Оралов үн қатпады – ашынған киногерлер бүгін Мәдениет министрлігінің алдына барды

Oinet.kz 22-05-2023 432

Ұлттық кино орталығынан жобаларды іріктеу үшін тәуелсіз комиссия құруды талап еткен киногерлер бүгін Астана қаласындағы Мәдениет және спорт министрлігінің алдына барды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ulysmedia.kz медиа-порталына сілтеме жасап.

Screenshot_3.jpg

Алматыдан Астанаға арнайы келген олар наурызда Ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген киножобаларды іріктеу конкурсына наразылық танытуда.

Астанаға келгендердің айтуларынша, орталыққа 290 киножоба жолданған. Соның ішінде 130 киножоба іріктеуден өтіп, 150-ден астамы кері қайтарылған.

Киногерлер сол іріктеу конкурсы әділетсіз, заң бұзушылықтармен өтті деп есептейді. Наразы болып Алматыда 12 мамырда митингке де шыққан. Алайда «іріктеу тексерілсін, жаңадан тәуелсіз комиссия құрылып, өткен жобалар саралансын» деген оларға полиция заңсыз жиын өткізді деп айыппұл салған.

Айта кетейік, киногерлер шуы шыққаннан кейін Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов жаңадан тәуелсіз комиссия құрылатынын әлеуметтік желіге жазған. Десе де наразы топ министрліктің бұл әрекетіне сенбейді. Бұрынғыша тағы да өздеріне лояльды комиссия құрылатынын айтады.

Министрліктер үйі алдында киногерлер журналистерге сұхбат беріп тұрғанда сол жерден мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров өтіп бара жатқан. Аяқ астынан әңгіме депутатпен өрбіді. Мәжіліс депутатына мәселені актер, режиссер Азамат Шағын түсіндірді.

Сайыров келесі аптада киногерлердің талабы бойынша Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазуға уәде беріп құтылды.

“Шу басталғалы бері бір айдай уақыт өтті. Алайда министр Асхат Оралов дәл осы мәселеге қатысты жеке пікірін білдірген жоқ. Біз мәдениет комитеті басшылығымен сөйлестік, бірақ олардың жауаптарына қанағаттанбадық. Олардың айтуынша, біздің проблемамызды тек министр шеше алады екен. Сондықтан біз министрдің қабылдауына кіріп, ұсыныстарымызды, талаптарымызды жеке жеткізгіміз келеді”, – деп түсіндірді киногерлер.

Олар тек өздерінің жобалары үшін жүгіріп жүрмегендерін де айтты. Жалпы, әріптестерінің мәселелеріне жауапты мекеме басшысының назарын аударуды көздейді.

Бір сағаттан астам уақыттан кейін Алматыдан келген олар тарап кетті. Сөз соңында тағы да талаптарын шегелеп, Ұлттық кино орталығы жобаларды іріктеу кезінде тәуелсіз комиссия құруы тиіс деп есептейді. Әйтпегенде наразылар құзырлы органдарға жүгінгелі отыр.

Антикор Шымкент әкімдігінің шикілігін әшкереледі
«Мен еркінмін»: Мұхтар Жәкішевтің жаза өтеу мерзімі ресми түрде аяқталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу