Шетелдік ғалымдарға жергілікті мамандарға қарағанда 50 есе көп еңбекақы төленген

Oinet.kz 26-02-2026

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі білім және ғылым саласындағы қаржыландыру тетіктеріне сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді, деп жазады Оinet.kz.

image.png

 Нәтижесінде ғылыми жобаларды іріктеу мен іске асыруда бірқатар жүйелік кемшіліктер анықталған.

Атап айтқанда, 13,5 мың сарапшының шамамен 75%-ы іс жүзінде жұмысқа қатыспаған. Сонымен бірге 30 зерттеу жобасы бойынша объективтілік қағидаттары бұзылып, олардың жалпы құны 11,5 млрд теңгені құраған.

Талдау барысында сарапшыларға төленетін еңбекақыда айтарлықтай теңсіздік болғаны белгілі болды. Бұған дейін шетелдік мамандар шамамен 400 мың теңге алса, отандық сарапшылар орта есеппен небәрі 8 500 теңге алған. Енді сарапшы қызметінің құнын есептеудің жаңа әдістемесі бекітіліп, бірыңғай төлем тәртібі енгізілді.

Сондай-ақ, ғылыми әдеп талаптарын бұзған немесе нәтижесіз жұмыс істеген сарапшылар мен жоба жетекшілерінің «қара тізімі» жасалды. Бұл реестрге енген тұлғалар жетістіктері расталғанға дейін конкурстарға қатыса алмайды.

Білім беру саласында да тәуекелдер тіркелген. Оқушыларды жалған есепке алу қаупі 2 966 мектепте анықталған. Қазір олардың 99,9%-ына цифрлық бақылау жүйелері енгізіліп, нақты оқушы жоқ мектептерге қаржы бөлудің жолы кесілді.

Бұдан бөлек, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы жарияланымдар мен гранттарды автоматтандырылған есепке алу жүйесін іске қосты. Сарапшыларды кездейсоқ таңдау және жасанды интеллект элементтері арқылы іріктеу тетігі енгізілген.

Бұл шаралар 2026 жылға жоспарланған 270 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Агенттік саладағы заңдылық пен адалдықты күшейту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.


Кәсіби бишілер арнайы төлемнен қағылып отыр – депутат
–40 градусқа дейін аяз: Қазақстанда күн күрт суытады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу