Тілеухан Әбілдаев: «Медициналық менеджментті меңгеруіміз тиіс»

Oinet.kz 20-07-2017 840

Screenshot_3.jpg

Тілеухан Әбілдаев, Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы

- Клиниканы кім басқару тиіс, дәрігер ме, менеджер ме? «Не дәрігер, не басқарушы болу керек» деген пікірмен келісесіз бе?

- Клиниканы денсаулық сақтау саласынан хабары бар менеджерлер басқаратын кез келді. Жалпы, дәрігерлігімен бірге менеджерлік қабілеті қатар қалыптасқан мамандардың басқарғаны дұрыс деп есептеймін. «Не дәрігер, не басқарушы болу керек» пікірмен толық келісемін. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Басқа мемлекеттерде дәрігерлік білімі жоқ менеджерлердің емдеу мекемелерін басқарып отырған жағдайлар бар. Ал, біздің елімізде медициналық мекемелерді басқарушылардің 99 пайызы дәрігер-ұйымдастуршылар. Дәрігер-ұйымдастырушылардың арасында қосымша эконмикалық, қаржылық, құқықтық білімі бар азаматтар да жеткілікті. Егер қарым-қабілеті жетіп тұрса, олардың бас дәрігер де, мененджер де болып емханаларды басқаруы өте тиімді деп есептеймін. 

- Өзіңіз бас дәрігерлік қызметке келген уақытта қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

- 1991 жылы Жамбыл облысы, Талас аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында медициналық мекемені қаржыландыру мәселесі өте қиын болды. Қызметкерлердің айлық жалақыларын тауып берудің өзі оңай емес еді. Бар мамандарымыз ала дорба арқалап, базар жағалап кеткен, кадр тапшы болатын. Бұл мәселе қазір де бар. Кадр тапшылығы елімізде әлі де күрделі мәселелердің бірі болып тұр. Есесіне жыл өткен сайын еліміздің әлеуеті артып, экономикамыз ілгерілеп, медициналық мекемелеріміздегі құрал-жабдықтар мен техникалар заман талаптарына сай жаңарып жатыр. Жамбыл облысында медициналық мекемелердің жалпы жабдықталу көрсеткіші 73 пайыздан асты. Елбасымыздың қамқорлығымен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық әкімдік тарапынан медицинаға жіті көңіл бөлінуде. 

- Шетелде медициналық менеджментті жеке мамандық ретінде оқытады. Бізге осындай жүйе қажет пе?

- Медициналық менеджментті жеке мамандық ретінде оқыту Қазақстанда да жолға қойылып келе жатыр. Мұндай жүйенің бізге қажет екені даусыз. Қазір медициналық академия мен университеттердің түлектері медициналық менеджемент – денсаулық сақтау саласын басқару ісі бойынша магистратураны, PhD доктурантураны оқып жатыр. Бітіргендері де бар. Сондықтан бұл бағытта денсаулық саласының менеджерлерін даярлау мақсатты түрде жүзеге асып келеді. Сондықтан біздің дәрігерлеріміз емдеу ісімен шектеліп қалмай медициналық менеджментті игеруге ұмтылуда. Тек бас дәрігерлер ғана емес, олардың орынбасарлары да, емдеу мекемесін басқарғысы келетін кез келген маман медициналық менеджментті меңгеруі тиіс. Олардың барлығы басшы болып кетпесе де отандық медицинаның нәтижелі болуына өз үлестерін қосады. Бұл өте дұрыс бағыт!

- Бас дәрігер болудың қиындықтары қандай? Оған қандай талаптар қойылады? Кез келген, тіпті талантты дәрігерден бас дәрігер шыға ма?

- Бас дәрігер болу адамға өте үлкен жауапкершілік жүктейді. Өте үлкен болатын себебі басқарушы міндетіне емдеу мекемесінің барлық жауапкершілігімен қатар сол жерге тіркелген тұрғындар денсаулығын жіті қадағалау да кіреді. Бұл – елдің тағдыры. Денсаулық сақтау саласында мынадай қанатты сөз бар: «Жақсы дәрігер қателессе бір адам өмірден өтуі мүмкін. Ал ұйымдастырушы басшы қателессе бірнеше адамның өміріне қауып төнуі мүмкін». Сонымен қатар, қаржылық, шаруашылық мәселелерді де өзінің тікелей жауапкершілігіне алады. Заңдылықтарды сақтап, қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін арттыруына, тұрғындардың ем қабылдауына тиісті жағдайларды жасауы міндетті.  Бас дәрігер болу осындай жауапкершілігі мол өте күрделі жұмыс. Сондықтан кез келген талантты дәрігерден жақсы ұйымдастырушы шығады деп айта алмаймын. Әркімнің өзіне тән мінез-құлқы бар. Басшыда  басқарушыға тән көшбасшылық қасиет, ұжымды ұйыстырып, ортақ іске жұмылдыра алатындай қабілет болуы керек. Ол қажет кезде шапшаң шешім қабылдай алуы тиіс. Мектепте, жоғары оқу орнанда өте жақсы оқығандардың өз саласында мықты маман болып қалыптасатыны анық. Бірақ олар үйлестіру жұмыстарын атқара алмауы мүмкін. Керісінше, жақсы оқымаса да студент кезінде-ақ өзінің ұйымдастырушылық қасиеттерімен, жұртты жұмылған жұдырықтай бір іске бағыттай білуімен танылған азаматтар болады. Олар бүінде өз арамызда емдеу мекемелеріне басшылық жасап жүр. 

- Бас дәрігердің үш қасиетін атап беріңізші...

- Бірінші кезекте басқарушының медицина саласында кәсіби шеберлігі болу керек. Екіншіден, ұйымдастыру ісінде қабілет болуы міндетті. Үшіншіден, науқастың мұқтажын өзінің және мекемедегі басқа да медицина мамандарының мұқтаждығынан жоғары қоя білуі тиіс.  

- Бас дәрігерлердің арасында сауатсыз әріптестеріңізді кездестірген кезіңіз болды ма? Мұндай басшының зардабы қандай?

- Меніңше, бас дәрігердің сауатсызы болмайды. Бірақ, өкінішке қарай, бас дәрігерлердің арасында да өз жауапкершілігін терең түсіне бермейтіндері кездесіп жатады. Кейбірінің кемшілігінің орнын орынбасарлары толтырып, білдірмеуге тырысады. Оған командалық әріптестік ретінде түсіністікпен қарауға болатын шығар. Дегенмен, қағаз бетіндегі қателік емдеу ісінде орын алса, оның зардабы кімге болса да оңай тимейді. Ондай ұқыпсыздық халықтың еліміздің медициан саласына деген сенімін төмендетеді. Сондықтан кемшіліктер мен қателіктерге жол бермеу үшін бас дәрігерлердің өздері басқаратын мекемелердің жұмыстарын жіті қадағалап отырамыз. Қажет болса әріптестік кеңестеріміз бен көмектерімізді беріп тұрамыз. Мұндай жұмыстар кем-кетікті жасыру үшін емес, олқылықтарды болдырмау, алдын алу мақсатында жүргізіледі. 

Еркін Шымырқұлов: «Театр әртістері айлықтан айлыққа дейін өмір сүріп келеді»
Бексұлтан Тұтқышев: «Емдеу мекемесін бас дәрігер емес, менеджер басқаруы тиіс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу