«Дүниесіне сенген депутат заңға бас имей отыр»

Oinet.kz 11-03-2026

Төреайым Сұлтанованың үстінен арызданған тұрғын осылай дейді

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, ерлер қауымы аяулы қыз-келіншектерді құттықтап, нәзік  жандылардың алды Президенттің қолынан орден-медаль алып жатқан тұста «Рейтинг» газеті мен oіnet.kz порталының редакциясына оқырмандарымыз хабарласып, есімі көпке белгілі, елдің аманатын арқалаған, сырт сөзге өте мейірімді, айналасына шуақ шашып жүргендей көрінетін бизнесмен ханымның үстінен шағым айтты.  

MyCollages.jpg

Ол ханымның аты-жөні Төреайым Сұлтанова – Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының белсендісі.  Оның үстінен арызданушы Әлия Исмайылова есімді әжей, Шымкент қаласы №4 шағын аудандағы көпқабатты үйдің тұрғыны. Әжейдің сөзіне сенсек, депутат-кәсіпкер Сұлтанова оны басынып, намысына тиетін сөздерді айтыпты. Өткен аптада Әлия әжей: – Төреайым Сұлтанованың заңсыз салған ғимаратына қатысты шағымданбаған жерім жоқ. Бүгін «Аманат» партиясынан арнайы комиссия келмекші. Сіздер де келіп, менің арыз-шағымымды тыңдаңыздаршы,– деген соң қаладағы Момышұлы көшесіне қарай жолға шықтық.  

Сонымен ар-намысқа тиюге, басынуға алып баратындай бұл неғылған дау-дамай? 

– Бірнеше жыл бұрын біздің тұрғын үйдің қасынан депутат Төреайым Сұлтанова құрылтайшылық ететін жекеменшік «Bіlіm orda» деп аталатын мектептің құрылысы басталды. Құрылыс ұлғая келе, дәл үйіміздің түбінен мектептің спортзалы салынды. Құрылыс жұмыстары талапқа сәйкес емес. Сәйкес болмайтын себебі нысан біз тұратын тұрғын үйден бар-жоғы 1,3 метр қашықтықтан бой көтерген.  Қазір пәтеріміздің екі бөлмесіне мүлдем күн сәулесі түспейді. Ғимараттың үстінен сорғалаған су үйдің іргетасына қарай ағады.  Соның салдарынан жертөлеміз су болып жатыр (мұны сол жерде жүрген мектептің қойма меңгерушісі де растады. ред.) Енді баспанамыздың қабырғалары жарылмасына кім кепіл?!  Қазірдің өзінде бірінші қабаттағы менің пәтерімнің қабырғалары көгеріп жатыр. Жалпы бұл мектеп құрылысының сапалы жүргізілгеніне, талапқа сәйкес келетініне  күмәнім бар. Мысалы  қараңыз, балалар ойнайтын мектеп ауласында трансформатор тұр. Сонда мектеп әкімшілігі баланың өмірін ойыншық көре ме? Осыншама заңсыз тірліктерге  қаланың құрылыс саласына жауапты мекемелері қалайша рұқсат берген? Ал заңдылықты қадағалайтын мекемелердің көзжұмбайлық танытуының  өзіндік себебі бар. Өйткені  қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы (бұл бұрынғы ГАСК. ред.)  басшысының міндетін атқарушы Алдияр Мұсабаев депутат Төреайым Сұлтанованың ұлы, – деді Әлия әжей.    

Screenshot_3.jpg

Біздің түсінгеніміз, Төреайым Сұлтанова мектеп құрылысын бастар кезде  бар-жоғы 4 отбасыдан тұратын тұрғын үйді сатып алмақ болған.  

– Менің үш бөлмелі пәтерімде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Еуроремонт жасайтындай ақша  қарапайым зейнеткерде қайдан болсын?!  Сұлтанова  үш бөлмелі пәтерімді көрген соң  13 миллион теңгеге бағалады. «Бұл қазіргі нарықтағы баға» деп айтты. Бұл сомаға мен бір бөлмелі пәтер де ала алмайтынымды айтып едім, депутат ханым  шамданып қалды. Содан  арамызда келіспеушілік орын алды. Екеуіміз  оңаша қалғанымызда менің ар-намысыма тиетін сөздерді айтты.  «Сен өзі кімсің? Менің қолымда билік те бар, дәулет те бар, сендейлерді таптап өтемін» деді. Дәулетіне сенген депутат осылайша заңға мойынұсынбай отыр. Енді қазір «пәтеріне 300 миллион теңге сұрады» деген сөз таратып жіберіпті. Бұл жалған. 300 миллион деген ақылға сыймайды. Мен ойлана келе пәтерімді мүлдем сатпау туралы шешімге келдім. Сатпаймын. 30 жыл тұрған баспанамды ешкімге бермеймін, – деді Әлия Исмайылова.  

Осы кезде «Аманат» партиясынан келген комиссия да  жетті. Ол бірден іске кірісіп кетті.  

Screenshot_5.jpg

Комиссия құрамында қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының өкілі де бар екен. Өкіл спортзалды заңды салынған деп нақты айта алмады. Бұдан кейін құрылыстың әу баста сәулет-жобалау тапсырмасы бойынша жүргізілгенін, ал бұл тапсырма қалалық сәулет және  қала құрылыс басқармасы тарапынан берілгенін, жалпы ГАСК-тің ешқандай рұқсат бермейтінін мәлім етті.  Ал енді қазіргі уақытта сот процесі жүруіне байланысты тексеру жүргізе алмайтындықтарын алға тартумен болды. Сонымен бірге басқарманың өкілі  Әлия Исмайылованың жазған арызы бойынша тексеру жүргізіліп, құрылысты тоқтатып тастағанын да айтып қалды. Алайда Әлия Исмайылова құрылыстың бір күн де тоқтамағанын шырылдап айтумен болды. Сонда кімнің сөзіне сенеміз? Әлия әжейдің айтқаны шындыққа жақынырақ-ау деп топшыладық.  Өйткені спортзалдың құрылысы тоқтамағаны былай тұрсын, ол толығымен аяқталып, әлдеқашан пайдалануға беріліп қойылған. Өйткені дәл сол кезде қабырғаның арғы жағынан оқушылардың спортпен айналысып, улап-шулаған, дүрсілдеген дауыстары қатты естіліп тұрды (мұндай у-шу Әлия апайдың пәтерінің ішінен де сезіледі).  

Screenshot_6.jpg

– Жалпы менің арызданып жүріп білгенім, мұндай ғимарат тұрғын үйден кемінде 6 метр қашықтықта болуы тиіс. Ал егер терезе қараған жақ болса кемінде 15 метрден бой көтеруі керек. Терезе жақ екендігіне қарамастан спортзал біздің тұрғын үйден 1,3 метр жерден салынып кеткен. Сонда бұл қалай? – деді Әлия әжей. 

Арызданушының айтуынша, бұл мәселені былтыр қала әкімінің тұрғындармен кездесуінде де көтерген (әжей бізге осы жөнінде «Уақыт ТВ» телеарнасынан берілген видеоны көрсетті). Ғабит Сыздықбеков бұл мәселені білетінін, бәрі сот арқылы шешілетінін айтқан. Енді осы сот процесіне кезек берейік.  

Біз Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының биыл 5 ақпанда шығарған ұйғарымымен танысып шықтық. Талапкер «Bіlіm orda» дарын мектебі» ЖШС жауапкер Алия  Исмаилованың әрекеттерін құқықты теріс пайдалану (шикана) деп тану туралы талап арыз берген. Шикана –адамның өз құқығын әдейі басқа біреуге зиян келтіру үшін пайдалануын білдіреді. Талапкер арызында Исмайылованың мемлекеттік органдарға жазған арызы кәсіпкерлікке кедергі келтіргенін, құрылысқа қажетті рұқсаттың бәрі бар екенін баса көрсеткен. Алайда сот талап арызды қанағаттандырмаған.  

Сот ұйғарымында:  

– Жауапкердің мемлекеттік органдарға жүгінуі Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген құқық болып табылады, – деп, азаматтық іс қарауды тоқтатқан. Алайда бұған келіспеген мектеп әкімшілігі апелляциялық шағым берген. Қазір іс Шымкент қалалық сотында қаралып жатыр. Яғни, бұдан мектеп басшылығының Әлия әжейдің аузын сот арқылы жауып, Конституциялық құқығын шектемек болған деген қорытынды жасауға болады.  

«Аманаттан» келген комиссияның өкілдері Әлия әжейге қалай болғанда да бұл істі өзара келісіммен,  бітіммен шешу қажеттігін айтумен болды. Партия өз белсендісі һәм депутат Төреайым Сұлтановаға  қатысты ушыққан даулы мәселені одан әрі қаузай ма, жоқ әлде жылы жауып қоя сала ма? Оны уақытында көре жатармыз.    

Ашық дереккөздерінен  алынған мәліметтерге қарағанда, Төреайым Сұлтанова  2012 жылдан бергі аралықта Шымкент қалалық мәслихатының төрт шақырылымының депутаты. «Алдияр-фарм» ЖШС-ның директоры. Оның «Ай нұры» деп аталатын жекеменшік медициналық орталықты,  2023 жылы «Bіlіm ordasі» жекеменшік мектебін  ашқаны туралы  ақпарат бар (Сұлтанованың өзі қазір осы медициналық орталықтағы «Аманаттың» «Ай нұры» бастауыш партия ұйымының төрағасы екен). Жекеменшік емхана да, мектеп те қазіргі уақытта өте табысты бизнес болып тұр ғой. Бұл екі мекеме мемлекеттен қанша тапсырыс алатынын тиісті басқармалар айта жатар. Бұл тапсырыстарға  депутаттық мандаттың қаншалықты қатысы бар? Түк те қатысы жоқ дегенге бәрібір ешкім сенбейді ғой.  

   

Ал енді Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алдияр Мұсабаев еңбек жолында прокуратурада, заң саласында және жоғарыда аталған, депутат Сұлтанова негізін қалаған  «Ай Нұры» ЖШС-ның директоры қызметін атқарған. Ол Әлия әжей айтпақшы расында да Сұлтанованың ұлы ма, әлде олай емес пе,  біздің онда шатағымыз жоқ (депутаттың ұлы ГАСК-ке басшы болмасын деген заң жоқ, әрине). Бірақ біз Әлия әжейдің айтқан шағымынан кейін Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау, сонымен бірге қалалық сәулет және қала құрылыс басқармасына мынадай екі журналистік сауал жолдағанды жөн көріп отырмыз: 

Біріншіден:  

– Тұрғын үйден бар-жоғы 1,3 метр қашықтықтан  спортзал салу талапқа сай келе ме? Келмесе,  осы жөніндегі сәулет-құрылыс тапсырмасы қалайша берілген?    

Екіншіден: 

– Егер құрылыс талапқа сай келмесе, онда оған тиісті шара неге қолданылмайды? Естеріңізде болса, былтыр қалалық орта сапасын және бақылау басқармасы бір кәсіпкердің жекеменшік жатақханасы тұрғын үйден 6 метр қашықтықта салынғаны үшін  оны сот арқылы бұздыруға әрекет жасағаны қоғамда үлкен шу тудырған. 6 метрге сонша өре түрегелген басқарма тұрғын үйден бар-жоғы 1,3 метр жерден салынған спортзалға неге көзжұмбайлық танытып отыр? Бұл не? «Көрмес түйені де көрмес» пе? Әлде «Мамасының бизнесін қорғау ма?»  

Сұрақ бізден болды, жауапты қос басқармадан күтеміз. Тақырыпты осыдан кейін әрі жалғастыратын боламыз.  

P.S. Егер Төреайым Сұлтанованың айтар уәжі болса,  біз жариялауға әзірміз. 

Абылай ЕСІМБАЙ, 

"Рейтинг" газеті

Шымкенттік тұрғын 0,1900 гектар жер үшін 83 млн теңге өтемақы алды
Иран қанша бейбіт тұрғынның қаза тапқанын мәлімдеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу