Көшеров Астанадағы брифингте не айтты?

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров күні кеше, яғни 9-желтоқсанда Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге арнап брифинг өткізді. Жалпы, өңір әкімдеріне арналған кестеге сәйкес жаңа жылдың алдында Түрістан облысы әкімінің Астанада баспасөз мәслихатын өткізуі қалыптасқан дәстүр.
Дегенмен бұл Нұралхан Көшеровтің облыс әкімі ретінде елордада өткізген алғашқы брифингі. Бір жағы бұл шараны Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалғанына екі-үш аптадан кейін бір жыл толатын Көшеровтің атқарған жұмысының есебі десек те болады.
Жасыратыны жоқ, Нұралхан Көшеров баспасөз мәслихаты барысында өзіне қойылған барлық дерлік сұраққа қазақ тілінде жауап берді. Тіпті сұрақты орыс тілінде қойған журналистерге де. Осы жағына келгенде Көшеров өзге өңір басшыларына жақсы үлгі көрсетті деп ойлаймыз.
Баспасөз мәслихатында өңір басшысы алдына үш міндет қойғанын ерекше атап өтті. Біріншісі, жұмыс орындарын ашу. Екіншісі, сапалы білім беру. Үшіншісі, денсаулық сақтау саласының жағдайын жақсарту. Екі жарым сағатқа созылған брифинг барысында көптеген өзекті мәселелер айтылды. Біз солардың бірнешеуіне тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз.
Біріншісі, жуырда облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Ұлы дала елі» орталығының 3-10 минуттық роликке мемлекеттік сатып алу өткізгеніне, оған 100 миллион теңге қойғанына қатысты. Бұл мәлімет алғашқыда телеграм каналдардың бірінде жарияланған. Тендер үш рет өткен. Үшіншісінде бұл жұмысты елордалық компания бір көзден сатып алған. Осы 3 минуттық роликке қатысты сауал брифинг барысында 3-4 қайтара қойылды.
Нұралхан Көшеровтің айтуынша, алғашқыда 3 минуттық ролик үшін 100 миллион теңге қаржы жұмсау қаншалықты орынды деген сауал оны да мазалаған. Сондықтан тексеру тағайындаған. Тексеру барысында даурығатындай мәселенің жоқтығы белгілі болған. Өңір басшысы бюджет қаражатының орнымен жұмсалғанын нақты атап өтті. 3-10 минуттық ролик бұл жәй ғана түсірілім емес, 8D форматында жасалады. Дәл мұндай дүние қазіргі уақытта Түркістандағы «Алтын самұрық» кешенінде бар. Ондай туындылар шетелде 200-300 мың долларға түсірілетінге ұқсайды.
– Конкурс үш рет өткізілген. Үшеуінде де бір компаниядан басқа ешкім ұсыныс бермеген. Егер бұл жоба іске асқанда салынған ақша бір жыл ішінде қайтарылған болар еді,– деген Көшеровтің айтқанынан түсінгеніміз ақпарат құралдарында көтерілген у-шудан кейін бұл жоба тоқтатылған. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша прокуратура да тексеру амалдарын жүргізіп жатқан көрінеді.
Екінші мәселе – сол баяғы Шөкеевтің кезінде салынған «Шаға» жағажайына қатысты сұрақ та бірнеше мәрте қойылды. Естеріңізде болса, бұл туралы биыл «Рейтинг» газеті облыстық мекемелердің осы нысанға қатысты жауаптарын жариялаған болатын. Нұралхан Көшеров «Шаға» жағажайына жұмсалған қаражаттың заңдылығына қатысты құзырлы органдар қылмыстық іс қозғап, тексеру жүргізіп жатқанына бір жарым жыл болғанын мәлім етті. Әу баста бұл жобаға қазынадан 9 миллиард теңге қаралған.
Жобаның басты мақсаты Түркістан қаласын су тасқынынан қорғау болған. Жобаланған қаражаттың 6,6 млрд теңгесі игерілген. Ал жағажайдың өзі облыстық туризм басқармасы арқылы жекеменшік компанияға жалға берілген.
Үшінші мәселе – «Тұран» футбол клубына қатысты. Нұралхан Көшеров аталған клубты жекеменшік компанияға беру жөнінде шешім қабылданғанын мәлім етті. Себебі Президенттің тапсырмасы бойынша елдегі барлық футбол клубтары жекешеленуі тиіс. Облыстағы басқа футбол клубтарымен де келісімдер тоқтатылған. Яғни, енді ешайсысы бюджеттен қаржыландырылмайды деген сөз. Ал, «Тұран» келесі жылдың наурызына дейін сатылады.
Премьер-лигадан «қалпақтай ұшқан» «Тұранды» кім сатып алады? Қандай компания қызығушылық танытады? Мұның бәрі әзірге құпия күйінде қалып отыр.
Төртінші мәселе, білім саласындағы сыбайлас жемқорлық туралы. Дәлірегі білім саласындағы бюджет қаражатын миллиардттап ұрлаған «есепшілер ісіне» қатысты. Облыс басшысының айтуынша, 2023 жылы облыс әкімінің қаржы саласына жауапты орынбасары болып тұрған кезде оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды тарапынан білім саласындағы қаржыны тексеру жөнінде тапсырма жүктелген. Осы тексеру барысында бірқатар күдікті жәйттар белгілі болған. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Атышулы «Есепшілер ісі» осылай пайда болған.
Түркістан облысының бірқатар аудандарында білім саласында жұмыс істемейтін адамдардың мәліметтерін пайдалану арқылы қаржы жымқыру фактілері сол 2023 жылдың аяғында белгілі болған. Биыл жыл басында Сауран аудандық білім бөлімінің басшысы мен есепшілеріне үкім шықты. Бұдан кейін Созақ, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал аудандық білім бөлімінің қызметкерлері сотталды. Қазір бірқатар істер апелляциялық сатыда қаралуда.
Яғни, облыс әкімінің сөзінен байқағанымыз, есепшілердің ұзақ уақыт бойы бюджет қаржысын жеп келгенін алғаш болып Түркістан облыстық әкімдігі анықтаған. Оған дейін тексеруші, құқық қорғау органдары қайда қараған? Олар мұны байқамаған ба, әлде қасақана жауып отырды ма? Бұл сауалдың жауабын енді кім береді?
Түркістан облысында бюджет қаражатын жымқыру фактілері әлі де кездесіп жатыр. Брифинг барысында журналистердің бірі Сауран ауданында қоқыс жәшіктерінің O-market жүйесі арқылы өте қымбат бағаға сатып алынғанын, бұған қатысты қандай шара қолданылғанын сұрады. Облыс басшысы мұндай жағдайдың облыстың бес ауданында анықталғанын атап өтті. Мәселен, Сайрам аудандық білім бөлімі 300 мың теңгелік компьютерді жоғарыдағы жүйе арқылы 1 миллион 200 мың теңгеге сатып алмақ болған.
Бұл факті бойынша қандай шешімдердің қабылданатынын алдағы уақытта біле жатармыз.
«Рейтинг» газеті, 10 желтоқсан 2025 жыл.


