ОРАЛМАНДАРДЫ АВТОБИОГРАФИЯСЫНА ҚАРАП АЛАЛАУ...

Oinet.kz 25-08-2011 1280

Screenshot_15.jpg  

«Корпорация Ақ Ордаға» ықыласы ыстық  вице-премьер Орынбаев ойына келгенін істеп отыр ма? 

     «Асар» мөлтекауданы «Нұрлы көш» бағдарламасының ішіндегі пилоттық жоба. Басқалармен салыстырғанда оларға айрықша артықшылықтардың қарастырылуы осыдан». Ел үлкен үміт артқан бағдарламаны бұра тартып, бұрмалаушылар осылай деп те ақталатын шығар. Бұған да келісер ме едік? Бірақ  өзге өңірлер пилоттық жобаны жүзеге асырғанда атажұртына қоныс аударған оралмандар дүниенің қай бұрышынан ат басын бұрса да барлығын жаппай жатырқамай қабылдап жатыр. Ал оңтүстіктегі «Асар» мөлтекауданына оралмандар Өзбекстанның тек бір ауданынан, онда да бір ғана рудан тұратын адамдардың іріктеліп қоныстануы қалай? Әлде мемлекеттік бағдарлама оралмандарды географиясы мен автобиографиясына қарап алалайтын ат төбеліндей топтың жетегінде кетіп, жеке мүддені көздейтін «дәулер» «диспетчерлік» жасап отыр ма?  «Асарға» айрықша артықшылықтардың қарастырылуы  жекелеген қалталылардың арқасы емес халықтың табан ақы, маңдай терінен құралатын бюджет қаржысының көмегі ғой. Президенттің тікелей бақылауындағы бағдарламаны өз қалауларына қарай бұрмалап орындайтын ондай пысықайлардың тірлігі тексерілмейтіні неліктен? 

 «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Төле би, Түлкібас, Сарыағаш аудандары және Арыс қаласы аумағына оралмандарды жаппай орналастыру жоспарланғанымен бюджеттен әлі күнге дейін бақыр тиын бөлінбеген. Алдын ала түзілген жоспарға сәйкес оралмандар қоныстанатын оңтүстіктегі  7 аудан, қалаға да бағдарламада қаралған қаржыны сын сағатта шөміштен қағып, тек «Асарға» ақшаны аямай үйіп-төгудің астарында нендей саясат жатыр? Бағдарлама біреу, ендеше көзқарас неге бөлек? «Нұрлы көш» бағдарламасының орындалу барысын толығырақ талдау, зерттеп, зерделеу мақсатында көшпелі мәжілістер өткізген, арнайы құрылған депутаттық комиссияның мәліметін тыңдағаннан кейін осындай ойға келдік. 

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, депутат Қанатбек Досалиев кезекті сессияда әдейі әзірлеген баяндамасын оқып біткен соң сөзге араласқан депутат Рәшкүл Оспанәлиева күн тәртібіне өткір мәселені қабырғасынан қойды. 

         «Неге облыс орталығындағы «Асар» мөлтекауданына қоныстанғандарға барынша қолайлы жағдай туғызатын айрықша артықшылықтар  қарастырылған? «Асарға» Өзбекстанның тек бір ауданынан, онда да бір ғана рудан тұратын адамдардың іріктеліп қоныстануы  қалай? Ол жақтан әлі көшіп те келмеген оралмандарға жер телімдерін қайтіп беріп жіберген? Басқа оралмандарды да бөлектемей, алаламай сол «Асардан» отау тігуін ойластырсақ қайтеді?» деді ол. 

Ол қозғаған әңгімені әріптестері  әрі қарай іліп әкетті. «Шардара ауданына да 100 оралман отбасы көшіп келетіні әлдеқашан айтылған болатын. Оларға бөлінуі тиіс қаржы қайда кетіп жатыр?». Қашанда шындықты бетке айтатын шардаралық депутат Аманолла Раманқұл осылай деп шыр-шыр етті. Депутат Нұрлан Жұмашов «Оралмандарды сортқа бөлуге қарсы екенін» қадап айтты. 

«Асар» мөлтекауданындағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тіршілікке қатысты бұған дейін де тұрақты комиссияның отырысында облыстық мәслихаттың хатшысы Әбілқасым Досболов тікесінен тіліп айтқанын таспаға басып алғанбыз. «Асардың» тұрғындарына айрықша артықшылықтардың қарастырылуы облыстағы әр тарапқа  қоныстанған басқа оралмандармен қатар осы өңірде туып өскен жергілікті тұрғындардың да наразылығын тудыруда. Қолайлы жағдайдың барлығы жан-жақты жасалып жатқан «Асардан» қос қабатты баспана алу үшін олар шетелге көшіп кетіп, қайтадан оралман болып оралуы тиіс пе?» деген еді ол. 

     Алысқа бармай-ақ қоялық, «Асардың»  іргесіндегі мөлтекаудандардың  жолдары  жөнделмей быт-шыты шыққан, көгілдір отын былай тұрсын ауыз суға, тіпті жарыққа да жарымай отыр. Жергілікті тұрғындар мұны Құдайдың зары қылып қанша жылдан бері қанша мәрте қақсап айтып келеді. Облыс орталығындағы мөлтекаудандар осындай мүсәпір күй кешкенде шалғай ауылдардағы ауыр ахуалды өзіңіз-ақ шамалай беріңіз. Ал «Асар» бар-жоғы екі-үш жылдың ішінде ертегідегідей жылдамдықпен ғажап, ғаламат қалашыққа айналды. Оны көрген, естіген, білген ел шетелге көшіп кетуді, сөйтіп «Асарға» оралман болып оралуды армандамағанда қайтсін?  

  «Асардағы» айрықша артықшылықты оқырманға тарқатып айтып түсіндіре кетейік.  Әрбір тұрғын үйдің алдынан әрқайсысының көлемі 300 шаршы метрді құрайтын, әрқайсысының құны 1 миллион 400 мың теңгені құрайтын жылыжайдың құрылысын жүргізуге бюджет қаржысы қарастырылған. Мемлекет тарапынан берілетін субцидияны алу арқылы  дайын жылыжайда өнім өсірумен шұғылданып, жұрт сияқты жұмыс іздеп сабылмайсың. 

   «Асардың» инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүзеге асырудың өзіне  бюджеттен 9 миллиард 893 мллион 184 мың теңге жоспарланған. Оны айтасыз, «Асардың»  канализациясына, яғни  кәріз жүйесінің құрылысына 949 миллион 986 мың теңге бюджеттен өз алдына жеке қаралып, әуел баста-ақ сценарий әжетханаға дейін әдемі сызылыпты.  Бүйтіп жаңадан жер телімін иеленген жеке адамдардың кәріз жүйесінің құрылысына бюджеттен бөлек қыруар қаржы бөлінгенін бұрын-соңды естімеген екенбіз. 

Қайсыбірін айтайық, тұрғын үйлерде жарқыраған жарық, арқыраған ауыз су, көгілдір отын... «Асардағы» алыстан менмұндалаған  1200 орындық орта мектепке, дәрігерлік амбулаторияға, 280 орындық  бала бақшаға сырттай қызыға, қызғана қарайтындар көп-ақ. Биыл тағы  1200 орындық орта мектептің, әрқайсысы 280 орындық екі бірдей бала бақшаның  құрылысы басталғанына кім-кімнің де бас шайқайтыны анық. Басқа жақтарда мектеп пен бала бақша жетіспесе, «Асарда» керісінше күні ертең салған мектеп пен бала  бақшаға баратын бала жетіспеушілігі туындағалы тұрғанына күлесіз бе, жылайсыз ба? Өзге жұрт осындай-осындай күрделі мәселелерді шешуге бюджеттен қаржы бөлдірудің амалын таппай өлермендікпен күн кешуде. Әсіресе, 300 мыңнан аса тұрғын қоныстанған Мақтаарал ауданында мұндай күрмеуі келмей шиеленіскен мәселелер шаш-етектен. Есесіне шап-шағын «Асар» мөлтекауданында айналдырған екі-үш жылдың ішінде  екі орта мектептің, үш бірдей бала бақшаның  қатар салынуы қайран қалдырады. 

Айтпақшы, Шымкентте қалталы бай-манаптарға арналғандықтан  өңкей элиталық тұрғын үйлерден құралған атақты  «Тұлпар» қалашығы бар.  «Асардағы» баспаналардың  көпшілігі солардан кем соқпауға таласқандай қос қабатты болып тұрғызылуда. Кейінгі екі жылға жоспарланған 1150 тұрғын үйдің 690-ы қос қабатты. «Біреуге көл, біреуге шөл» шіркін биліктің қитұрқы әрекеттері-ай десеңізші. 

      2011 жылдың 18 шілдесінде «Нұрлы көш» бағдарламасының орындалуына байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев жиын өткізген болатын. Сол жиында «Асардың» арнайы тізіміндегі  оралмандардың келмей қалуы мен алдын ала берілген жер телімдерінің сатылып кетуі салдарынан осы мөлтекауданнанан биылға  жоспарланған  175 тұрғын  үй тұрғызылмайтыны белгілі болды.  Бұдан үнемделген 1 миллиард 112 миллион теңге  «Асарды» әрі қарай гүлдендіруге, өркендетуге жұмсалмақ.  Орынбаев төрағалық еткен жиында осындай шешім қабылданған.  Үнемделген қаржыға «Асардағы» жылыжайлар мен су құбырының құрылысын жүргізу, ең бастысы сән-салтанаты келіскен  саябақ салу көзделуде.  Неліктен? Онсыз да ажары келіскен «Асарда» сәнді саябақ салғанша, қомақты қаржының әуел баста көзделгендей 175 тұрғын үй тұрғызуға жұмсалмағаны түсініксіз. Қаншама жылдан бері баспана түгілі жер теліміне де қолы жетпей, істейтін жұмыс та таппай ішер асқа, киер киімге жарымастан үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген мыңдаған оралман бар. Саябақ салғаннан көрі тұрғын үйлер тұрғызып, сондайларға қоныс той  тарту ету әлдеқайда  тиімді емес пе еді?! Вице-премьер Орынбаев сонда «Асардың» арнайы тізіміндегілерден басқа оралмандар көштен қалып, аштан өліп жатса да ешқандай  бас ауыртпайды ма? Географиясы мен автобиографиясы тура келмейтін оралмандардың ешбірі айрықша артықшылықтар қарастырылған «Асардан» отау тігуіне жол бермеуге оның да мүдделі болғаны ма?  

      Ақиқатына жүгінсек Орынбаевтың тікелей тапсырмасымен «Асарды» тағы түрлендіре түсетін 1 миллиард 112 милион теңгені үнемделген қаржы деудің өзі  үлкен қателік қой. Құзырлы органдар әншейінде  азын-аулақ қаржы бұрмалаушылығына бола  талай адамға тағдыр тәлкегінің ащы дәмін татқызып жүр. Ал Қазақстанға әлі көшіп те келмеген оралмандар мен «Асардан» алған жер телімдерін сатып кеткендер үшін тұрғын үй тұрғызуға бюджеттен көл көсір қаражат бөлінгеніне құзырлы органдардың көзжұмбайлық танытуы Орынбаев қабылдаған шешімнің құдіреті ме? Сондықтан да үнемделген қаржы деп заңдастырылғанына  үнсіз келіскендері ме? Күлбілтелемей турасына көшсек вице-премьер Орынбаев ойына келгенін істеп отыр ма?

 Премьер-министрдің орынбасары  Орынбаев өткізген «Нұрлы көш» бағдарламасына арналған  жиынға кілең «мүйізі қарағайдай» мемлекеттік қызметкерлермен бірге жекеменшік «Корпорация Ақ Орда» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Ибадулла Қалыбековтің де шақырылуының мәнісін  ұқпадық. «Мегаполис» газеті қайсыбір жолы «Асар» мөлтекауданына өңкей бір рудың адамдары  топтасып қоныстануын дәл осы  Ибадулла Қалыбековтің ұйымдастырғанын, басшылық жасағанын жазған болатын. Ибадулла Қалыбековтің осындай батыл әрекеті Орынбаевқа да ұнайды ма, кім білсін? Оңайлықпен қазақтарды қызметке жолатпайтын Өзбекстанда әжептеуір мансаптарға қол жеткізіп, ондағы биліктің де биік «астауларынан ас ішкен» Ибадулла Қалыбековке Қазақстанның шенеуніктерімен тіл табысу сөз болып па, тәйірі?  Әйтеуір Орынбаевтың құзырына көнетін, сөзі өтетін жердің бәрінде  ол тізгінін ұстаған «Корпорация Ақ Орда» ЖШС-ның айы оңынан туып жүр. Айғақ керек пе? Айтайық. 

     Директорлар кеңесін вице-премьер Ербол Орынбаев басқаратын, Білім және ғылым министрлігінің құзырына қарайтын «Өркен» АҚ ұсынған жоба бойынша елімізде Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің 20-сы салынбақшы. Әрқайсысының құрылысына бюджеттен 3,5 миллиард теңге қаралған. Шымкенттен салынатын сондай екі мектептің біреуінің тендерінде  «Корпорация Ақ Орда» ЖШС жеңімпаз атанғаны кездейсоқтық па? Әлде Ибадулла Қалыбеков пен Ербол Орынбаев екеуінің біте қайнасқан байланыс орнатқанының тәтті жемісі  дейміз бе? 

Ел аузында «оңай олжаның көзі, нағыз батпанқұйрықтың өзі» деген пікір қалыптастырған тендерге келгенде «Корпорация Ақ Орда» ЖШС-ның жолы болғыш-ақ. Астанада тендерге қатысса аспаннан жауған ақшаның астында қалғандай күй кешіп қайтады.  Оңтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылған тендерлерде де қарсылас шақ келтірмей оқ бойы аты озып тұр. Бюджеттің қаржысы қай кезде де ағыл-тегіл, ас та төк бөлінетін «Асар» мөлтекауданында жүргізілетін құрылыстарға арналған тендерлердің қайсыбірінде болмасын «Ақ Орданың» асығы алшы тұрып жатады. «Асардағы» жылыжайлардың құрылысын да, тұрғын үйлердің құрылысын да түгелдей жалғыз өзі жүргізіп, тендерлерде тек соның ұтуы, жеке дара билеп төстеуі еріксіз қайран қалдырады. Бұдан бөлек мектептер пен бала бақшалар салудың тендерінде де жеңіп шығатындай «Корпорация Ақ Орда» ЖШС-ға ешкімде жоқ ерекше жеңілдік жасалған ба? 

 «Корпорация Ақ Орда» ЖШС басшылығы болса тендер арқылы бөлінген  20 миллиард теңгенің о жоқ, бұ жағындағы көл-көсір бюджет қаржысына билік жасауды қанағат тұтпай «Асар» мөлтекауданының аумағына басқа мердігерлердің бас сұғуын қаламайтыны қалай?  «Асардың» инженерлік-коммуникациялық инфрақұрлымын жүргізуге арналған тендерді ұтып алған оңтүстікке кеңінен танымал, мақтаулы  «Отау-Строй» компаниясының қайта-қайта сотқа шақырылып, әбден әуре-сарсаңға түсуі бекер деймісіз. 

Oinet.kz мұрағатынан   

Дінмұхамед Қонаев атауын алып тастады
Жанат Тәжиева: «Өркениеттің кілті—білімде, ал білімнің кілті—мектепте»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу