Қазақстандықтардың әкімшілік айыппұлдары толық және ішінара кешірілмек
Ішкі істер министрі Ержан Саденов ведомствоның жоспарланған рақымшылыққа қатысатынын айтты.

Ержан Саденов мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, рақымшылық туралы заң қабылданғаннан кейін оның іске асырылуына қатысатынын айтты.
“Рақымшылық қауіпсіздікке қатер төндірмейтін кейбір қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылмақ. Рақымшылыққа ауыр қылмыстар жасаған адамдар кірмейді, соның ішінде террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қауіпсіздігіне қарсы әрекеттер, азаптау, сондай-ақ қайта қылмыс жасағандар мен іздеуде жүрген тұлғалар”, – деді министр сейсенбі күні үкімет отырысында.
Министрлік басшысы әкімшілік рақымшылық аясында жеке тұлғалардың төленбеген айыппұлдарын толық немесе ішінара кешіру мәселесі қарастырылатынын атап өтті.
“Мұндай тұлғалардың категориялары, айыппұлдардың мөлшері мен өшіру тәртібі заң жобасын дайындау кезінде уәкілетті орган тарапынан егжей-тегжейлі қарастырылады. Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шеңберінде жаңа Конституция нормаларын іске асыруға қажетті барлық шараларды қабылдайды”, – деді Ержан Саденов.
Кімдерге және қандай айыппұлдар өшірілетіні кейін белгілі болады.


