Латын әліпбиіне көшудің құны қанша тұрады?

Oinet.kz 29-11-2017 1195

Жасыратыны жоқ, латын әліпбиінің Президентке ұсынылған соңғы нұсқасы тез арада қабылданып кетеді дегенді көпшілік күтпеген сияқты. Өткен аптада Ақордада Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен оның бірінші орынбасары Марат Тәжинді қабылдаған Елбасы жаңа нұсқаны қабылдау жөнінде арнайы жарлық шығару қажеттігін айтты. 

Screenshot_9.jpg

–Комиссия жұмысын аяқтады. Соңғы нұсқа жарияланды. Ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ортақ мәмілеге келді. Жалпы, қоғам қолдап отыр, – деді Қазақстан президенті. Көпшілік қолдаған соң бұдан артық не керек? Артынша президент жарлыққа қол қойды. 

Қазір қоғамда апострофтар арқылы жасалған графикалық нұсқаға қатысты сынның бары да жасырын емес. Қолдап жатқандар да көп. Бұл шешімнің «бір қадам алға, екі қадам артқа» екендігін айтушылар да жоқ емес. Қалай десек те енді артқа шегінетін жол жоқ. Ендігі мәселе -латын әліпбиіне көшіру қалай жүргізіледі?

-Мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиі кезең-кезеңмен енгізілетін болады. Бірінші кезекте, Үкімет тарапынан қазақ тілінің латын графикасын енгізу бойынша жұмыс тобы құрылады,-деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Айтқандай, латын қаріпіне көшу бюджетке де әжептәуір салмақ салатын түрі бар.  Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, кириллицаны латынға көшіретін конвертер  құратын порталдың  авторлық құқығын тіркеудің өзіне 56 миллион теңге қажет екен. Министрдің сөзінше, республикалық комиссия құрылғанға дейін латын әліпбиіне көшуге нақты қанша қаржы керек екенін айту қиын. Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «латынға көшу бойынша негізгі шығындар бірнеше жылдан кейін ғана бөлінеді» деді. 

Латын әліпбиіне көшу 3-4 жылдың айналасындағы шаруа емес.  Тіпті ол 2025 жылға дейін толық аяқталмауы мүмкін. Бұған латын тілін 24 жыл бойы  әлі күнге толық ендіре алмай отырған көршілес Өзбекстан мысал бола алатын сияқты.  

Өзбекстанда латын қаріпіне көшу 1993 жылдан басталған. 

Бұл процесті билік 2000 жылға дейін толық аяқтауды жоспарлаған. Кейінен бұл мерзім 2005 жылға, бұдан кейін 2010 жылға шегерілген. Алайда бұл мерзімде де өзбектер 100 пайыз латын жазуына көшіп кете алмаған. Қазірдің өзінде елдегі басылымдардың 70 пайызы бұрынғысынша кириллицада жарық көреді. Неге? Ғалымдардың айтуынша, Өзбекстанда қабылданып кеткен латын әліпбиіне қайта өзгеріс енгізу де бұл процеске кесірін тигізген. Дәл осындай жағдай  латын қаріпіне тоқсаныншы жылдары көшкен Түркіменстанда да қайталанған. Елде ресми қабылданған жаңа әліпбиге осы уақытқа дейін екі рет өзгеріске ұшыраған. Күні кеше қабылдаған әліпбиге біз де ертең өзгеріс енгізуге мәжбүр болмаймыз ба? Түркіменстанда латын қаріпіне көшіру мектептен басталды. Алайда латын әріпіндегі жаңа оқулықтардың жетіспеушілігінен кейбір мектептер бұрынғысынша кириллицамен оқыған. Қазақ мектептерін қазірдің өзінде оқулықпен 100 пайыз қамтамасыз ете алмай отырған Білім және ғылым министрлігі мойнына алған міндетті мінсіз атқарып шыға алады ма? 

Жалпы алғанда латын қаріпіне қосылуды қазақ қоғамы өте жақсы қабылдады. Бұл қадамның Ресейге, елдегі орыс тілді ағайындарға ұнамай жатқаны жасырын емес. Латын жазуына көшудің астарынан саясат іздеушілер де бар. Сондықтан досқа күлкі, «дұшпанға таба болмас» үшін мәселені «жеті рет өлшеп бір рет кескенге не жетсін». 

«Ай мен Айша» түрік тіліне тәржімаланды
Мұхит Отаршиев: «Масылдық психологиядан арылту – басты назарда»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу