз, құрылысқа мұрнының иісі бармайтын адамдар құрылыспен шұғылданып, мектеп, бала-бақша соғып жүр. Бұл қалай? Мен бірде-бір тендерге қатыспағанмын, себебі оның барлығы былғаныш дүние екенін білемін. Оған қатыссаң «откат» беруің керек. Бүйтіп «еңбек етсем» ертең балаларымның бетіне қалай қараймын? Мен оларды тәрбиелеп отырмын ғой. «Ата, сіз не істеп жүрсіз? Атымызды былғадыңыз ғой» деп айтса маған өлім ғой. Қызметтен айырылу, жұмыстан кету емес, балаларымның осы сөзі. 

- Мәслихат сайлауына тағы түсетін ойыңыз бар ма?

- Келесі сайлауға дейін әлі екі жыл бар. Оған дейін «не есек өледі, не арба сынады» дегендей, ол кезде қандай заман  болатынын көрерміз.  Егер қажетім болмай қалса, жалындаған  жастар шықса мен әрқашан жол беруге дайынмын. 

oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

2020 жылы Президенттікке үміткер болуға кім лайық?
Бағдат Аюбеков: Мен пара алғаным жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу