Жанат Тәжиева: «Өркениеттің кілті—білімде, ал білімнің кілті—мектепте»

Oinet.kz 25-08-2011 1450

Screenshot_16.jpg

Енді санаулы күндерден кейін қоңыр күз есік қағып, 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Жаңа оқу жылы ұстаздар қауымына жаңа мақсат, жаңа міндет жүктейтіні белгілі.

 Кейінгі жылдары мемлекеттік қамқорлықтың арқасында білім саласына бөлінге қаржы еселеп өсіп келеді. Жаңа мектеп, жаңа балабақшалар салынып жатыр. Алайда білім саласының проблемасы осыменен толығымен шешілді деуге болмайды. Өйткені білім, тәрбие барлық уақытта оң өзгерісті, тың ізденісті қажет етеді. Білім мен тәрбие қашанда өзекті мәселе болып қала бермек.

Жуырда өткен Шымкент қалалық білім қызметкерлерінің тамыз мәслихатында білім мен тәрбиедегі өзекті мәселелер ортаға салынды. Алдағы міндет, мақсат, меже белгіленді. Кеткен кемшілік, жеткен жетістік атап өтілді.

 Қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиеваның осы дәстүрлі басқосуда жасаған баяндамасын оқырман назарына ұсынып отырмыз

                    Қаржыландыру үш есе өсті

 Әрбір тамыз кеңесі –  білім сапасын жаңа серпіліспен бастауға бағыт беретін негізгі күш болып табылады. 

 Күрделі мәселелердің, қойылатын талап пен міндеттердің оң шешім табуы, жетістіктерге қол жеткізу,  құрметті де абыройлы педагог мамандық иелері яғни  ұстаздардың ерен еңбегінің  нәтижесі екені баршамызға аян. 

 Алда тұрған  жаңа оқу жылының маңызды міндеттерінің бірі - бәсекеге қабілетті, білімді меңгерген, ой-өрісі дамыған ғана емес, жоғары азаматтық және адамгершілік ұстанымы, отансүйгіштік сезімі  мен әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан зияткер ұлтты қалыптастыру болып табылады.   

Елбасымыз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында ең негізгі фактор ретінде адам өміріне, оның денсаулығына, білім алуына, әлеуметтік қолдауға ие болуына баса назар аударып келеді. Осы орайда 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасында білім саласы жүйесін жаңғырту жан-жақты  қарастырылған. 

 Біз ұрпағымызды, болашағымызды тәрбиелеу жолында мемлекетіміздің білім саясатын басшылыққа ала отырып, жүктелген  міндеттерді атқарып келеміз. 

Жаңа оқу жылын  100 мыңнан астам оқушымен, 87 жалпы білім беретін,    9 мектептен тыс, 146 мектепке дейінгі мекемемен бастағалы отырмыз. 

Бүгінгі күні сапалы білім беруге барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалып отыр. Оған дәлел білім саласын қаржыландыру соңғы  жылдармен салыстырсақ үш есеге өсті. Мысалы ол 2007 жылы 5 миллиард 370 миллион теңге құраса, 2010 жылдың  қаржысы 11 миллиард 39 миллион теңгені, ал 2011 жылы 13 835 199,0 теңгені құрап отыр. 2011 жылдың шілде айынан бастап бюджет есебінен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлерінің жалақылары 30 пайызға артып отыр. Бұдан бөлек жоғары санатты ұстаздар жалақысын 100 пайызға арттыру үшін республикалық бюджеттен  арнайы қаржы қарастырылуда.  

           Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы аясында  жергілікті бюджет есебінен жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасынан шыққан балалар үшін жалпы білім қорына бөлінген  142 576,0 мың теңгенің  74 925 мың теңгесіне 3397 бала (84 пайыз)  ыстық тамақпен, 3951 баланы 39 510,0 мың теңге қаржыға  мектепке киім – кешекпен қамтамасыз етілсе,  жазғы сауықтыру лагерімен қамтуға 28 141,0 мың теңге қаржы бөлініп, жазғы демалыс лагерімен 1324 бала қамтылды.

     6 балабақша, 1 мектеп пайдалануға беріледі   

Бүгінгі күні  республикалық бюджеттен қаржыландырылған 6 жаңа балабақша, 1 жаңа мектеп құрылысы аяқталып,  қыркүйек айында пайдалануға  берілмек. Одан бөлек 2 мектеп құрылысы 2012 жылы халық игілігіне ұсынылады деп күтілуде.  Сонымен қатар 9 мектеп жанынан қосымша құрылыс салынып, оның 6-уында оқушылар жаңа  оқу жылынан бастап білім алмақ. Тағы бір қуанышты жағдай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу биыл 5 есеге  артып, ағымдағы жөндеу жұмыстары ұстаздардың көмегінсіз атқарылды.  

 2010 жылы облыстық бюджеттен 6 мектеп жанынан (300 орындық) қосымша құрылыс басталып, оның үшеуі 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталса,  қалған үшеуін тамыз айының 25-жұлдызына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. 

2011 жылы республикалық бюджет  есебінен 3  мектеп жанынан 600 орындық қосымша құрылыстар (өтпелі) салу жұмыстары басталды. Қосымша құрылыс салынып жатқан  3 мектеп  есебінен үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі толық шешімін тапты. 

Ал 23 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның бесеуіне   облыстық бюджеттен 215 миллион теңге қаржы бөлінсе, қалған 18-іне  жергілікті бюджеттен 543 миллион теңге қаржы қаралды. 

Биыл сондай-ақ 60 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 87 миллион теңге қаржы бөлінді. 

    Тегін оқулық кімдерге беріледі?

Ағымдағы жылы жалпы оқушылардың кітапхана қорынан қамтылғаны 89 пайыз, ал қалған 11 пайызы бөлшек сауда желісі арқылы ата-аналар есебінен шешімін таппақ.  Үкіметтің №173 қаулысына сәйкес жетім және ата–анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмыс жағдайы төмен, көп балалы  отбасының балалары тегін оқулықтармен 100 пайызға қамтылады. 

 Білім және ғылым министрінің тапсырмасында 2011 жылы  4,6,11 сынып оқушыларын әлеуметтік жағдайына қарамай оқулықпен 100 пайыз   қамту туралы айтылған. Үкіметтің тапсырмасын 100 пайызға орындау үшін  және “Өзін-өзі” тану оқулығымен қамтамасыз етуге қажетті 163,5 миллион тенге қаржыны  облыстық бюджеттен бөлуге сұраныс жасалды. 

Бұндай білім саласына деген   оң көзқарас  тек Тәуелсіз елде ғана болатын зор  жетістік деп ойлаймын! Оған тек нәтижелі білім мен жақсы  тәрбиемен  жауап береміз деп ұстаздар атынан сенім білдіремін! 

Тәрбиенің негізі отбасыда қаланады       

 2010-2011 оқу жылында Шымкентте Ұлттық Бірыңғай тест қорытындысы бойынша орта  балл көрсеткіші--90 баллды құрады. Шекті деңгейден өте алмаған мектептер болған жоқ. 2010 жылы--109 түлек, 2011 жылы-111 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. 

    Жыл сайын оқушылардың ғылыми шығармашылық мүмкіндіктерін қалыптастыру, ғылымға деген қызығушылықтарын дамыту мақсатында атқарылған жұмыстар нәтижесінде жаңа серпілістер байқалды. Оған дәлел ғылыми жоба жарыстары бойынша облыстан--22 жеңімпаз, Республика бойынша--6, Халықаралық деңгейде--3 оқушымыз жеңімпаз атанды. 

 Оқушылар арасында өткен пәндік олимпиада қорытындысы бойынша облыстан--32, Республикадан--3 оқушымыз жеңімпаз болды. 

Халықаралық республикалық  ойын – байқауларына қатысып, “Кенгуру - математик” бойынша  - 220 оқушы, “Кенгуру-лингвист” бойынша- 61 оқушы,  “Русский медвежонок” бойынша- -263 оқушы, “Золотое руно”  бойынша -  346 оқушы  жүлделі орындарды иеленді. Бұл көрсеткіш ұстаздарымыздың жыл бойы атқарған ерен еңбегінің нәтижесі деп білемін. 

Білім ұйымдарында жан-жақты жұмыс атқарылғанымен жасөспірімдер арасындағы қылымыс тоқталар емес. Аудандық  ішкі  істер  басқармасы  кәмелетке  толмағандар ісі  жөніндегі  бөлімінде 2010 жылы--72, 2011 жылы  --52 қылмыстық оқиғалар тіркелген. 2011 жылдың  6 айында 15 қылмыс тіркелген. Атап айтқанда,  4--бала өлімі, 1--суық қару, 1--дене жарақаты, 9--ұрлық. 

Орын алған қылмыстық оқиғалар бойынша 3 мектеп директоры,  8 директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, 4 мектеп психологы қызметінен босатылып,    3 директорға, 16 директордың орынбасарларына сөгіс берілген.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік Кодекстің 111-бабы бойынша бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 121 ата-анаға айыппұл салынды.

  Биылғы тамыз кеңесі «Отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» тақырыбында өтуі тәрбиенің бүгінгі таңдағы күрмеуі шешілмеген, ең өзекті мәселе екендігін айқындатады. Бала тәрбиесіне келген сәтте жауапкершілікті ұстаздар иығына арта салу үрдіске айналуда. Алайда ұлылардың «Ата-анадан ұрпақ өсіп таралған, жақсы-жаман болса, бәрі солардан»,-деп айтқан ұлағатына құлақ түрсек, тәрбиенің негізі – отбасында қаланатындығын көрсетеді.

  Тәрбие ұлға да қызға  бірдей. Іштен біліп ешкім туылмайды. Тәрбие бесік пен босағадан басталады. Өсе келе ұлым дарақы, қызым сорақы деп қалмау үшін бала жүрегіне әкенің жылы қабағы, ананың мейірімі айрықша  мәнге ие болатынын психологиялық, ғылыми тұрғыда да дәлелденгенін айтып өткім келеді. 

  Әрбір орын алған қылмыс бойынша  жүргізілген сауалнама қорытындысыда ата-ана өз міндетіне  баланы бірінші кезекте киіндіру, тамақтандыру, материалдық жағдайына қамтамыз етуді ғана көздеп  отыр. Ең сорақысы ата-ананың бала алдындағы - әлсіздігі.  Бұл дегеніміз  әлеуметтік тұрғыды отбасының тәрбиелік рөлінің әлсіреуіне алып келеді. 

       «Ұлыңды жарығым, қызымды –жалғызым» деп, ішер тамақ, киер киімге тарықтырмай, қалтасына ақша салып мәпелеу бұл тәрбие емес. Бала тәбиелеуде ата-ана  баласымен тең кісідей сөйлессе және оның  ойын еркін жеткізе білуге мүмкіндік берсе, ішкі жан дүниесіне үңіле білсе ең бастысы ата-ана бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін  басты міндет етіп алса  келеңсіз оқиғалар  азаяры сөзсіз.  

 «Сын түзелмей мін түзелмейді»- дегендей бүгінгі күні білім саласы, ондағы бала тәрбиесіндегі орын алған қылмыстық оқиғалар бойынша бұқаралық  ақпараттық құралдарда біршама сындар айтылды. Сіз де, біз де бұл сынды  дұрыс қабылдайық. Бала тәрбиесі тек ата-ана емес «Өзге баласын аялаған, өз баласын аямаған» ұстаздар қауымына да тиісті деп ойлаймын. Себебі оқушы жарты күн мектепте, қалған уақытында отбасымен болатындығында. Әрбір баланың өмір қауісіздігі, сапалы білімі, тәрбиесі ұстаздар қауымының негізгі міндеті екенін ұмытпауымыз қажет. Осы орайда құқықтық қорғау органдарымен, ата-аналармен бірлесе жасалған іс-шаралар жоспарын бір жүйелілікке келтіру; мектеп психологтары мен әлеуметтік педагог қызметкерлерінің жұмысын жандандыру, әсіресе құқық бұзушылық  фактілерін қолға алу, зерттеу, болдырмау жолдарында жұмыс жүргізу; жоғарғы оқу орындары студенттерімен және «Жас отан» ұйымымен тығыз байланыс орнатып бірлескен іс шаралар ұйымдастыру;  құқық қорғау органдары, ата-аналармен, ардагер-ұстаздармен бірлесіп тәртіптік  кеңес құру; педагогтардың осы заманғы тәрбие технологияларын меңгеруін қолға алу; еңбек тәрбиесін, кәсіби бағдар беру жүйесін құру, оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында аула клубтар, үйірмелер, секция жұмыстарына көптеп тарту; сынып сағаттарының тәрбиелі, жүйелі өтілуін қадағалау, әрбір берілген сабақты тәрбиемен ұштастыру; салауатты өмір салтын қалыптастыру  дағдыларын қолға алу, оқушыларды қоғамдық жұмыстарға көбірек араластырып, қаланың құрметті азаматтарын, ата-аналар комитетінің мүшелерін, әйгілі спортшыларды құқық бұзушылыққа бейім оқушыларға бекітіп жұмыс жүргізуін жандандыру; тәрбиесі қиын және құқық бұзушылыққа бейім оқушыларды ата-аналар келісімімен қылмыс жасаған оқушылардың сот процессіне қатыстырылуын қамтамасыз ету қажет.

Өткен жылғы тәрбие саласында жіберілген кемшіліктерді ескере отырып, жоғарыда аталған ұсыныстар негізінде әрбір мекеме басшысы онлайн режимінде оқушылармен түрлі тәрбиелік мәні бар іс шаралар  өткізіп,  есеп беруі жоспарланып отыр.  

Тәжірибеге сүйенсек қыркүйек, қазан айлары бала тәрбиесін қалыптастыруда күрделі айлар болып табылады. Сондықтан аталған мерзімде «Қылмысқа жол жоқ!» тақырыбында айлық жариялаймын. 

Оның мақсаты жасөспірімдерді қылмыстық оқиғалардан сақтандыру, оның алдын алу болып табылады. 

      Бала тәрбиесі болашағымыз десек ұстаз, ата-ана, заң орындары, жоғары оқу рындары,  түрлі партия өкілдерін, бұқаралық ақпарат қызметкерлерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын!

Тәрбие үш нәрсені қажет етеді  -  ол қабілет, білім, тәжірибе екенін ескере отырып қиын да қызықты жұмысымызда Тәуелсіз еліміздің жарқын ертеңі үшін Рухы биік, саналы, білімді  азаматтар  тәрбиелей берейік!

«Мектепке жол»

Мектеп оқушыларының сабаққа қатысуын толық қамтамасыз ету мақсатында «Мектепке жол» Республикалық акциясы үш жыл қатарынан еліміздің барлық өңірлерінде 15 тамыз бен    30 қыркүйек аралығында өтуде.  Қалалық білім беру ұйымдарында 2550 балаға жалпы көлемі 13 миллион теңгемен қамқорлық көрсетілді. Оның ішінде білім бөлімі қоры есебінен 2400 оқушыға 12 миллион теңге шамасында әлеуметтік көмек берілді.  Аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 100 балаға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөлімі тарапынан  500 мың теңгеге,  50 балаға демеушілер тарапынан  500 мың теңгеге көмек көрсетілді. Акция 30 қыркүйекке дейін барлық қала мектептерінде өз жалғасын табады. Акцияға әлеуметтік көмекке зәру баланың  75 пайызы қамтылады деп жоспарлануда. 

Ұстаз өнегесімен ұстаз

          2011 жылы қалалық білім бөліміне мектеп мұғалімдерінен және басқа да қала тұрғындарынан 876 өтініштер, арыз-шағымдар келіп түсті. Мектеп ұжымындағы тәртіп, директор және оның орынбасарлары, жекелеген мұғалімдердің келеңсіз іс-әрекеттері туралы түскен арыз шағымдар бойынша арнайы комиссия құрылып зерттеу жұмыстары жүргізілді. Әлі де болса әттеген –ай деген келеңсіз жағдайлар білім ұясынан орын алуы ұстаздар қауымына жараспайтын қасиет. Ұстаз өнегесімен, білімімен, сөзімен, жүріс –тұрысымен ғана ұстаз. Осы орайда жіберілген кемшіліктер мектеп әкімшілігі, кәсіподақ ұйымы жұмысының әлсіздігі деп білемін. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар арасында да өзара түсіністік, ынтымақтастық, сыйластық бірінші кезекте орын алуы тиіс деп ойлаймын. «Бақ қайда барасың?, ынтымаққа барамын» деген нақыл сөз әрқайсымыздың жадымызда жүрсе екен.                                 

Өркениетті ел қатарына қосылудың кілті білімде, ал білімнің кілті - мектепте. Сондықтан, құрметті ұстаздар, өзімізге сын көзбен  қарай отырып, болашақ үшін аянбай  еңбек етейік, сауатты да салауатты  азаматтарды тәрбиелейік. 

ОРАЛМАНДАРДЫ АВТОБИОГРАФИЯСЫНА ҚАРАП АЛАЛАУ...
Бауыржан Рахманов: «Мақсат табыс табу емес, өнердің биік шыңына жету»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу