Нұржан Жанпейісов, әнші: «Аңшының әні» – Дәнештікі!»

Oinet.kz 19-05-2017 1324

Screenshot_5.jpg

Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде «Арқа мектебі», «Жетісу мектебі», «Батыс мектебі» дейтін тамыры тереңге жайылған мектептер бар. Арқа мектебі дегенде әріде – Біржан, Ақан, Балуан Шолақтар еске түссе, беріде –Ж.Елебеков, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосыновтар бар. 

Батыс мектебінен Мұхит пен Ғ.Құрманғалиев бастаған үлкен шоғырды айтуға болады. 

Жетісу мектебінің шоқтығы биік тұлғалары –Жамбыл, Кенен, Қапез, Пішан және Дәнеш Рақышев. Осы аты аталған тұлғалардың ән орындау мәнеріне қарай қалыптастырған өз мектептері тағы бар. 

Жуырда Дәнеш Рақышевтің төл шәкірті, «Дәнеш мектебін» жалғастырушы белгілі әнші Нұржан Жанпейісовпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Оншақты жыл бұрын «дәстүрлі ән өнерінің жағдайы мүшкіл, тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді» дегенді жиі естуші едік. Қазіргі жай-күй қандай?

– «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар қазақта. Мен мұны жүрген жерімде айта жүрем. Дәстүрлі өнер халықпен бірге жасасады. Әр замандарда бірде олай, бірде былай болатын шығар, бірақ халық барда өнер өлмейді. Жұрт жаппай тіршіліктің қамымен кетіп, өнердің сансырап қалған кездері болды. Оны жасырып қайтеміз. Қайтадан ес жия бастағанымыз – соңғы төрт-бес жылдың көлемі. Әсіресе, соңғы екі жылда дәстүрлі ән өнері дүр сілкінді. 

Облыс орталықтарындағы, үлкен қалалардағы оқу орындарында дәстүрлі ән өнерінің өкілдерін дайындау қолға алына бастады. Түрлі байқаулар өткізіліп жүр. Бұрын Әміре Қашаубаев атындағы бір ғана конкурс өтетін, одан кейін Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Дәнеш Рақышев атындағы конкурстар өткізіле бастады. Қазір тіпті халық композиторлары Естайдың, Балуан Шолақтың, Біржанның, Әсеттің жеке-жеке конкурстары ұйымдастырылады. Міне, осы игі істердің бәрі оң ықпалын тигізіп, еңсеміз біршама көтеріліп қалды.

Негізгі өнер ордасы Алматы ғой, қаланың қазіргі әкімі Б.Байбек дәстүрлі ән өнеріне жақсы көңіл бөліп жүр. Қазір Алматыда түрлі фестивальдер мен конкурстар жиі өтеді. Ықылас атындағы музейдің де жұмысы түзеліп қалды. Дәстүрлі өнер театрын ашылды. Жеке концерттерімізді осы жерде өткіземіз.

– Дәстүрлі өнер бұқаралық ақпарат құралдарында тиісінше насихатталып жүр ме?

–«Қазақстан» Ұлттық арнасы әнші, күйші, жыршыларға қатысты жақсы жобаны қолға алып жатыр екен. Осыны естіп, қуанып қалдым. 

Қытайда қазақтың дәстүрлі өнерін, құндылықтарын тәулік бойы дәріптейтін телеарна бар. Шіркін-ай, бізге де осындай бір телеарна ашып берсе деп армандаймын. Бізде қор жеткілікті. «Алтын қордағы» дүниелерді де форматын түзеп, насихаттауға әбден болады.

– Фонограма деген нәрсеге көзқарасыңыз қалай?

– Бір кездері телеарналар «фонограмамен айтыңдар, өңдеуге оңай болады» деп талап қойған соң мен де студияда жұмыс істеп көргенмін. Қазір жағдай өзгере бастады. Шын өнерге деген құрмет артты. Егер фонограмамен ән айтуға тыйым салса, шын таланттар жарқырап көрінетін еді.

Димашты қараңыз, Қытайға барып бүкіл әлемді мойындатып келді. Конкурста айтқан әндерінің бәрі – жанды дауыс. Димаштың мысалы бізге сабақ. «Жанды дауыспен айтайын десем, арнайы техника мен маман жоқ» деп сылтаурататын заман өткен. Қазір бізде техниканың жеті атасы бар. Ендеше, халықты қашанғы алдаймыз?!

– Димашты айтып қалдыңыз, жалпы біздің елде шын талант өз деңгейінде бағалана ма?

– Димаш Қытайға дейін де бірнеше конкурстың жеңімпазы болған. Бірақ жарнамасы болған жоқ. Бір ғана мысал айтайын, Димаш Қазақстанға келгелі бері де оншақты күн өтті. Димашты шетелдегі фанаттары іздей бастапты. Тіпті «неге тым-тырыс жатыр» деп реніш білдіргендер де бар. Әншіге жарнамамен бірге бап та керек. Халық талантты ұлын төбесіне көтере қошеметтеп жатыр. Онымыз дұрыс, қанда бар қасиет қой. Бірақ талантты ұлды құшағымызда тұншықтырып аламыз ба деп қорқамын.

– Жуырда Дәнеш Рақышевтің әндерін жинақтап, кітап шығарыпсыз...

– Дәнеш ағамыз – өзінің жеке мектебін қалыптастырып кеткен тума талант. Кезінде Дәкеңнің әнін тыңдаған Мұхтар Әуезов: «Дәнеш, сен дәстүрлі ән өнерінде жеке мектеп болып қаласың» деген екен. Ұлы Мұхаңның айтқаны келіп, Дәнештің ән мектебі қалыптасты. 

Дәкең өз жанынан жүзге тарта ән шығарған. Әсет Найманбаевтың әншілік мұрасын бізге жеткізді. Оның сыртанда Дәнеш айтпаса, мүлдем ұмытылып кететін халық әндері болған. Өзіміз де шәкірт тәрбиелеп жүрген соң Дәнеш Рақышевтің мұрасын ұрпаққа жеткізу мақсатымен алпыс әнін іріктеп алып, нотаға түсіріп, кітап етіп шығардық. Қалған қырық шақты әні алдағы уақыттың еншісінде.

– Сізді «Дәнештің соңғы шәкірті» деп жатады. Осы «соңғы шәкірт» дегенді таратып айтыңызшы.

–Жүсекеңдер, Ғарекеңдер сияқты арнайы мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеу мүмкіндігі Дәкеңде болған жоқ. Дәкең өмірінің соңына дейін Талдықорғандағы филармонияда жұмыс істеді. 1989 жылы ғана Мырзатай Жолдасбеков арнайы факультатив ашып беріп, шәкірт тәрбиелей бастады. 1990 жылы мектеп бітіріп, Дәкеңе шәкірт болып бардым. Көп өтпей, 1992 жылы ұстазым өмірден озды. Жалпы, «Дәнештің шәкіртімін», «Дәкеңнен ән үйрендім» дейтіндер көп. Бірақ Дәкеңнің әншілік мәнерін сақтайтын шәкірті төртеу ғана. Осы төртеудің ең кенжесі –мен. Содан да болар кейбір жұрт мені «Дәнештің соңғы шәкірті» деп жатады. 

– Дәнеш Рақышевтан мұра болып қалған кейбір әндер біраздан берідау тудырып жүр. Мәселен, өзіңіз айтып жүрген «Аңшының әні». Бұл ән кімдікі өзі?

–«Аңшының әні» қазақ даласына алпысыншы жылдардан бастап тарады. Бұл ән бізге Дәкеңмен бірге жетті. Сол жылдары ақындар айтысы өтіп, айтыс арасында Дәкең ән салыпты. Көзкөргендердің айтуынша, Дәкең ән салғанда керемет бір құбылыс болды деседі. Бірнеше ән айтып, соңында «Аңшының әнін» шырқаған ғой. Үзілісте Мұхтар Әуезов шақырып алып: «Апыр-ау, Дәнеш, мына «Аңшының әнін» бұрын-соңды естімеген екенмін. Бұл әнді кімнен үйрендің?» деп сұрапты. «Қытайда Байбазар Үстемірұлы деген ұстазым болды. Бұл әнді сол кісіден үйрендім» деп қысқа жауап беріпті Дәкең. Сонда Мұхаң: «Дәнеш, сенімен бірге қазаққа иен байлық келген екен! Бір шаруамен Мәскеуге кетіп барамын. Келген соң сені Алматыға алдыртамын. Жіті әңгімелесеміз. Сенің орның Алматы ғой» депті.

Сол сапардан Мұхтар Әуезов қайтпады. Ал Дәкең Талдықорғанда қалды...

– «Аңшының әнін»  Үкілі Ыбырайдың әні дейтіндер бар ғой.

– Иә, кезінде Ілия Жақанов ағамыз бұл әнді «Үкілі Ыбырайдың әні» деді. Бір деректерге сүйеніп айтқан шығар. Үкілі Ыбырайдың аңшы болғаны рас. Мұны Сәбит Мұқанов жазды. Ахмет Жұбанов та Үкілі Ыбырайдың аңшылыққа қатысты әні болғанын айтқан. Бірақ нақтылық жоқ. «Аңшының әнін» Үкілі Ыбырайдікі деген уәж менің көңіліме қонбайды. Енді қонбайтын себебін айтайын.

Дәкеңнен үйренген ең соңғы әнім осы – «Аңшының әні». Дәкең мұны маған халық әні деп үйретті. Дәкеңнің халық әндерін аз-кем өңдейтіні, қосатыны бар еді. «Аңшының әнін» оқиға желісін байыту мақсатында қосқан тұсын көрсеткен. Ол мынау: 

Байлаулы кілең жүйрік, өңшең жорға,

Ақ үйге кербез басып кірсең зорға...

Құрманбай Толыбаев ағамыз кезінде «Дәнештің үш құпиясы» деген мақала жазды. Сол үш құпияның бірі осы – «Аңшының әні». Құрманбай ағамыз бүй дейді: «Бұл ән шыққан кезде мен Дәнештің қасында болдым. Ол тұста бұл кішкене ғана сарын еді, осы сарынды Дәкең Байбазар Үстемірұлынан естіп, қатты құмартты. Дәнеш әннің бас-аяғын реттеді, сөзін бірге жазып шықтық. Осылайша «Аңшының әнін» Дәкең жасап шығарды. Бұл әндегі Дәкеңнің үлесі 90-95 пайыз. Егер әнге автор керек болса, ол– Дәнеш Рақышов». 

– Яғни, «Аңшының әнін» Дәнеш Рақышовтыкі деуге негіз бар ғой?

– Мен білетін Дәкең өте жомарт, жаны таза адам еді. Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» деген өлеңіне тамаша ән жазып, тарту еткен. Бұл ән халыққа «Қасымның әні» болып тарады. Міне, жомарттығы осыдан көрінеді. Жанының тазалығына дәлел – кішкентай ғана сарынды «Аңшының әніне» айналдырып, оны халық әні деп жеткізуі. Ал енді «Аңшының әніне» шынымен де автор керек болса, сөз жоқ, бұл әннің авторы – Дәнеш Рақышов.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ерік Рахым

Мәулен Бектұрғанов: «Менің идеямды бәрі фантастика деп санады»
Ғани Бейсембаев: «4-5 дипломы барлар – білімсіздер!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу