2020 жылы Президенттікке үміткер болуға кім лайық?

Oinet.kz 20-01-2011 909

Screenshot_7.jpg

Референдум өтсе Қазақстанда Назарбаевтан кейінгі президент кім болады деген сұрақ кемінде 7-8 жылға шегерілмекші. Енді Ақордаға билік етуден дәмесі бар саяси топтардың серкелері ың-шыңсыз жұмыстарын істей берулеріне болады. Кім біледі, бәлкім референдумның түпкі идеясы да осында жатқан шығар. Жуырда баспасөзге сұхбат берген Елбасының кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың: «Қазақстандағы екінші, үшінші тұлға кім? Жас кадрлар өсіп шықты. Қазір олар Үкіметте, облыс әкімдіктерінде жұмыс істеп жатыр» деген пікірі де осыны меңзеп тұрғандай.

2020 жылға дейін әлі он жыл уақыт бар. Он жылда билік басында өзін екінші тұлға ретінде сезініп жүрген азаматтардың саясаттағы салмағы қаншалықты өзгереді? Дәл қазір бұл туралы тон пішу ертерек сияқты. Десек те...

Жұрт «тақ мұрагері» ретінде атап жүрген бүгінгі  лауазымды тұлғалардың жасы 2020 жылы қаншада болады? Саяси сәуегейлікті осы мәселеге арнап көрсек.

Алдымен Елбасының өзінен бастасақ. 2020 жылы Н.Назарбаевтың жасы 80-ге келеді екен. Тарих бетін ақтарып қарар болсаңыз, сексен жасында билік еткен президенттер, премьер-министрлер, бас хатшылар аз болмаған. Мәселен Біріккен Араб Әмірлігінің тұңғыш президенті Зайд ибн Султан ән-Нахайян 86 жасына дейін 33 жыл бойы елді басқарған. Ұлыбританияның премьер-министрі Черчилль 81, Францияның президенті Шарль де Голль 79, Франсуа Миттеран 78 жасқа дейін билік еткен. АҚШ президенттерінің ішінде кәриесі Р.Рейган болып шықты. Ол президенттікті 78 жасында тапсырған. Ал Қытайдың бас хатшысы Мао Цзедун 83 жасқа, Цзян Цзэминь 77 жасқа дейін билікті етіпті.

Енді екінші тұлға ретінде ел аузына есімдері ілігіп жүрген азаматтардың туған жылдарына көз салалық. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, саясат сахнасында сұр кардинал атанған Нұртай Әбіқаев 2020 жылы 73 жасқа келеді екен. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, үміткерлердің бел ортасында жүретін Тайыр Мансұров республиканың бас «чекисінен» бір жас кіші. Оның жасы 72-де. Одан бір жас кіші президенттің іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаевтың жасы 71-де. Енді он жылдан кейін жасы жетпістен асып қалған шенеуніктер президентікке үміткер бола алады ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді. Ал алпыстан асып, жетпіске жақындап қалатындар кімдер?

Үміткердің тізімін бастап жүргендердің бірі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еді. 1953 жылы дүниеге келген Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл кездегі жасы 67-те болады екен. Ал, одан бір жас кіші Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин мен Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтың жастары 66-ға толады. Бұрынғы премьер, жасыратыны жоқ халыққа басқаларына қарағанда ұнатымы көбірек Астананың мэрі Иманғали Тасмағамбетовтың жасы 64-ке толып, пайғамбар жасынан асып қалады. Саяси карьерасын ертеректеу бастаған  Үкімет жетекшісінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев 56-ға толады. Айтқандай,  әлдебіреулер Елбасының күйеу баласы, «Атамекен Одағы» Қазақстан экономикалық палатасы Ұлттық Президиумының төрағасы  Тимур Құлыбаевты да «мұрагерлердің» қатарына қосып жүр емес пе?  2020 жылы ол 54-те. «Бірін айта та бәрін айт» демекші, оппозиция серкелеріне де тоқталғанымыз дұрыс шығар. Өткен президент сайлауында Елбасымен бірге бақ сынаған Жармахан Тұяқбайдың жасы енді он жылдан кейін 73-ке келеді екен.

Алпысты қазақ талтүс деп жатады. Алайда, әлемдік тәжірибеде мемлекет басшылығына көбіне елу жасқа дейінгілер отырады екен.

Мәселен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бірінші басшысы, яғни Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне 1989 жылы 49 жасында келген. Дінмұхамед Қонаев бірінші хатшылыққа алғаш рет 1960 жылы 48 жасында отырыпты. Республиканың оған дейінгі бірінші хатшыларының барлығы дерлік қызметтеріне 45-50 жас аралығында келген екен. Егер үміткерлерді іріктеуде осы жазылмаған заңдылық маңызды роль ойнап кетсе, жоғарыдағы азаматтардың барлығына «мұрагерліктің» бұйырмай қалуы әбден мүмкін.  Мейілінше жас, биліктің барлық баспалдағынан өткен бір ғана кандидатты көріп тұрмыз. Ол ізбасарлықтан үміткерлердің тізіміне соңғы бір жыл көлемінде іліккен Премьердің орынбасары—Индустрия және жаңа технолгиялар министрі Әсет Исекешев. 2020 жылы оның жасы туп-тура 49-ға толады екен. Сондай-ақ Ақордада жігерлігімен, жалынды жастығымен танылып жүрген шенеуніктердің бірі  Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бауыржан Байбектің де алар асуы әлі алда деп ойлаймыз. Осы алған бетінен таймаса 2020 жылы 46 жасқа толатын Б.Байбек мен деген үміткерлердің тізіміне кіріп қалуы мүмкін-ау.  Кім білсін...Амандық болсын, тақсыр уақыттың төрелігін көруді маңдайымызға жазсын.

« Кім ұйықтап отыр?»
Нұрлан Сейітжаппаров: Меморандум-коррупцияның бір түрі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу