Кәсіби бишілер арнайы төлемнен қағылып отыр – депутат
Қазақстанда кәсіби би саласында еңбек ететін көптеген маман арнайы әлеуметтік төлемнен қағылып отыр. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев көтерді, деп жазады Оinet.kz.

Ол бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша аталған төлем кемінде 20 жыл еңбек өтілі бар және «балет артисі» ретінде кәсіби қызметін тоқтатқан мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне ғана беріледі. Алайда штаттық кестеде нақты «балет артисі» лауазымымен тіркелмеген, бірақ кәсіби би саласында еңбек етіп жүрген көптеген маман бұл санатқа кірмей отыр.
Олардың дипломдарында «би артисі», «халық би ансамблінің артисі», «би ансамблінің артисі», «би труппасының бишісі», «хореография», «ұстаз-хореограф» сынды түрлі атаулар көрсетілген. Соның салдарынан олар арнайы әлеуметтік төлем алу құқығынан қағылып отыр.
Мұқаев би өнері жоғары физикалық дайындықты талап ететінін атап өтіп, «балет артисі» санатына кірмейтін бишілердің әйелдер үшін 61, ерлер үшін 63 жасқа дейін сахнада қызмет етуі шынайы жағдайға сай келмейтінін айтты. Сонымен қатар, 2006 жылға дейін би өнерімен айналысқан мамандардың барлығы зейнеткерлікке ертерек шығу мүмкіндігіне ие болғанын еске салды.
Осыған байланысты депутат әлеуметтік теңсіздікті жою үшін заңнамаға өзгеріс енгізіп, ай сайынғы арнайы мемлекеттік әлеуметтік төлем алушылар қатарын тек «балет артисі» атауымен шектемей, елдегі барлық заңды кәсіби би мамандықтарын қамту мүмкіндігін қарастыруды сұрады.


