Шөкеев жарыққа шықты

Oinet.kz 22-11-2023 506

Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев туралы тағы бір дерек белгілі болды. 

Өткен аптада тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың әруағына арнап Астанадағы орталық мешітте берілген аста Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев те болды. Оның  суреті ақпарат құралдарында жарияланды. Астан шығып бара жатқан одан журналистер «қазір не шаруамен айналысып жүрсіз?» деп сұраған. Алайда қай кезде де төртінші билік өкілдеріне суықтау, сыр аша бермейтін Шөкеев бизнеспен айналысып жүргенінен басқа ештеңе айтқан жоқ. 

Өмірзақ Шөкеев былтыр тамызда Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановқа шығарылған үкімнен кейін отставкіге кеткен болатын. Содан бергі аралықтағы бір жылдан астам уақыт ішінде ол  екі жерде төбе көрсетті. Оның біріншісі, былтыр қарашада Шөкеев  Алматыдағы «Жайлау» гольф клубында Қазақстан гольф федерациясының отырысына қатысты.  Екіншісі, былтыр желтоқсанда Тоқаевтың Ташкентке жасаған сапарында көзге түсті. Журналистерге берген қысқа сұхбатында ол осы жерде қазақ-өзбек кәсіпкерлерінің форумына инвесторларға жәрдем беру үшін келгенін мәлім етті. 

Есесіне Шөкеевтің аты-жөні биыл екі жерде аталды.  Маусымда Түркістан қалалық соты былтыр тамызда Шөкеевті отставкінің қаупінен құтқарамын деп, одан 1 миллион доллар алмақ болған азаматқа қатысты үкім шықты. Сот оны алаяқтық жасады деген айып бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Қыркүйекте апелляциялық алқа жазаны шартты түрге ауыстырды. Бұл іс бойынша Шөкеев жәбірленуші деп танылды. Екіншісінде, Шөкеевтің аты Астанада Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповтың сотында аталды.  Сотта Аюпов Шөкеев пен Әбдірахымовқа қарсы жалған куәлік беруден бас тартқаны үшін антикордың барлық айыптауларды қолдан қиыстырғанын мәлім етті. Сот Аюповты он жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Шөкеев Түркістан облысына әкім болған үш жарым жылдың ішінде көп шаруаларды тындырғанын мойындау керек.  Әсіресе, Түркістан тотыдай түрленді. Көптеген ғимараттар, нысандар салынды. Шөкеев қызметінен кеткен бір жылдан астам уақыттың ішінде Түркістанның дамуы осы қарқынын сақтап қала алды ма, жоқ па? Бұған сіз не айтасыз? 

Пара сұрама, қарыз сұра - 13 миллион теңгенің дауына іліккен шенеунік сотта ақталды
Әлтаев 12 жылға сотталуы мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу