Ғани Бейсембаев: «4-5 дипломы барлар – білімсіздер!»

Oinet.kz 19-06-2017 1205

e18affe869ff6c85c5b47cf22e073f44_XL.jpg

Ғани Бейсембаев, «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының бас директоры

Биыл мектеп бітірушілер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жаңа форматта өтеді. ҰБТ-ның жаңа форматының басты ерекшелігі – екіге бөлінуінде: қорытынды аттестация және ҰБТ. Қорытынды аттестация мектеп түлектеріне, ал ҰБТ жоғары оқу орнына түсушілерге арналған. Осыған байланысты, тапсырмалар да әрқилы. Мұндағы негізі мақсат – білім сапасын көтеру. Сонымен, бұл формат қаншалықты тиімді? «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының бас директоры, Қазақстан ұлттық ЮНЕСКО клубтар федерациясының, Қазақ психологиялық қоғамының вице-президенті Ғани Бектайұлы аталған формат жайлы кеңінен айта келіп, пайдасына тоқталды. Және еліміздегі білім беру жүйесіне қатысты өзінің жеке ойын білдіре кетті.      

- Қазір заман күннен-күнге дамуда, - дейді психология ғылымдарының PhD докторы Ғани Бектайұлы. 

- Осыған байланысты соңғы жылдары ҰБТ форматын өзгерту күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Себебі, 10 жылдай кәдемізге жарап келген бұрынғы ҰБТ форматы бүгінгі талапқа сай келмей қалды. Ақыры, қуанышқа орай, биыл өзгерді. Нақты не өзгерді, бұл жайлы БАҚ беттерінде тәптіштеп жазылды. Бұл формат оқушыларға не береді? Ең бірінші әрі ең бастысы – еркіндік дер едім. Бұрын оқушы бесінші пәнге тек бір-ақ пәнді таңдаса, биылдан бастап 2 пән таңдай алады. Осы арқылы оқушы өз саласын таба алады. Мұның маңызы өте зор. 

Осы жерде байлық туралы айта кетсем. Байлық деген не? Байлық бұл тек материалдық құндылық емес. Байлық – көңіл үйлесімділігі. Шынайы бай адам өзін әрқашан бақытты сезінеді. Бақытты адам – өмірден өз орнын, яғни жары мен мамандығын қателеспей тапқан адам. Ол таңертең сүйікті жұмысына асықса, кешке сүйікті жарына, отбасына асығады. Жұмысын әрқашан көтеріңкі көңіл-күймен құлшына істеп, сергек жүреді. 

Ал, егер оқушы мамандық таңдаудан қателессе, онда құрыды дей бер. Ол қанша жерден талантты болсын, жұмыс істей алмайды. Мысалы, суретшіні бухгалтерлік жұмыста елесететіп көріңіз. Ақылға сыймайды. Абсурд. Салдарынан ол өз жұмысында ешқандай жетістікке жете алмайды. Ылғи күйзелісте жүреді. Ішіне жағымсыз энергия жиналып, ауруға ұшырайды. Мүмкін ол бухгалтер емес, өз саласында суретші болғанда ше? Өмірі басқаша өрбір ме еді?  Сондықтан да, егер оқушы бақытты өмір сүргісі келсе мамандық таңдаудан қателеспеген жөн. ҰБТ-ның жаңа форматында тағы бір таңдау пәнін қосу арқылы оқушыға осындай тамаша мүмкіндік сыйлап отыр.

Әйтсе де, биыл аталған өзгеріске байланысты кішігірім шу болуы мүмкін. Бұл заңды. Адам бірден жаңаға үйрене алмай жатырқайды ғой. Дегенмен, біз бұдан өтерміз. Ең бастысы, тестілеуден қорықпау керек. Себебі, тестілеу бізді ұшпаққа шығарады. Тестілеу жүйесі біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңыншы жылы пайда болған. 1936 жылы КСРО-да қолданысқа енгізілген. Бірақ сол уақытта да жан-жақтан тартқандар көбейіп, ақыры арнайы қаулымен тоқтатылады. Ал алпауыт мемлекеттер сол тұста тест жүйесінің қателіктерінен шошынбай керісінше, зерттеп зерделеп, әрі қарай дамыту жолдарына бас қатырып жатты. Солардың қатарында Америка, Финляндия, Канада, Франция, Израиль, Жапония сияқты алпауыт мемлекеттер бар. Қазірде ол елдер экономикасы, тұрмыс сапасының жоғарылығы жағынан бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы мемлекеттер сапында. 

Егер біз де халық болып, Үкімет болып бұл жүйеге дұрыс көңіл бөліп, қамқорлық жасай алсақ, болашақ білімі бар жастардың қолына көшетіндігіне сенімдімін.

- Осы тұста бір сұрақ туындайды. Елімізде бір басында жоғары білімін растайтын 2-3 дипломы бар азаматтар өздеріне лайық жұмыс таппай, базар жағалап жүреді. 

- Себебі, ол азамат – білімсіз. «Неге білімсіз? Бірнеше жоғары оқу орнын бітірді, қып-қызыл дипломы бар емес пе?» деп дес бермеулеріңіз мүмкін. Тіпті, 4-5 дипломы болсын, ол бәрібір – білімсіз. Көпшілік білімді ақпаратпен шатастырып жатады. Білім мен ақпарат – екеуі екі бөлек нәрсе. Сонымен, білім деген не? Білім деген кәсіп. Өз салаңызды жетік меңгерген адам болсаңыз – сіз білімдісіз. Ең бастысы білім сізді және отбасыңызды асырай білуі керек. Ал, дипломды сырттай яки жүрдім-бардым оқып алған адамды білімді деп айту қиындау.   

Бұрын диплом деген сіздің білімді екеніңізді дәлелдей алатын болса, қазір олай деп айту қиын. Диплом көрсеткіш болудан қалды. Құнын жоғалтты. Деректерге сүйенсек, ХХ ғасырда алынған білім кейінгі 15-20 жылға еркін жетсе, ХХІ ғасырдың басында әрбір 2,5 жылда ескіріп отырған. Былтырдан бастап 1,5 ай сайын ақпарат жаңартып отыру қажеттілігі туса, ал 2020 жылы жиған-терген іліміңіз әрбір 72 сағат сайын алмасатын көрінеді. Демек, бірінші курста оқығаныңыз екінші курс түгілі, бірінші курстың соңында мүлдем ескіріп жарамсыз болып қалуы мүмкін деген сөз. Сондықтан жылдам өзгерістер заманында бала жылдам ойлауға, тез оң шешім қабылдауға, уақытты үнемдеуге үйрену тиіс. Қалайша? Бала бастауыш сыныпта көбіне музыка, өнер (сурет, еңбекке баулу, ән-би), дене шынықтырумен айналысу керек. Музыка баланың есте сақтау қабілетін дамытса, өнер шығармашылық қабілетін дамытады. Ал, дене шынықтыру баланы ширықтырады. Жапонияда мектептерінде осыған баса мән береді. Нәтижесін білесіздер. 

Ал, бізде көбіне академиялық білімге мән береді. Ойын баласын қинап партаға байлап қояды. Міне, осыдан кейін білімсіз, көңілсіз оқушылар үздіксіз көбейе береді. Және жуық арада 1 сынып оқушыларына ағылшын тілін үйретуді бастап кетпек. Бұл дұрыс па? Шет елде ағылшын тілін білетін 77 пайыз азаматтар жұмыссыз жүр.  Біз не, 77 пайызды толықтыру үшін ағылшын тілін үйрету керекпіз бе? Меніңше, біздің Білім және Ғылым министрлігі не істерлерін білмей, нақты бағытын айқындап ала алмай, әр жаққа бір жалтақтап жүрген сияқты. 

Бізге кәсіптік, шығармашылық мамандарды дайындап шығару керек. Біз өз-өзімізді алдамай, одан да нан табатын білімді игеру керек. Әр саланың басын бір шала бермей, бір саланың кәсіпқой маманы болғанда әлдеқайда абзал. Мысалы, сіз кәсіпқой аула сыпырушы болсаңыз, жерде қалмайсыз. Жұмыссыз қалам деп уайымдамайсыз. 

Бізде дипломды мамандар көп, бірақ, кәсіпқойлар аз. Көптеген мекемелер білімсіздерді жұмысқа алғысы келмейді. «Диплом сандықта жатыр, себебі жұмыс жоқ» деген әңгімелер осыдан басталады.   Осы себепті, саны бар, сапасы жоқ жоғарғы оқу орындар  (ЖОО) санын күрт қысқартуды қолдаймын. ЖОО-да тек басқарушы мамандықтарды үйреткен жөн. Онда ақшалылар емес, шын білімділер оқысын.   

1965 жылдан бері әлемде 35 мың мамандық жойылып кетті. Әлемде 50 мың мамандық болса, Қазақстанда 20 мың мамандық бар. Бұл ғасырда әлі бірнеше мың мамандық өледі. Орнын басқа мамандықтар басады. Бұл үрдістен хабарсыз көптеген ата-аналар балаларына қазіргі заманда бәсекеге қабілетсіз, қажеті азайып бара жатқан мамандықты өздері таңдап береді. Осы арқылы олар ұл-қыздарының болашағына өздері балта шауып жатқандарын түсіне бермейді. Өзі сүймеген мамандықты бала өліп кетсе де меңгермейді. Себебі, ол құлықсыз. Қарым-қабілеті сәйкес келмейді. Ол басқа саланың Димашы болуы мүмкін, тек ата-анасы қате таңдап берген саланың емес. 

- Осы мәселелерді қалай шешуге болады?  

- Мойындау керек, еліміздегі ең жемқор сала – білім саласы. Егер мемлекет жетістікке жеткісі келсе, онда білім және денсаулық саласын жемқорлықтан түбегейлі тазарту керек. Мемлекет басшысы осы 2 саланы тікелей өз бақылауына алмаса болмайды. Әйтпесе, қанша жерден триллиондап инвестиция тартып, өндіріске миллиардтаған қаржы құйсаң да, қыруар тірлік атқарсаң да мемлекет ешқашан алға баспайды. Егер адамды адастырып, мемлекетті ұлттық идеологиядан жұрдай қылып, аздырып-әлсіреткіңіз келсе, онда білім жүйесін қиратыңыз, бітті. Шоқан Уәлиханов «елдің елдігі – оның тәуелсіздігі мен білім жүйесінің мықтылығында» деген екен. Білім жүйесі тек қана компьютер мен интерактивті тақта, заманауи үлгіде салынған мектеппен айшықталмайды. Білім сапасы – ішкі мазмұнда. Шынайылықта. Кешегі мен бүгінгіні сабақтастыра білуде. 

Және ең негізгі мәселе, егер өзге ұлттар бізді сыйласын десек, ұлттық тамырымызға қайта оралу керек. Елбасы мақаласында айтылғандай, ұлттық кодты, ұлттық мәдениетті сақтау керек. Әйтпесе ешқандай жаңғыру болмайды. Бұрынғы салт-дәстүрлерді алып қарасақ, оның бала тәрбиесіндегі рөлі өте зор. 

Елбасы ұлттық бірегейлікті сақтауға ерекше мән беруді тапсырды. Бұл өте маңызды. Себебі, қазір көптеген жасөспірімдер мен жастар, тіпті ересектер де Баян Есентаева секілділерді идеал көреді. Батысқа еліктеп жезөкшелікті, ер мен ер, әйел мен әйел арасындағы дәстүрлі емес қарым-қатынасты, қысқасы азғындықты сән көреді. Бұл барып тұрған сорақылық. Егер бүгін ұрпақ тәрбиесін, ұлттық құндылықты ақсатып алсақ, онда ертеңгі күн бұлыңғыр. 

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай 

Нұржан Жанпейісов, әнші: «Аңшының әні» – Дәнештікі!»
Болатбек Қыстауов, Шардара ауданының әкімі: «Шардараның әлеуеті өте жоғары»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу