Пара сұрама, қарыз сұра - 13 миллион теңгенің дауына іліккен шенеунік сотта ақталды

Oinet.kz 22-11-2023 504

Шымкентте бүкіл Қазақстанды шулатқан сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар, тұтқындаулар бойынша үкім шығару жалғасып жатыр. Өткен аптаның басында Шымкенттің бұрынғы прокуроры Мақсат Қожабаевтың  ірі көлемде алаяқтық жасау бабы бойынша кінәлі деп танылып, 5,5 жылға бас бостандығына айырылғанын жазған едік. Апта соңында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мұхтар Қоқанбаевқа үкім шықты. Бұған дейін прокурор оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрап еді. Алайда сот оны тағылған айып бойынша толығымен ақтап шықты. 

Screenshot_1.jpg

Естеріңізде болса, Мұхтар Қоқанбаевтың ұсталғаны туралы биыл маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған болатын.    

«Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. 

Ол мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау кезінде бюджет қаражатын кедергісіз төлегені үшін кәсіпкерден 13 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде. Соттың санкциясымен күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды»,-деген болатын Д.Ерғарин. Алайда енді белгілі болғандай, пара алу қылмысы сотқа Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлімі, яғни қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану айыбымен берілген. Шамасы бұл істің парақорлыққа тартпайтыны тергеу барысында-ақ белгілі болған сияқты. Неге дейсіз бе? 

Қоқанбаев қалалық жолашылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына биыл ақпанда тағайындалған. Тергеу барысында анықталған мән-жайларға қарағанда, биыл маусым айында ол еңбек демалысына шығып, Алматы қаласына барған. 10 маусымда  Шымкентте жолаушылар тасымалдаумен айналысатын  «T-Bus» ЖШС-нің өкілі Д.Әмреевпен жолығып, онымен басқарма тарапынан ай сайын берілетін субсидияларды серіктестікке уақытылы, ешбір кедергісіз  аудару бойынша әңгімелескен. Осыдан кейін одан автокөлік алу үшін 13 миллион теңге қарыз сұраған. Д.Әмреев М.Қоқанбаевқа қарызға  ақша бермеген жағдайда алдағы уақытта басқарма тарапынан берілетін  ай сайынғы субсидия бойынша түзілген келісім шарттарды бұзу, негізсіз тексеру жүргізу, серіктестіктің жұмысына кедергі келтіру әрекеттерінің болуы мүмкін екенін  ескеріп, басқарма басшысының заңсыз талаптарына амалсыздан келіскен. 

12 маусымда Әмреев Қоқанбаевтың ақшасын беру үшін Шымкент қаласына ұшып келеді. Ақшаны ол алдымен өзінің пәтерінде қалдырады. Бұдан кейін қаладағы кафелердің біріне барып, тамақтанады. Түнгі сағат ондардың шамасында оған «Қоқанбаев  іздеп жатыр» деген хабар келген.  Осыдан кейін Әміреев сенімді әріптесі Қамбаров деген азаматқа 13 миллион теңгені  Қоқанбаевтың үйіне апарып беруді тапсырған. Қамбаров жарты сағаттан кейін ақшаны Қоқанбаевтың пәтеріне апарып берген. Ертеңіне, 13 маусымда антикордың қызметкелері басқарма басшысының пәтерге тінту жүргізген кезде 13 миллион теңге салынған қара пакетті тапқан... Қайталап айтайық, бұл тергеушілердің жасаған тұжырымы. 

Алайда сот барысында Қоқанбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Оның айтқанына сенсенк, мердігер компанияның өкілінен пара сұрамаған, қарыз сұраған. Ақша Кореядан «К-5» көлігін алдыру үшін қажет болыпты.  Шенеунік көлікті әкелген соң қайта сатып, Әміреевтің ақшасын қайтарып беру ниеті болғанын алға тартқан. Бұған сенуге бола ма?

Бір қызығы, мұны жәбірленуші Әміреев те растайды. Ол Қоқанбаевтың өзіне қарызға ақша тауып бермеген жағдайда серіктестікке қандай да бір қиыншылықтар туғызатыны туралы сөздер айтпағанын, қысым көрсетпегенін, ал басқарма басшысы тарапынан қысым болуы мүмкін деген мәселе өзінің жеке пайымдауы екендігін мәлімдеген. Басқа куәгерлердің бәрі де бір-бірімен келісіп алғандай, Қоқанбаеватың дәл сол кездері көлік алу үшін шарқ ұрып қарыз іздеп жүргенін растайды. 

Айтпақшы, іс бойынша біраз бейнежазба, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері, сараптама қорытындылары бар. Алайда сот олардың бәрі  сотталушы М.Қоқанбаевтың жәбірленуші Д.Әмреевтен қаражатты қасақана қызметтік өкілеттіктеріне теріс пайдалану жолымен алғанын растамайды деп тапқан.

Нәтижесінде сот бұл іс бойынша күмәнді жайттардың көп ендігін, ал заң бойынша күдік-күмәннің бәрі  сотталушының пайдасына шешілетінін алға тартады. Ақыр соңында  Қоқанбаевты тағылған айып бойынша ақтаған. 

Айтпақшы, Қоқанбаевтың Әміреевтен қарыз сұрап жүргенін антикор алдын ала қайдан біліп қойған десеңізші?! Шамасы жемқорлыққа қарсы қызмет басқарма басшысының басқан ізін аңдып отырғанға ұқсайды. Сот үкімінде жәбірленуші Әміреевтің Қоқанбаевқа қатысты арызын 19 маусымда жазып бергені келтірілген. Яғни, арыздың басқарма басшысы ұсталғаннан кейін жазылғаны аңғарылады. Бұдан кейін антикор шенеунікті әдейі арандатты ма деген күдіктің  қылтиятыны рас. Бұған енді антикордың Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин, Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов не айтады? Прокурорлар бұл істі жылы жауып қоя сала ма әлде қалалық сотқа апелляциялық шағым бере ме? 

Естеріңізде болса, Қоқанбаев маусымда ұсталса, бір айдан кейін қала әкімінің көлік саласын бақылау жасайтын орынбасары Мақсұт Исахов тұтқындалды. Артынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті Исаховтың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын жария етті. Бірақ әкім орынбасарының нақты қандай қылмыс жасағанына қатысты түсініктеме берілген жоқ еді. Сол кездері Исаховтың тұтқындалуын кейбіреулер Қоқанбаевтың ісімен байланыстырған.   Жуырда Исаховтың пара берді деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. 

- М.Исахов пара берді деген күдікпен ұсталды. Оған қатысты қамауда ұстау бас шарасы қолданылды. Тергеу амалдары жүріп жатыр,- деп хабарлады Бас прокуратураға сілтеме жасаған BES.media порталы. Ал берілген параның көлемі, ел аузындағы 200 мың доллар туралы әңгіменің анық-қанығы әзірге белгісіз. Қылмыстық істің ұзаққа созылғанына және қамауда отырғанына қарағанда, М.Исахов өзіне тағылған айыппен келіспеген сияқты. Бәрін уақыттың еншісіне қалдырдық. Қоқанбаевтың ісіне қайта оралсақ.

Қоқанбаев істі болып жатқан кезде  қала әкімі Мұрат Әйтенов креслосымен қош айтысып бара жатып, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарамасының басшысы лауазымына дәл осы қызметті Түркістан облысында атқарған Ролан Ибрагимовты тағайындаған еді. Енді қалай болады? Ибрагимов  Қоқанбаевқа орнын қайтарып бере ме? Әлде қаланың қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбеков оған басқа бір тәуір жұмыс тауып бере ме? 

Не де болса, үкімнің заңды күшіне енгенін күтіп көрейік. 

Бағдат Мусин негізсіз анықтама сұрайтындарды жауапқа тартуды сұрады
Шөкеев жарыққа шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу