Ғабидолла Әбдірахымов: «Жұмысқа велосипедпен қатынауды әдетке айналдырдым»

Oinet.kz 09-07-2019 1165

Screenshot_17.jpg  

Шымкенттіктер үшін өткен аптаның басты оқиғасы  «Shymkent Bike» жобасы велостанциясының ашылуы болды. Қаладағы велоспорт пен веложол инфрақұрылымын дамытудың осынау жобасын Шымкент әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірге іске асырып отыр. Жобаның Әл-Фараби алаңында өткен ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Самұрық Қазына» АҚ адам ресурсын басқару басқармасының атқарушы директоры Ұлан Тәжібаев, Қазақстанның велоспорт федерациясы қоғамдық қорының президенті, «Самұрық Қазына» АҚ коммуникация бойынша атқарушы директоры Дархан Қалетаев, «Самұрық Қазына» АҚ әлеуметтік жобалар қызметінің жетекшісі Нұрлан Оразалиев және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Ерлан Даримов қатысты. Алаңға жиналған көпшіліктің қарасы көп болды. Мерекелік көңіл-күйде жүрген тұрғындар алуан түрлі шарлардың әуеге көтерілгеніне куә болды.   «Самұрық-Қазынаның» өкілі Дархан Қалетаев бірегей тарихи жобаның лентасын қиды. Ал құттықтау сөзді шаһар басшысы жеткізді. «Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары! Бүгін баршамыз үшін салтанатты күн – біздің қаламызда Shymkent bike жобасы іске қосылды. Шамамен бір миллиондай халқы бар Шымкент күн санап қарқынды дамып келеді.  Бұның барлығы балабақша құрылысынан бастап, мектеп пен осындай жобаларға дейін тиісті инфрақұрылымды дамытуды талап етеді. Яғни велотұрақтар орнату – қазіргі заманның талабы, халықтың қажеттілігі. Климаттық тұрғыдан өте ыңғайлы біздің қала тұрғындарының қызығушылығын арттырып, велосипед жалпыхалықтық көлік қатынас құралына айналады деп сенемін. Бүгінде қаламызда 200 велосипедке арналған 40 тұрақ салынуда. Қажеттілік бойынша оның санын ұлғайтатын боламыз. Әрине, мұнда ұйымдастырушылық мәселелер де жоқ емес. Ол дегеніңіз веложол салу, қауіпсіздік мәселелері, велосипед айдау мәдениеті. Бұл тұрғыда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр және өз жалғасын табатын болады», - деді ол. 

Қатысушылар орыс драма театрынан шығып, қалалық әкімдікке дейін шайтан арбамен барды. Шеруді ел ағалары бастады. «Shymkent Bike» жобасы аясында велосипедті пайдалану қартасын қала әкімі бірінші болып сатып алды. Әрине бұған таң қалмаймыз Себебі, спортты жанына серік еткен Ғабидолла Әбдірахымов облыстық велофедерацияны басқарады. Қала басшысы алғаш рет жобаны іске асыру кезінде көшелердің дайындығын велосипедке мініп өзі тексерген болатын. Ал жақын арада ол көлігін таза экологиялық транспортпен алмастырды. «Екі дөңгелекті көліктің бұл түрі салауатты өмір салтын ұстанудың бірден-бір жолы. Велосипед заман талабы ғой. Біріншіден, денсаулыққа, екіншіден, отбасылық бюджетті үнемдеуге септігін тигізеді.  Шайтан арбаны тебетіндер көбейсе, қала ауасы сәл де болса тазара түсетіні сөзсіз. Сондықтан да қала тұрғындарын жаппай велосипедке отыруға шақырамын. Өз басым жұмысқа велосипедпен қатынауды әдетке айналдырдым»,- деді Ғабидолла Рахматоллаұлы тілшілерге берген сұхбатында. 

Шымкент — Қазақстанда автоматтандырылған велосипед жүйесін орнатқан Астанадан кейінгі екінші қала болып саналып отыр.  Осылайша Астана және Шымкент автоматтандырылған велосипед жүйесін орнатқан әлемнің 21 қаласының қатарына кірді. Осыған ұқсас «Astana Bike» жобасы елорданың тұрғындары мен қонақтары арасында сұранысқа ие. Өйткені қолданылуда тиімді, әрі бағасы да қолжетімді. Астанада қазірде 1000 велосипед және 150 станса бар.  Қолданушылар саны 2 мыңнан асады. Ал Шымкентте ауа райының қолайлығына байланысты аталмыш жоба жыл бойы жүзеге асады.

«Shymkent Bike» жобасының алғашқы станциялары қаланың орталық көшелерінде ашылды. Жалпы, болашақта 200 велосипедке шақталған 40 велостанция ашу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде көшедегі көлік саны азайып, экологиялық ахуал да жақсарады дейді жауапты мамандар. Бұл жүйе күн көзінен қуат алып, паркинг желісінің терминалымен жабдықталады. Бекеттерде «великтердің» барлығы да жалға беріледі. Ол үшін пайдаланушы арнайы карточка алуы тиіс. Шымкенттіктер үшін оның құны - 11500 теңге. Бір абонемент картасы жыл бойына жарамды. Одан өзге арнайы ережеге сай велоқұрылғыны жалға алуда алғашқы жарты сағатқа ақы алынбайды. Демек сол аралықта келесі бекетке барып, велоқұрылғыны ауыстырып, діттеген жерге жетуге болады. Айта кетейік, велосипедтердің барлығы Франция елінен әкелінген. Жалға берілетін велосипедтер авиа өндірісінде қолданылатын хромдалған болаттан жасалған. Екі дөңгелекті құрал ұрыларға мүлде тиімсіз — әр бөлшегі өзгеше жасалған және өзге велосипедтерге салуға келмейді.Бір велоқұрылғы 432 еуро тұрады. Салмағы - 24 келі.

«Shymkent Bike» жобасы қаладағы велоспорт пен веложол инфрақұрылымын дамытумен қатар мегаполис тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға да сеп болады. Велосипедті жалға алудың автоматты желісін іске қосу қаладағы велотуризмнің дамуын жаңа сатыға көтереді.

Шымкенттегі ауа райын ескерген идея авторлары бұл Shymkent bike жобасы жыл бойы қала тұрғындарының игілігіне жарайды деп сенеді. Айта кетейік, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында жергілікті полиция қызметкерлеріне қосымша 40 велокарта беріледі.

Велосипед жолдары мен стансалардың алдағы уақытта саны артып, велоспорт шымкенттіктердің сүйікті ісіне айналмақ.

Мұрағаттан, 2016 ж

Баян Мақсатқызы: «Егер мен оңтүстікке келін болсам, ол жақта төңкеріс жасар ма едім!»
Мәшинені ауылдың әкімі емес, мал дәрігері мінсін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу