Жангелді Бағдат, әнші: «Шетелдің әнін айту плагиатқа жатпайды»

Oinet.kz 19-05-2017 836

0.jpg

-          Жангелді,  байқауымша гастрольдік сапарға  ауылды жерлерге жиі шығасың. Үлкен қалаларда жеке ән кешіңді қашан өткізесің?

-          Өзіңіз айтқандай қазірдің өзінде Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүрмін. Әсіресе аудан, ауылдарға концертті көп қоямын.  Мені өшіретін де, өсіретін де халық. Ертең мен теледидарға шығып жатсам, мені бір жерден көріп қалып жатса,  тілеуімді тілеп, батасын беріп, «осы бала біздің ауылға келген еді» деп жатса, мен үшін соның өзі үлкен бақыт.  Нағыз тыңдармандар сол қазақилықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарда деп білемін. Әрине үлкен шаһарларда жеке ән кешімді өткізу жоспарымда бар. Күзге жақын Алматы мен Астананың тұрғындарын әнге бөлемекпін. 

-          Қалай ойлайсың, хит әнді тудыратын автор ма, әнші ме?

-          Екеуі де. Ән мен әнші бірін-бір тапса, ол міндетті түрде хит болады. Автордың әні әншінің табиғатына тура келуі керек. Сондай-ақ, әнші де композитордың тундысын жан қалауымен ұнатып, халыққа ұсынса, ол тыңдарманның жүрегіне жетеді. Ал ән қанша жерден мықты болса да әнші селқостық танытып, амалсыздан шырқаса, ол әннің «өлгені».

-          Сені сахнадан гөрі тойлардан жиі көреміз. Тойдың көлеңкесінде қалып кетемін деп қорықпайсың ба?

-          «Тойдың гүлі» екенім рас. Сахнада ән шырқадың не, тойда ән айттың не екеуі де өнерге жатпай ма? Көрермендер, қарапайым халық мені елеп, ескеріп, құрметтеп тойына шақырып жатса неге бармасқа? Тойға да, концертке де жиналатын сол халық. Сондықтан ондай қорқыныш жоқ.

-          Қазір плагиаттық әндерді әрбір әншінің репертуарынан кездестуріге болады. Сенің де ән қоржыныңда өзге халықтың әндері бар ма?

-          Шынын айту керек, репертуарымда плагиат әндер баршылық. Түрік, қырғыз, өзбектің де әні бар. Меніңше егер шетелдің әні халыққа ұнап жатса оны қазақшалап тыңдармандарға ұсынғанда тұрған ештеңе жоқ. Қазір шетелдіктер де қазақтың әнін ұрлап айтып жүр. Өнерде шекара жоқ қой. Сондықтан шетелдің әнін шырқауды  плагиат деп санамаймын.

-          Фонограмманы қаншалықты жиі қолданасың әлде үнемі жанды дауыста ән саласың ба?

-          Фонограмма қолданамын. Себебі бір күнде бірнеше концерт, тойға барамын. Сағаттап жанды дауыста ән айту мүмкін емес. Себебі адам  біріншіден, физикалық тұрғыдан шаршайды, екіншіден, дауысқа да күтім керек. Кейде жанды дауыста ән салуға ғимараттың іші, ескірген аппаратуралар мүмкіндік бермей жатады. Осындай кезде фонограмманы қолданбасқа болмайды.

-          Үлкен байқауларда өзіңді сынап көргің келмей ме?

-          Мен конкурстың әншісі емеспін. Халық арасында ән шырқап жүргенім өзіме ұнайды.

-          Хоббиің не?

-          Атқа мінгенді ұнатамын. Қолым қалт етсе тыңдармандарыммен әлеуметтік желілерде сөйлесемін. Олардың ой-пікірлері мені әрдайым қызықтырады.

-          Әншілер, әсіресе, ер-жігіттер үйленгендерін жасырып, жеке өмірлерін құпия ұстағанды ұнатады. Сенің де халықтан жасырған  құпияң бар ма?

-          Ешқандай құпиялық жоқ. Өмірлік жарымды әлі кезіктерген жоқпын. Бірақ болашақ жарымның тыңдармандарымның арасында жүргенін ішім сезеді. 

Сұхбаттасқан: Айнұр Асанқызы,

«Рейтинг» газеті №16, 27 сәуір 2017 жыл

Аида Олжабаева, хоккейші: «Командалық спорт түрінде жеңіске жету қиын»
Рамазан Мамаев: «Бала спорт үйірмесіне ерте жастан барса келешегі жарқын болады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу