Үйді таза ұстаудағы негізгі талаптар қандай?

Oinet.kz 26-02-2019 1416

294-1476219863-7ff5522af1.jpg

Бірінші талап. Ол – бөлмелердегі тазалық. Бұл мұнда өмір сүрушілердің көңіл күйлері мен денсаулығы үшін аса қажет. Сол себепті бөлмелерді жиі тазалап, ауасын жаңартып, шаң-тозаңын кетіріп, иісін жақсартып тұру қажет. Бөлмелерге әртүрлі жиһаздарды толтырып, заттарды жинай беру шаңның көбеюіне жол береді, үйді таза ұстауды қиындатады.

Тазалық сақтау үшін мынандай жұмыстарды атқару қажет:

1. Күн сайын бөлменің, ондағы заттардың шаңын сүртіп тұру.

2. Еденді дымқыл щеткамен, сыпырғышпен жайлап сыпыру.

3. Аптасына екі рет еденді жуып отыру.

4. Терезені, жақтауын кірлетпей сүрту.

5. Жұмсақ мебель мен кілемдерді шаңсорғышпен тазалау.

6. Күніне 3 рет терезе желдеткішін 30 минуттай ашып, бөлмелерді желдету: а) таңертеңгілік дене шынықтырғанда. ә) бөлмені жинастырғанда. б) ұйықтар алдында.

7. Жазда терезеге тор ұстап, ашып қою.

8. Бөлменің ауасын тазарту үшін механикалық желдеткіштерді де пайдалану.

9. Үйдегі, дәретханадағы, ас бөлмесіндегі ауа тартқыштарды тазалап, ашық ұстау.

10. Жуылған кірді балконда, аулада жайып, кептіру (үйде кірді кептіргенде сыз тартады, ауаны ылғалдайды).

 Мұның бәрі «Тұрғын үй гигиенасы» деп аталады. 

Екінші талап. Бұл киім-кешек, заттарды шашып тастамай, жинақы ұстау. Сырттан үйге кірісімен-ақ шешкен киімдерді, қолға ұстаған заттарды өз орнына апарып қою қажет. Сыртқы киімдерді жатын бөлмеге апармайды. Ол бөлменің тазалығын, иісін, жинақылығын бұзады. Киім-кешектерді ерлер мен әйелдердікін араластырып ілмейді. Кеңсе заттары, крем, дәрі-дәрмектерді салған сөмке, портфель, қалталарды ас үйге апармайды. Керексіз заттардың жиналып қалмауына, автокөлік бөлшектерінің дәліз, бөлмелерде, балкондарда сақталмауына назар аудару қажет. Олар жан-жағын ластап, улауы мүмкін. 

Үшінші талап. Ол – үй ішінің санитарлық жағдайын қатаң сақтау. Ас үйде тамақты ашық қалдырса, тағам қалдықтарын уақытында төгіп, ыдысын тазартып, жуып тұрмаса, үйде шыбын-шіркей, түрлі құрт-құмырсқаның қаптауы ықтимал. Ыдыс-аяқ уақытылы жуылмай, ас үйде үйіліп қала беретін болса, ол кеміргіштері мен жәндіктерінің пайда болуына жағдай жасайды, үйдегі ауаның иісін бұзады. Жуынғаннан кейін ваннаны да жақсылап тазалап, су ағатын тесікті арнайы щеткамен тазартып тұрған жөн. Дәретхананың ішін де дезинфекциядан өткізіп тұру қажет. Қабырғаның, төбенің сылағы түскен, жарылған, көгерген жерін уақытында жөндеп, әрлеп тұрмаса, бұл да үй ішінің санитарлық жағдайын нәшарлатады. Жатын бөлмесінде, ас үйде, қонақ бөлмесінде иісі күшті лактар мен бояуларды қолданбаған дұрыс. Терезелерді тұмшалап, бөлме ішіне күннің сәулесін, жарығын түсірмеу – үй ішінің санитарлық жағдайын ауырлатады.

Төртінші талап. Бұл – үй жиһаздары мен мебельдерді дұрыс орналастыра білу. Мұнда әр заттың пәтерге көрік, жайлы жағдай туғызуына айрықша көңіл бөлінеді. Ең бастысы, олардың бөлмеде жүріп-тұруға, дем алуға, жұмыс істеуге, қонақ күтуге қолайлы болғаны, терезеден түсетін жарықты көлегейлемеуі, батарея жылуын жауып тастамауы, үйдің ішін жуып, сыпырып тазалауды қиындатпағаны, құлап кету қаупінің жоқтығы, бір-бірімен жарасымды үйлестік табуы. Жиһаздар мен мебельдердің әр бөлмеге арналған түрлері бар. Оны шатастырмай, қалыптасқан дәстүрден ауытқымай өз орнына қоя білген оңды.

Бесінші талап. Ол – есік, терезелердің еркін ашылып, жабылуы, қауіпсіздігі. Үй бөлмелерінде алынып тасталған есік болса, орыны бос тұрмасын. Оған жаңасын салыңыз. Өйткені, есігі жоқ босағадан жағымсыз қуаттар ерсілі-қарсылы еркін өтетін болады. Сөйтіп, үй ішінде ретсіздік қалыптасады. Егерде есік топсасынан дыбыс шықса, уақытында майлап, кірін тазалап, жуып тұрады. Есік екі бөлек болса, екеуін де бірдей ашып, жабады. Мұны шығыс ілімі талап етеді. Терезелерге де қойылатын талап осындай. Үйдің сыртқы есік, терезесі мықты болса, ұрылар ішке кіре алмайды. Тек, үй ішінде өрт тәрізді кездейсоқ апатты жағдайлар туа қалса, есік, терезе тысқа шығуға қолайлы болсын. Есік, терезе суық, су өткізбесін. Одан сырттағы дауыс ішке естілмесе, тіпті жақсы. Және де төменгі қабатта тұратын болсаңыз, терезеңіздің түбінде автокөліктің тұрмағаны жөн.

Алтыншы талап. Бұл – пәтердің зиянсыз заттармен әрленуі, әсемделуі. Оған әр бөлмеге тән түстерді дұрыс таңдап оны сырлау, сылау, түсқағаздарын жапсыру, шамдарды іліп, зоологиялық мүйістерді орналастыру, қабырғаға суреттерді ілу, өсімдіктерді, тұрмыстық заттарды қою, ою-өрнектерді пайдалану жатады. Өйткені, әр нәрсені орналастырудың өз заңдылығы, тәртібі бар. Одан ауытқысаңыз, оның денсаулығыңызға, өмір жолыңызға зиянын да тигізуі ғажап емес. Сондықтанда үйде зоологиялық мүйіс ұстағыңыз келсе, өсімдіктер өсірмек болсаңыз, әрқайсының жеке қасиеттерін, табиғатын біліп алыңыз. Сонда қателеспейсіз. Және үйде өсіретін де, өсірмейтін де, қабырғаға ілетін де, ілмейтін де заттар бар. Мұнан да хабардар болғайсыз.

Жетінші талап. Ол – жеке үйдің, пәтер бөлмелерінің табиғатпен үйлесімділік заңына сәйкес салынуы, орналасуы. Мұның қалада көп қабатты тұрғын үйлер саларда ескеріле бермейтіні белгілі. Егерде жеке үй, котедж салатын болсаңыз, оның құрылысы жөнінде Шығыс ілімінің мамандарымен пікірлескеніңіз абзал.

Дереккөз : anabol.kz

Киімді қалай таңдау керек?
Үтікті қалай тазалауға болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу