Бас бәйге Бәйдібек ауданында

Oinet.kz 22-03-2019 886

Screenshot_5.jpg

Жуырда  Президент әкімшілігі биылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму серпіні бойынша облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың рейтингісін жария етті. Оған қарап, бұл жолғы рейтингтің өткен тоқсандағы көрсеткішпен арадағы алшақтығына  таң қалдық. Күні кешеге дейін топтың басынан түспейтіндер төменге жылжып, ал орташалар жоғарыға шыққан. Бұл неге байланысты? 

Биылғы жылдың бірінші тоқсаны бәйдібектіктер үшін қолайлы бола қойған жоқ.  Қаратаудың бөктерінде жатқан бірқатар ауылдар қалың қардың құрсауында қалды.  Бүтіндей қар көміп қалған үйлерді аршуға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі де белсене кірісіп, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында  Мәжіліс, мәслихат депутаттарының өздері де жүрді. Міне, сол қаһарлы қыстың қиындығынан әзер дегенде құтылып шыққан Бәйдібек ауданы бірінші тоқсанда республикалық рейтингте көш бастап, былайша айтсақ бас бәйген еншілеп елді таңқалдырып тастады.  Бәйдібек ауданының әкімі қызметін 3-4 жылдан бері атқарып келе жатқан Райымбек Жолдасов осылайша ойламаған жерден жарқ ете қалды. Бұған дейін орта белден аспайтын бәйдібектік шенеуніктердің жігерін қыс қаһары мұқалтпай, қайта жани түскен тәрізді.

Қайбір жылдары рейтингіде ортадан төмен жүретін Түркістан қаласының тізгінін Қайрат Молдасейітов қолға алғалы киелі қаланың тіршілігінде оң өзгерістер қалыптаса бастағаны белгілі. Рейтингтегі көрсеткішін ұдайы жақсартып келе жатқан Түркістан қаласы бұл жолы екінші орыннан көрінді. Үшінші орын қашанда үздік  үштіктен түспейтін Қазығұрт ауданы еншіледі. Кейінгі тоқсандарда республикалық та, облыстық та рейтингте үштікке ілігіп жүрген  Шардара ауданы бұл жолы төртінші орынға табан тіреді. Ал өткен тоқсанда республикалық  рейтингіде үшінші орыннан көрінген Сайрам ауданының әкімі Қайназаровтың командасы бұл жолы бесінші орынға сырғыды. 

Үнемі көштің соңында салпақтап жүретін Шымкент қаласы бұл жолы жетінші орынға табан тірегенін көріп таңдандық. Бұл рейтингтік көрсеткіш бойынша  Шымкенттің бұрын-соңды  жетіп көрмеген жетістігі. Ал былтыр республикалық рейтингіде үш тоқсан бойы бірінші орынды ешкімге бермеген Сарыағаш ауданы тоғызыншы орынға бір-ақ төмендепті. Мұның сырын біле алмадық.

Төменгі динамикалық даму тобына кіретін аудан, қалалардың тізімін бұл жолы тағы да Кентау қаласы бастады. Қыс бойы тұрғындарын суықта қалтыратып, «жаңғақ қақтырған» кеншілер қаласы сол баяғыша 11 орында қалып отыр.   Былтыр соңғы екі тоқсанда да соңғы орыннан көрінген Арыс қаласы өзінің жағдайын екі орынға жақсартып, 13 орынға көтеріле алды. Ал 14 орында Созақ ауданы. Кезінде алдыңғы қатарлардан көрініп жүрген  сырлы Созақ тоқтаусыз құлдырап келеді. Ал соңғы орында Отырар ауданы. Сарапшылардың айтуынша, Отырарда қылмыс көп. Халықты ауыз сумен қамтамасыз кету жайы да мәз емес. Өткен жолғы рейтингте соңғы орын алуының себебін ақпараттардың дұрыс берілмеуімен түсіндірген аудан әкімі Бейбіт Сыздықов «келесі рейтингтіде жоғары орын аламыз» деп еді. Бірақ Бейбіт Сыздықовтың дегені бола қоймады.  

Мұрағаттан, 31.05.2012 ж

Сыбайластықтың «көкесі» жер саласында
Н.Назарбаев: «Әр теңге үшін бастарыңды жұлып аламын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу