Ғасыр белесін бағындырған батыр
Ұлы жеңістің 80 жылдығына арналған шаралар, ардагерлерді ардақтау Түркістан облысында жалғасуда.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы шеңберінде, соғыс майданында толарсақтан саз кешіп, жанкешті қаһармандығымен ерлік көрсете білген аға толқын өкілдерін құттықтау кездесулерін өткізуде. Бұл жолы облыстық партия филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Түлкібас ауданына жасаған жұмыс сапары аясында ғасыр белесін бағындырған батыр Мұратәлі Төлепбергенұлының шаңырағына барып, қарт майдангерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.
Жер жаһанды дүр сілкінткен соғыстың ең тағдыршешті шайқастарының бірі – Брест қорғаны үшін болған соғыс қимылдары еді. Стратегиялық мәні айрықша қорғанды жау қолынан азат етуге жұмылдырылған жауынгерлердің қатарында Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылының тұрғыны Мұратәлі ақсақал да болған. Соғыстың алдында ғана ауылдағы мектепті аяқтаған бозбала, елімізге, әр отбасыға зор ауыртпалықтар әкелген Ұлы Отан соғысы басталған сәттен бастап ұжымшарда еңбек етті. Мұратәлі Төлепбергенұлы 1943 жылғы ақпан айында әскерге шақырылып, Ташкентте жауынгерлік дайындықтан өткізілді, радист-телефонист мамандығын игерді. 1943 жылдың қыркүйек айында Калинин облысының Редкин станциясында жаңадан жасақталған 339-шы артиллериялық батарея құрамында артиллерист-радист жауынгерлік міндетін атқарып, жаудың танкілерін жоюды нысанаға алды.
Мұратәлі Төлепбергенұлы қызмет өткерген әскери құрылым 1943 жылдың соңына қарай Беларусьтің Сарни, Коболь қалаларын фашист басқыншыларынан азат етуге қатысты. 1944 жылдың бірінші жартыжылдығында Брест қамалы үшін шайқастарға қатысып, әскери құрылымдар арасындағы радиобайланыс желісін дұрыс жолған қойғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен наградталған. Кейін Варшава, Польша жерлерін азат етуге қатысып, Германияда Кеңес әскерлері Одер өзенін кешіп өтуде батырлықтың ерен үлгісін көрсетті. Берлинге бет алған Кеңес әскерлері Дрезден, Лейпциг, Штеттен қалаларын неміс фашистерінен тазартуға жұмылдырылды. Осы әскери операциялар барысында Мұратәлі ақсақал екінші мәрте «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Ғалымжан Елшібай,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты