Шымкент Малайзия бола ала ма? Құда—мыңжылдық, ал әкімдік...

Oinet.kz 04-06-2019 2538

Screenshot_5.jpg

Өткен сенбіде--8 тамызда, аптаның алтыншы күнінде Оңтүстік Қазақстан облысын алты жарым жылға жуық басқарған  Асқар Мырзахметов  Астанаға ат ауыстырды. Әкімдік жүйе қолданысқа енгелі бұл өңірдің тізгінін ұстау бақыты бұйырғандардың ішінде орынтағында ең ұзақ отырған облыс басшысы әзірге осы Мырзахметов болып тұр. Қайсыбір жылдары осы облыста әкім болған, қазіргі вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың «Ер екеніңді білейін, мықты болсаң, Оңтүстікті басқарып көр» деген пікірі әлі күнге дейін ел аузында жиі айтылады. Мырзахметовтің мықтылығы басқаларды басып озуы ізденісі мен іскерлігінің арқасында ма, әлде бұған өзге де себеп-салдарлардың «септігі тиюі» әсер етті ме? Мұның нақты әрі шынайы бағалануын ол ат үстінде жүрген кезде емес қызметтен кеткен соң тақсыр уақыттың төрелігінен күткен жөн шығар сірә. Дей тұрсақ та «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» (А. Байтұрсынұлы) ақпарат құралдарында,өңірдегі, Астанадағы алқалы жиындарда  Мырзахметовтің жасаған жүрістері  аз сынға ілінбегенімен салыстырмалы түрде мақтау жағы одан әлдеқайда асып түскенін атап айту қажет-ақ.  Облыстың шалғай ауылдарына дейін шаршамай аралау барысында оған әбден шиеленіскен мәселелер  шаш-етектен кездескені, олардың бірқатарының түйіні тарқатылғаны, дегенмен бүгінге дейін талайының шешімін таппаған күйі қалғаны белгілі. Есесіне облыс орталығына саябақтар, гүлзарлар, көркі көз тартатын зәулім ғимараттар, аллеялар  салудан оның қасында бұған дейінгі облыс әкімінің ешбірі жіп есе  алмайтыны айдан анық. Соның бірі, бірегейі «Нұрсәт» шағын ауданында бой көтерген облыстық әкімшілік-іскерлік орталық. Әсіресе, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын дәріптеген жаңа саябақ Шымкенттің шырайын кіргізіп қана қоймай осы жоба үшін Мырзахметовтің  бір топ автормен бірге Мемлекеттік сыйлықтың иегері атануы елді елең еткізген жаңалық болды. Тіпті Мемлекеттік сыйлық алу жарысында онымен бәсекелескен Алматының әкімі, әккі шенеунік Есімовтің өзі шаң қауып қалуы бекер деймісіз. Мадақталудан кенде болмаған Мырзахметов сынға да аз ұшыраған жоқ. Айталық, Мырзахметовтің  былтыр Астанада дәл дәстүрлі брифинг өткізуінен бір күн бұрын Қозыкөрпеш Жаңбыршин басқаратын Есеп комитетінің «Оңтүстік Қазақстан облысында ауыз суға бөлінген 18.4 миллиард теңге мақсатсыз жұмсалған» деген ақпарат таратып  елді шулатуы кездейсоқ деу қисынға келмейді. Алайда бұған дейін де біршама тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешіріп озық тәжірибе жинап үлгерген Асқар Исабекұлын алдын ала ойластырған дау да, тасада бұқпантайлаған жау да сүріндіре алмай қылы қисаймастан қызметтің қызығын көруді жалғастыра берді. Мұнысы «Аққа Құдай жақ» демекші сиынған Алланың арқасы ма, сүйенген адамының арқасы ма, бұл жағын білмейміз. Білетініміз кейбір облыс әкімдеріне  миллиардтар былай тұрсын азды-көпті миллиондар үшін ауыр айыптар тағылып, абыройлары айрандай төгілген күйі абақтыға қамалуы шымбайға батар шындық. 

Сонымен... Асқар Мырзахметов енді «НұрОтан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары. Онсыз да «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткізуден жалықпайтын, ұрандатқан екпінмен  шешен сөйлеуге  шебер, жаңа қадамдар жасауға құмар, әр алуан тың  идеяларды жүзеге асыруға бейім, ақпарат құралдарында имидж қалыптастыруды жақсы меңгерген Мырзахметов бұл қызметті ұршықша үйіріп әкететініне дау жоқ. Әрине, партияның облыстағы  филиалын ол басқарған тұста айқай-шу, өзара айтыс-тартыс, «нұротандық» бөлімше басшыларының бір-бірімен соттасуы тым жиілеп кеткенін де айтпай кетуге болмас. Бірақ бірінші орынға шаруасы қат-қабат облыс әкімі қызметін қойып партияның беделіне онша көңіл аудармай келген ол бұдан былай алдымен «НұрОтанның» абыройын қалай өсіруді ойлап таңды атыратыны талассыз. Өйткені... «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Нұрлан Нығматулиннің қазір Президент әкімшілігінің жетекшісі, оны алмастырған  Бауыржан Байбектің күні кеше Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалуы оған ой салмайды деймісіз.  

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының су жаңа әкімі Бейбіт Атамқұлов   ел үшін тым тосын тағайындау екені айтпаса да түсінікті. Әдетте тірлігі  көп, территориясы үлкен, еліміздегі ең тұрғыны мол облысты басқаруға «үлкеее-е-еен астаудан» «ас ішіп» жүрген ауыр артилерия арасынан ең таңдаулылар іріктеліп алынатынына үйреніп қалған жұрт бұл тосын тағайындаудың сырын ұға алмай бүгінде «бұл кім, іскерлігі қандай, нендей артықшылығы немесе кемшілігі бар?» деген сауалдарға жауап іздеудің орнына «кімнің кадры, көкесі кім?» деп бастары қатып әлек. «Не шықса да Шымкенттен шығады» демекші жайшылықтың өзінде шуы бітпейтін, шатағы басылмайтын, оқыс оқиғаларға толы «тұзы жеңіл» өңір ғой бұл. Сондықтан қоғамдық-саяси аурасы өзге өңірлерге ұқсамайтын облыс тізгінін ұстаған жаңа әкімінің бойынан қандай кемшіліктер табылатыны көпке ұзамай-ақ белгілі болып қалар. Ең басты минусы-әкімдік қызметте бір күн де істемеген. Облысты оған дейін басқарған Зауытбек Тұрысбеков,  Бердібек Сапарбаев, Болат Жылқышиев, Өмірзақ Шөкеев, Нұрғали Әшімовтың қай-қайсысын алсаңыз да бірінші басшылыққа тағайындалғанша әкімдік қызметтің «ыстығына күйіп, суығына тоңды», тым құрығанда облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған.  Асқар Мырзахметовтың де әкімдік еңбек өтілі жоқ дегеніңізбен, ол уақтысында Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарды. Әкімдікке дейін «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясын басқарып облыстың немен тыныстайтынына біршама қанығып үлгерді. Оған қоса оңтүстікті басқарған әкімдердің ішінде Атамқұлов жергілікті жерден шықпаған алғашқы облыс басшысы болып тұр. Рас, Бердібек Сапарбаев қызылордалық болғанымен,  түп-тамыры Оңтүстіктен, оның ішінде Мақтарал ауданымен байланысты екені елге мәлім. Бейбіт Атамқұловтың Шымкентпен етене-жақын шатысы жоқтығы да кадр таңдауда қиын соғары сөзсіз. Сексенінші жылдардың аяғында Шымкент қорғасын зауытында еңбек етіпті. Бары сол ғана. Атамқұловқа бақандай алты жарым жылдан бері жинақталған команданы өзіне сенімді кадрлармен ауыстырудың өзі оңайға соқпас. Басқаларды айтпағанда облыс әкімінің орынбасарларының барлығы шеттерінен сүрленген кадрлар. Елдің ерекше елеңдеп күтіп отырғаны да осы кадрлық ауыс-түйіс. «Іс тетігін кадр шешетіні» дәлелденген дүние, демек әлдекімдердің ақылына жүгініп кадр таңдау, ой-шұңқырын білмейтін жерде  әр сала бойынша әр алуан маңызды шешім қабылдау қашан өзі түсінгенше тұманнан  жол тапқанмен бірдей тірлік қой. 

Әдеттегідей президент әкімшілігінің жетекшісін немесе Үкімет басшысын жұмсай салмай Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әкеліп таныстырған  Бейбіт Атамқұловтың бір артықшылығы деп әзірге мынаны айту керек шығар.  Ол өндіріс саласында тәп-тәуір тәжірибелі маман. Мамандығы инженер-металлург. 1995 жылы Қарағанды металлургия комбинатында бас директордың бірінші орынбасары болған. Одан берідегі жылдарда да өндіріс саласында кісі қызығарлықтай тер төккен азамат.  Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен міне облыс әкімі болып  ауысты. Оңтүстікте өзге салалар өз ырғағымен дамып келе жатқанымен дәл осы өндіріс саласын өркендетудің кілтін ешкім таппай-ақ жүр. Басқасы мейлі-ау мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың өзіне арнайы лентасын қиғызған бір емес бірнеше кәсіпорын ашыла салып артынша жабылып қалғаны, мұндай көзбояушылықтар өңірде  жиі қайталанатыны «Жас Алашта» да, өзге ақпарат құралдарында да аз жазылған жоқ. Президент жаңа әкімді таныстыру барысында өңірдің өнеркәсібінің әлі де шикізатқа негізделгенін, мақта өндірісін дамытуға баса мән берілмей жатқанына тоқталып, жыл сайын жиналатын 360 мың тонна мақтаны өңдеуді жолға қоюды тапсырды. Облыста мақта шаруашылығының кейінгі жылдары кенжелеп қалғаны рас. Кезінде мақта кластерін дамытамыз деп «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы салынды. Алайда соңғы  он жылда аймақта іске қосылған кәсіпорындардың төртеуі  ғана нақты жұмыс істейтіні таяудағы облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында талқыға түсті. Сондай-ақ   әлемдегі уранның 35 пайызы Оңтүстікте өндіріледі. Алайда уранның игілігін жергілікті халық жеткілікті дәрежеде көріп отыр деуге болмайды. Асқар Мырзахметов пен «ҚазАтомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы арасындағы  тіл табыса алмаушылық  туралы әңгімелерді де негізсіз деуге болмайтын шығар. Осы салқындықтың салдарынан «Казатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы Шымкентке жоспарлаған заманауи колледжді Қызылордаға салды деген әңгіме де ел ішінде айтылып келеді. Президент жиын барысында уран өндірісімен айналысатын компаниялардың орталық кеңселерін осында шоғырландырып, уран кластерін құру қажеттігін тапсырды. 

 Атамқұлов дегенде жұртшылық бірінші кезекте бұл азаматтың «Қазақстан темір жолын» басқарған Ерлан Атамқұловпен не қатысы барын сұрастырған. Қатысы бар екен. Бейбіт Атамқұлов Ерлан Атамқұловтың немере інісі болып шықты.  Бейбіт Атамқұлов 1996 жылы «Рахат металс» компаниясының бас директоры, 2002 жылдан бастап «Рахат» компаниясында директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.  Оның немере ағасы Ерлан Атамқұлов осы жылдары «Рахат» деп аталатын қазақстандық-австриялық кәсіпорынның басшылығында істеген. Бұл компанияны президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевпен байланыстыратындар көп. Бейбіт Атамқұловтың өзі де уақтысында атышулы күйеу баланың қамқорлығын, қолдап-қолпаштауын көрген адам деген қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтау алдағы уақыттың еншісінде. Рахат Әлиев 2005 жылы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалып, елшілік карьерасына кіріскені белгілі. Бейбіт Атамқұловтың да  елшіліктегі қызметі 2006 жылдан басталыпты. Кездейсоқтық па? Алғашқыда Ресей, Иран, Германия елшілігінде істеп, 2010 жылы президенттің жарлығымен Қазақстанның Малайзиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалған. Айтқандай, Ерлан Атамқұлов Тасмағамбетовтер әулетімен, дәлірегі Иманғали Тасмағамбетовтың әпкесі, кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы қызметін атқарған Нұрсұлу Тасмағамбетовамен туған құда.  Бейбіт Атамқұловтың да құдасының осал еместігі қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстікте жиі әңгіме болып жатыр. Б.Атамқұловтың келіні Малайзияның премьер-министрінің қызы дегенді біздің де құлағымыз шалған.  Биыл президенттің бауыры Болат Назарбаевтың өгей баласы Данияр Кесікбаев Малайзияның премьер-министрінің қызымен жұп жарастырып, отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізгенін білеміз. Қазақтың жігіттеріне шетінен үлестіре беретін Малайзия премьер-министрінің қыздары көп пе?   Осы ақпараттың анық-қанығын анықтау кезінде  білгеніміз--Малайзияда премьер-министр көп болып шықты. Онда әр өңірдің премьері болатын көрінеді. Бейбіт Атамқұловтың ұлы   Дияс 2013 жылы Малайияның Саравак деп аталатын әкімшілік аймағының премьер министрі Тайып Махмудттың қарындасының қызына үйленген екен. Қазақы тілмен айтқанда Б.Атамқұловтың келіні Малайзия премьер-министрінің жиені болып келеді. Құдай қосқан құдасы су жаңа әкімге облысты Малайзия сияқты қалай өркендетуге болатына жайлы да бір кеңес беріп қалатын шығар. Құда--мыңжылдық, ал әкімдік...Әліптің артын бағалық. 

Мұрағаттан, 2015 ж

«Кедей болу – ұят» дейді Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков
Нагасаки қасіреті қайталанбауы керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу