Сәкен Сыбанбай: «Латын қарпіне ауысуға қарсымын»

Oinet.kz 29-01-2021 2918

559f8c4c6e9b957673e6739affb75c5a_resize_w_742_h_365.jpg

– Қазақ журналистикасындағы сөз саптау, тілдік норма, стилистика мәселесіне назар салып, қателерді ашық айтып жүрсіз. Жалпы қазір журналистиканың қателіктен көз ашпай отырғаны жасырын емес. Бұған не себеп? Ертең латын қарпіне көшсек, қателіктің астында қалмаймыз ба?

– Турасын айтайын, мен латын қарпіне ауысуға қарсымын. Кирилл қарпінен айрылғым келмей, орысшылдығым ұстағаннан емес, қазақ тілінің қазіргі ахуалында қаріп ауыстырудың қауіпті екенін ойлағаннан. Қазақстан тұтас біртілді – қазақтілді ел деңгейіне жетпейінше, қаріп ауыстыру бізге тиімді емес, керісінше, ол тілге, ұлтқа, елге орасан зор зиянын тигізеді:

біріншіден, билік пен елдегі орыстілді қауым мемлекеттік тілді біржола жылы жауып қояды, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін толыққанды иеленбек түгілі, бүгінгі күніне зар болып қалады;

екіншіден, латын қаріпті қазақ тілі тек қазақы қазақтардың өз ортасында, шектеулі шеңберде ғана қолданылатын жартыкеш тіл болады, билік пен орыстілді орта кириллицамен (орыс тілімен) сол бұрынғысынша сайран сала береді, яғни елдегі тілдік жік тіптен өрши түседі;

үшіншіден, мұның бәрі біздің балаларымызды мәңгүрт қып бітеді; онсыз да үштұғырлы тіл, жаңартылған білім жүйесі сияқты «реформалармен» былыққан білім саласы біржола тоқырайды; қазақ мектебіндегі оқушылар акутты латын қарпімен – қазақ тілін, акутсыз латын қарпімен – ағылшын тілін, кирилл қарпімен – орыс тілін оқып, миы ашиды. Үш тілді үш түрлі қаріппен оқитын баланың миы ботқа болмай не болады?

Кириллицадан бас тарту – елімізді Ресейдің ықпалынан құтқара алмайды. Орыс әлемінен алыстау үшін әуелі мемлекет басшылығы алдына сондай мақсат қоюы керек. Отарсыздандыру саясатын жүргізуі керек. Ресейдің мәдени-ақпараттық бұғауынан құтылуға күш салуы қажет. Ресейден ірге бөлуге бағытталған мақсатты жұмыс, түбегейлі саясат жүргізіліп, қаріп ауыстыру сол мақсаттың құрамдас бөлігі болып, үдеріс тұтаса жүргенде ғана орыс әлеміне тәуелділіктен арылуымыз мүмкін. Оның басты, негізгі, қажетті міндеттерін атқармай, құр әліпби ауыстырып-ақ құтылып кетеміз деу – қиял! Бензин құймасаң, тек рульді айналдырып, газды баса бергеннен машина жүрмейді ғой, сол сияқты...

Ал қазіргі журналистердің сөз саптауындағы олқылықтарға келсек, мұның бәрі – сауатсыздықтан деп ойлаймын. «Сауатсыз» болғанда, сырттай бәрі сауатты ғой – әріп таниды, сөйлем құрайды, жаза алады. Бірақ қазақ тілінің өзіне тән заңдылықтарын білмейтін, сөздік қоры жұтаң, тіл байлығы кем, балталасаң да бұзылмауға тиіс тұрақты тіркестердің тоз-тозын шығарып, олай да былай оңды-солды қолдана беретін журналистер көбейіп кетті. Сөзі жатық, сөйлемі дұрыс, қай жағынан да қатесіз бір сауатты мақала оқи қалсақ (ілуде бір), сол үшін-ақ авторын іздеп тауып, қуып жүріп ұстап тура бетінен сүйгің келетін халге жеттік. Біздің орыс тіліне тәуелділігіміз де өз зиянын тигізуде: орысша ойлап барып қазақша сөйлем құрау, қалың калька қаптап жүреді. Жер-су атаулары, халықаралық, салалық терминдер тіпті әркімнің құлағының қалай естуіне қарай жазыла салатын болып барады. Құрығанда «гуглға» салып тексеруге де ерінетін секілді...

Қысқасы, журналистердің сауат деңгейі құлдырады, ой өрісі, таным көкжиегі тарылды. Ғаламтор дамыған, айналадан ақпарат саулаған заманда сауатымыз артып, дүниетанымымыз тереңдей түссе керек еді, оның орнына кері кетіп бара жатқанымыз маған мүлде түсініксіз.

– Қазіргі таңда телеарналардағы рейтинг көтеру мақсатында ғана көрсетіліп жатқан бағдарламалар турасында не айтасыз? Жұртты бір-бірімен айтыстыратын, отбасы, ошақ қасындағы әңгімелерден ұзамайтын осындай бағдарламалар халықты тәрбиелей ме? Қоғам санасын улайтын сапасыз жобалардан қалай құтыламыз?

– Осыдан он бес жыл бұрын ғой деймін, «Жас қазақ» газетінде сауалнама әзірлеп отырып ақын Есенғали Раушанов ағаға хабарластым. «Қандай газет-журналдарды оқисыз?» деп сұрасам, «ешқайсысын қадағалап қарай бермеймін» дейді. «Қай телеарналарды көресіз?» десем, «ешқайсысын көрмеймін» дейді. «Аға-ау, сонда ақпаратты қайдан аласыз?» деймін ғой, сөйтсем, «шырағым, ертең менің жасыма келгеніңде, саған да ақпараттың қажеті болмай қалады» деп еді.

Ағамның сол жасына келдім білем, мен де қазір теледидар көре бермейтін болдым. Біріншіден, көз тоқтатып қарай қоятын да дүние аз. Екіншіден, онсыз да ғаламтордан, әлеуметтік желіден, ұялы телефоннан сәт сайын анталап келіп жатқан ақпараттық тасқынның шырмауында отырған соң, теледидарды  аса қажет те етпейтін болыппын. Ал сен айтып отырған телебағдарламалар туралы тек елден естимін. Қолы бос адамның құр қызықтап, уақыт өткізуіне ғана жарамаса, ол хабарлардан қоғамға еш пайда жоқ екені белгілі. Олардан құтылу үшін алдымен рейтингке тәуелділіктен арылу керек. Арна басшысы рейтинг баққан сайын жарнама жияр, ақша әкелер осындай жеңіл-желпі, ұсақ-түйек тақырыптармен алдандыратын арзан дүниелерге байлана береді. Бұл – бүгінгі рейтингшіл уақыттың айықпас дерті. Теледидар деген – бір мезетте миллиондар көретін алып аудитория болғандықтан, сол аудиторияның көңіл көкжиегін кеңейтер, мәдени өресін биіктетер, санасын жаулар құдірет болуы керек еді. Осы бір «сиқырлы жәшікті» тиімді пайдаланудың орнына эфиріміздің денін былжырақпен толтырып отырғанымыз өкінішті.

– Кино мен ән – өшпейтін, үнемі жаңа тұлғалармен жаңарып, даму үстінде жүретін өнер. Сіздің бұл екі бағытта да сыни материалдарыңыз аз емес. Бүгінде өзіңізден өзге сыни пікірлерді дұрыс айтып жүрген сыншылардан кімді атай аласыз?

– Журналистикаға келген бетте өз басым мынадай қағиданы ұстандым: «елдің, ұлттың, қоғамның қол жеткен жетістігі мен табысын ешкім тартып алмайды, сол жақсылықтардың жаршысы боп жүрген әріптестерім де баршылық, ендеше басты назарды неге етектен тартар кемшіліктер мен кедергілерге аудармасқа?». Осы ұстаным мені үнемі не нәрсеге болсын сын көзімен қарауға дағдыландырды. Мен өзімді сыншымын деп есептемеймін, бар-жоғы журналист қанамын. Дегенмен дұрыс сын, тілеулестік ниетпен айтылған сын кемшілікті лезде түземесе де, сол мәселеге басқа қырынан қайта қараудың өзіне сеп болып жатса құба-құп қой. Рас, «Осы біреуге-ақ ештеңе жақпайды екен, тегі...» деп ренжігендер де аз болған жоқ. Адамдарда түрлі көзқарас бола береді, бұл – табиғи нәрсе.

Қазір руханият тақырыбында өнімді жазып жүрген Назерке Жұмабайдың өрелі мақалаларын сүйсініп оқимын. Қай мәселеге де тосын ракурстан қарауға тырысатын Роза Қараеваның жазғандарына тәнтімін. Шолпан Рақымқызы да өнер туындыларын жақсы талдап жазып жүр. Кейінгі уақытта түрлі себептермен біраз сиретіп алса да, Әсия Бағдәулетқызының сараптамаларын қалт жібермеуге тырысамын. Мирас Асанның ойлы мақалалары да ұнайды.

– Қолыңызға қалам ұстап, журналистика саласында еңбек етіп жүргеніңізге 30 жылға жуықтапты. Жалпы осы бағыттағы қай кезең сіз үшін мол тәжірибе, ерекше із қалдырды?

– «Ақ желкен» журналында әйгілі Фариза Оңғарсынова апайдың тәрбиесінде болған екі жыл – еш ұмытылмайтын ерекше шақ. Бұл – менің журналист ретінде қалыптасу кезеңім еді. Кейін «Ана тілі» газетінде екі жарым жыл жұмыс істеп, сөз зергерлері Жарылқап Бейсенбайұлы мен Марат Қабанбайдың мектебінен өттім, шыңдалдым, төселдім. Жазған-сызғанымды қырнап-жонып, «артық майынан» арылтып, қаламымды «таң асырып», тұлпардай жаратқан осы ұстаздарыма разымын. Ал қазақ баспасөзінің байырғы ұстаханасы – «Жас Алаштағы» сегіз жылым өз алдына бір төбе. Елге журналист ретінде танылсам, ол – осы жастар газетіндегі жалынды жылдардың жемісі деп білем... Араға жылдар салып, «Жас қазақта» бас редактордың бірінші орынбасары болдым. Газет шығару ісінің, ұжым жұмысын ұйымдастырудың бұрын өзім білмеген, бастан өткермеген қырларын меңгердім... Қысқасы, әр кезеңнің өз естелігі, өз ізі бар, бәрі де көкіректе қатталып қалады екен.

– «Газет журналистикасы көп ұзамай өледі» деген пікір көп айтылады. Сіз үшін бұл ащы да болса да шындық па?

– «Сенгім келмейтін шындық» дер едім. Жиырма жасымнан газетте істеп келе жатқандықтан, сене алмаймын. Рас, ақпаратты тез беруде басылымдар теледидар мен радионың да, ғаламтордың да алдына түсе алмайды. Бірақ газеттің бәрі жабылса, ғаламторға әлі қолы жете қоймаған оқырмандар қайтпек? Олардың ақпарат алу құқығын қайда қоямыз? Өзі ұнатқан немесе алдағы уақытта өзіне, болмаса ұл-қызына қажет деп тапқан материалдарды газет-журналдардан қиып алып, сақтап жүретіндер де азайған жоқ. Яғни сарғайса да, шеті мыжылса да, қарпі көмескіленсе де, қашанда қағаздың аты – қағаз. Таралымы бұрынғыдан күрт азайғанымен, хал-қадерінше елдің, ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап отырған да – газет.

Ғаламтордың игілігін бізден бұрын көріп келе жатқан дамыған мемлекеттердің өзі «Е, бүкіл ақпаратты, ойды, идеяны интернет арқылы-ақ таратып, игере беруге болады екен ғой! Онда газет-журналдың не керегі бар?» деп отырған жоқ. Олардың жетекші басылымдары қай заман, қандай қиындық болсын, мол тиражбен шығып келеді. Мәселен, Францияның «Монд» газетінің тиражы 320 мың болса, «Паис» (Испания) – 430 мың, «Нью-Йорк таймс» (АҚШ) – 570 мың, «Коррьере делла сера» (Италия) – 610 мың таралыммен шығады. Үндістанда ағылшынша «Хиндустан таймс» 1  млн. данамен таралса, хинди тіліндегі «Дайник бхаскар» газеті 2 млн. данамен шығады екен. Жапонияның атақты «Иомури» газеті 9 млн. данамен таралады! Егер газеттің, расында да, күні бітсе, сайттар мен порталдар заманы туса, осы аталған елдер бірінші болып ғаламторға түбегейлі көшпес пе еді? Газет-журналдарын жауып тастамас па еді?

Оның үстіне, компьютерден, смартфоннан жылт еткен шағын ақпарат, жедел хабар қарамасаңыз, ауқымды сұхбат, сүбелі мақаланы тұшынып оқи қоюыңыз неғайбыл. Ұзақ уақыт компьютерге үңілу көзіңізге де зиян. Баспахана иісі аңқыған газетті алдыңызға жайып салып, жамбастай жатып, асықпай оқығандай тұшынудың орны бөлек қой қашанда. Ал «Өмірімізге ғаламтор әбден дендеп енген заманда, газеттер қалай өзгеруі керек?» деген мәселе – расында да, ойланарлық нәрсе. Демек, енді газеттер басты назарды сараптамаға аударуы керек. Қысқалық пен нұсқалықты меңгеріп, аз сөзбен көп мағына жеткізуге тырысқан жөн. Көсіліп жазуға құмар қазаққа бұл да – бір сын.

– Қазіргі қазақ қоғамында әлеуметтік желі қолданудың мәдениеті қалыптасты ма? Жалпы әлеуметтік желінің сіздің өміріңіздегі орны қандай?

– «Қалыптасты» деуге әлі ерте. Әлеуметтік желі – ақпарат алмасудың, жаңалық білудің, көкейтесті тақырыптарды талқылаудың, түрлі көзқарастар тоғысының ордасы. Оған қол бос уақытта кіріп, өзіңе қажетті мәліметті алып, білетін мәселең туралы пікір білдіріп, қайтадан шығып кетіп, өз шаруаңмен айналыссаң қандай жақсы. Өкініштісі, сол жерден тұрақты айлық алатындай күні-түні телміріп отыратындар көп. Ойы өз пікірімен сәйкес келмейтіндермен сағаттап салғыласу, ұсақ-түйекке бола ұрыс-жанжал шығару, әдепке қайшы әңгіме айту – әлі де баршылық. Өз басым кейінгі жылдары әлеуметтік желіге аз ғана уақытқа кіретін болдым. Өйткені адамның уақытын тонайтын ұрының нағыз зоры сол екен.

– Жазушылық қабілет пен журналистік шеберлік сіз үшін бөле жарып қарайтын өнер ме?

– Әрине. Екеуі де сөз өнері болғанымен, әрқайсысының өз ерекшелігі, өз заңдылығы бар. Марқұм жазушы ағамыз Дидахмет Әшімханұлы «Мен көркем туынды жазуға отырғанда өзімнің журналист екенімді ада-күде ұмытамын» деуші еді. Прозаға журналистика қазанында әбден қайнап піскеннен кейін, кешірек келген мен де сол Дидағаңның ұстанымындамын. Көркем әңгімеге публицистикалық сарын, журналистік жазу мәнері араласса-ақ, оның көркемдік құнына нұқсан келеді. Сол секілді, мақаланы тым әдебилендіріп, әсірелеп жазу да – есекке ер салғандай ерсі көрінбек.

Әу бастан басты мақсатым – журналист болу, жаным қалаған жұмыс – газетте істеу еді. Телевизияға, радиоға қызықпадым. Көркем дүние жазу да ойда жоқ-ты. Рас, кейбір қаламгер ағаларым, тіпті қатарластарым «әңгіме жазбайсың ба, тілің бар, қабілетің бар ғой» деген, бірақ соған аса елең етпеппін. Сөйтсем, «ішіңе сөз түсіп» (М.Қабанбай), кеудеңді әлдене кеулеп, жегідей жеп, толғандырып, толғатып, жазбасаң отыра алмайтын халге түскеніңде, ешкім «жаз» демесе де жазады екенсің ғой. Рас, көп жазып тастағаным шамалы, бірақ әрекет бар, ізденіс бар. Құдай қаласа, кітап боп шығып қалар.

- Бір кездері «Рейтинг» газетінде  қызмет істеп, басылымның «Үркер» сыйлығын алуына өз үлесіңізді қосып едіңіз.   Жалпы аймақтық басылымдардың сапасы туралы не айта аласыз, қай газеттерді оқып тұрасыз?

- Аймақтық басылымдардың бәрін бірдей қадағалап жүрмін дей алмаймын. Қазір жалпы баспасөз үшін қиын жағдай болып тұр ғой, жазылушылар аз, елдің бәрі интернетке ентелеп кетті. Соған қарамастан өз биігінен түспей келе жатқан газет журналистерінің еңбегін құрметтеймін. Алғаш жарық көре бастаған жылдары Алматыда отырып та біраз материалдар жазып, ұйымдастырып, біршама атсалысқан "Рейтинг" газетінің орны мен үшін бөлек. Жалпы өзім туып-өскен Оңтүстікте шығатын газеттердің саны аз емес екенін білемін, соның ішінде шоқтығы биігі осы "Рейтинг" деп ойлаймын. Газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан: Мария Сәулебекқызы

"Рейтинг" газеті, №4, 28 қаңтар, 2021 жыл

Дәурен Айманбетов: Екі қолға бір күрек табылмаса ақындығың бір тиын
Нұрлан Мансуров: «Абайдың діни танымы әлі де зерделенбей келеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу