Заңгер коммуналшы бола ала ма?

Oinet.kz 10-12-2025 56

_gluster_2025_9_29_099884c79884a14b91cab43d2228316e_original.83671.jpeg 

Шымкенттің кадрлық саласындағы түсініксіз жағдайлар көбейіп кеткен сияқты. Өмір бойы коммуналдық салада тер төккен, тәжірибе жинаған маман білім бөлімінің басшылығына барды. Ал еңбек жолында прокуратура, әділет органдарында еңбек еткен заңгер коммуналдық салаға жетекшілік жасауға көшті. Бір кем дүние деген осы... 

Шымкенттің коммуналдық саласында жөнсіз тірліктер туралы  соңғы айларда «Рейтинг» газетінде бірнеше мақала жарияланды. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының басшысы Асқар Булешовтің жоғары білімін растайтын дипломының түбірі табылмағаны туралы (тексеру кезінде анықталғандай, басшы жоғары оқу орнына түсті деген уақыттан бір жыл бұрын бас бостандығынан айыруға сотталып, жазасын Қарағанды облысындағы түрмеде өтеп жүрген) жазылды. Өзінің жоғары білімі жоқ екендігін біле тұра біліктілігі сәйкес келмейтін басшылық қызметтерді атқарған Булешовті жуырда қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов у-шусыз қызыметінен босатып жіберген.

– Қазір осы жәйт бойынша Шымкент қаласының Мемлекеттік қызмет істер департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр деген ақпарат алдық. Не де болса, осы тексерудің қорытындысы заңдылық пен заңсыздықтың ара-жігін ажыратып береді деген үміттеміз. Дегенмен Шымкенттің жылу саласында орын алып жатқан келеңсіздіктер бұл ғана емес,– дейді осы аптада «Рейтинг» газетінің  редакциясына қайта хабарласқан арызданушы, «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының бұрынғы жұмысшысы Ерғали Рүстембеков.

Бұған дейін жазғанымыздай, биыл жазда антикор «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында тексеру жүргізіп, бюджеттік мекемелерге жылу беруде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтаған. Нақты мысал келтірейік.

Антикордың жүргізген осы тексеруінің қорытындысына қарағанда,  2022-2024 жылдар аралығында Шымкентте 273 бюджеттік мекеме жылуға 18,7 млрд теңге қаражат төлеген. Бұл жалпы жылуға төленген қаражаттың жартысынан көбін құрайды (қалған 114 мың абоненттің төлегені 10 млрд теңге ғана). Себебі бүкіл Қазақстанда бюджеттік мекемелер үшін ең қымбат тариф Шымкент қаласында. Ол есептегіш құрал болмаған жағдайда – 75 мың теңгеден, ал есептегіш болған жағдайда 98,5 теңгеден (гигакалория үшін) бекітілген. Бұл тариф Астанада сәйкесінше 7 мың – 10,7 мың теңге, Алматыда – 23,2 мың – 35,3 мың теңге. Оның себебін түсіну қиын емес. Себебі бюджеттік мекемелер үшін жылуға ақшаны бюджет төлейді.

Бұған дейін Шымкентте көптеген мектептер автономды жылумен жұмыс істеген. Алайда әкімдіктің бастамасымен бұл қазандықтардың бәрі соңғы жылдары «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының балансына берілген. Алайда бұдан жылуға жұмсалатын шығындар азаймай, керісінше 16 есеге көбейген.

«Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны мен бюджеттік мекемелер арасындағы келісімшарттарда күдікті жәйттар бар. Мәселен, 2024 жылы  М.Горький атындағы мектеппен кәсіпорын жылу мен ыстық су үшін 38,3 млн теңгеге келісім жасаған. Алайда аталған мекеменің вебпорталында тіркелген келісімде 55 млн теңге деп көрсетілген. Ал салыстыру актісінде ол (акт сверка) 62,6 млн теңге деп көрсетілген. Дәл осындай жағдай Ішкі істер министрлігіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында байқалады. Келісімшартта 48,3 млн теңге, вебпорталдағы келісімшартта – 132,7 млн теңге, ал акт сверкада 94,4 млн теңге деп жазылған. Мұндай мысалдар өте көп.

Кейбір мектептердің  жылыту аудандары бірдей болғанымен төленетін қаржылар әртүрлі. №130 мектепте 9,7 мың шаршы метр үшін 48,6 миллион теңге төленсе, 9,2 мың шаршы метр болатын №110 мектеп жылуға  75 млн теңге берген. Сонда екіортадағы аспан мен жердей айырмашылықты немен түсіндіруге болады? Ол ақшалар кімнің қалтасында кетіп жатыр?  Бұған қаланың антимонополиялық мекемелері не айтады?

Мына қызықты қараңыз, қазіргі уақытта Шымкентте коммуналдық салаға қала әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев бақылау жасайды. Мамандығы бойынша заңгер. Еңбек жолын прокуратура органдарында бастаған. Он жылдан кейін карьерасы сот әкімшісінде жалғасады. Бұдан кейін әділет органдарында еңбек еткен. Ақтөбе облыстық  Әділет департаментінің басшысы болған. Әділет министрлігінде бірнеше департаментке жетекшілік етеді. 2022 жылы Мемлекеттік қызмет істер агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған. Бір жылдан кейін Президент Әкімшілігіне ауысқан. Биыл  қыркүйекте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Коммуналдық салада ешқандай білімі де, тәжірибесі де жоқ Беркімбаев бір нәрсені жасай алады, бір нәрсені өзгерте алады, былық-шылықты жөндейді дегенге сенуге бола ма? Сіз қалай ойлайсыз?

«Рейтинг» газеті, 10 желтоқсан 2025 жыл.  


3-7 минуттық роликке 100 млн теңге. Нұралхан Көшеров осы жағдайды тексеруге тапсырма берді
Көшеров Астанадағы брифингте не айтты?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу