Еркін Шымырқұлов: «Театр әртістері айлықтан айлыққа дейін өмір сүріп келеді»

Oinet.kz 20-07-2017 1613

Screenshot_2.jpg

Еркін Шымырқұлов, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, Мәдениет қайраткері

 - Еркін аға, театр саласының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүргеніңізге 40 жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде  сіз тек театр сахнасында  ғана емес, түрлі көркем фильмдерге түсіп, көрермен жүрегінен орын таптыңыз. Жалпы, осынау қасиетті  өнер жолына қалай келдіңіз?

-Мен  өнерге бала кезден қызықтым десем болады. Тастан Өтебаев деген ағам театрда талай жыл бас режиссер қызметін атқарды. Ағамның бірнеше спектакльдерінде ойнағанмын. Жастайымнан ән айтып, драмалық шығармаларға, үйірмелерге қатысып өнерге құштар болып өстім. Бойымда  қасиет барын іштей сезетінмін. Театрға деген сүйіспеншілігім мектепте басталды. Уақыт өте келе өнер жолын одан әрі жалғастыруды шештім. Алматыдағы Эстрадалық өнер студиясына әншілікке түстім, екі жыл сол  жерде білім алдым. Майра Ильясова, Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев сияқты әншілермен бірге оқыдық. Менен жастары үлкен болса да құрдас ретінде араластық. Тағдырдың қалауы шығар, бір жылдан кейін әскерге  сұрандым. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп болғаннан кейін  Шымкенттегі химия технологиялық  институтына  кешкі бөлімге  оқуға түстім. Сонымен қатар, «цементшілер» сарайында  «Ақ маржан» дейтін ансамбільде солист болдым. Ансамбльдің басқарушысы Серік Елеусізов бір күні маған былай деді: «Балам сен әншілікпен жүре берме, түбінде үлкен өнер иесі болу үшін білім алуың қажет. Сен адам инженері болу керексің. Тезірек театральныйға түс,  биылдан қалма» деп ақылын айтты. Содан кейін 1982 жылы Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтына драма және кино  актері мамандығына түстім. Сол сәттен бастап мен үлкен өнер  жолына біржола ден қойдым.

- Сомдаған рөлдер ішкі болмысыңызға әсер ететіні анық қой? Рөлден шыға алмай қалған сәттер болды ма?

- Әртіс деген – ол сенгіш, әртіс деген – ол  нанғыш, әртіс деген – ол тіл алғыш. Сондықтан тіл ала отырып, тіл алдыру керек. Сене отырып, сендіру керек. Сонда ғана – ол  әртіс. Содан болар мен ойнаған рөліме жан дүниеммен кіріп ойнаймын. Кейде сол нәрсе өз басымнан өткендей күн кешем. Жан дүнием алай дүлей болып кетеді. Тәжірибемде ішкі болмысыма қатты әсер еткен ол Райымбек Сейітметовтың қойған «Сталинге хат» спектакльі болатын. Бұл Шерхан Мұртаза ағамыздың пьесасы бойынша қойылған. Мен Тұрар Рысқұловтың рөлін ойнадым. Тұрар ағамыздың сол 20-шы жылдары бастан кешкендерін өз басымнан өткізгендей болдым. Ол кісінің сөйлеген сөздері қатты әсер етті. Қазақ халқының үлкен қайғысын көз алдымнан өткіздім, халқымыздың басына түскен қасіретті түсіне білдім. Елді аштық жайлап, жұқпалы аурулар тараған өте қиын кездер... Осының бәрін түсініп, жүрегіңмен сезіп көрерменге сол кездегі атмосфераны беру мен үшін өте қиын болды.

- Ең алғашқы сомдаған рөліңіз туралы айтып берсеңіз?

- Әділбек Тауасаровтың  «Арманшыл қыз» спектаклін  Тастан Өтебаев ағамыз қойды. Қойылымда мен мектепті енді бітірген Болат деген жас жігіттің рөлін ойнадым. Болат Самал есімді қызға ғашық болады. Ал Самал актриса болуды армандайтын, арманның жетегінде жүріп Болаттың сезімін елемейтін. Болаттың бірге болайық деген тілегінен қашып, жолым басқа екенін айтып Болаттың бетін қайтарады. Уақыт өте келе Болат атақты актер болады, ал Самал қанша тырысқанымен жақсы өнер иесі атану қолынан келмеді. Осы рөлді сомдап, «Жігер» фестивалінде бірінші орын алдық. Бұл жеңіс мені жігерлендірді.

- Соңғы кезде сізді фильмдерден жиі көретін болдық. Кино саласына біржола кету жоспарыңызда бар ма?

- Мен екі жұмысты ұштастырып жүрген адаммын. Күндіз театрдағы қойылымдарға қатыссам, түнде фильмдердің түсіріліміне баратын кездерім көп болды. «Өмірдің өзі новелла», «Бәсеке», «Көке», «Кілт» сияқты туындыларға түстім. Егер  жақсы фильмдерге  түсуге ұсыныстар болып жатса, бас тартпас едім. Соңғы кезде режиссерлік қызметке қызығушылық танытып жатқан жайым бар. Болашақта фильм түсіріп қалуым әбден мүмкін.

- Театр өнеріне өмірін арнаған әртістердің  еңбегі бізде қаншалықты бағаланады? Сіз 40 жылдай бұл салада жүрсіз сіздің еңбегіңіз ақталды ма?

- Қазір әншілер бір-екі өлеңін айтып ҚР еңбек сіңірген әртісі атанып жатады. Ал театр әртістері бүкіл ғұмырын қазақ өнеріне арнайды. Қанша жылдан бері қойылымдарда ойнап еңбек етеді. Бірақ еңбегі жоғары деңгейде бағаланбайды. Айлықтан айлыққа дейін өмір сүріп келеді. Оған қоса атақ дәрежесі көтерілмей қалып жатқан қанша әріптестерімді көрсем ішім ашиды. Бұл  негізі үлкен проблемалардың бірі түсінген адамға. Тек Алматы мен Астана қалаларында ғана әртістердің жағдайы басқа облыстарға қарағанда жоғары деңгейде. Бұл театр өнеріне деген қиянаттық деп білем. Әрине бағаланатын жағдайлар болады. Бірақ жоғарғы атаққа аз ұсынылады. Біздің тек атымыз қалады. Басшыларымыз елеп, ескеріп әртістердің еңбегі өз деңгейінде бағалануына ықпал етсе нұр үстіне нұр болатын еді.

- Сізге еліктейтін өзіңіздей болғысы келетін жастарға қандай кеңес айтасыз?

- Адамгершіліктен аттама, ең алдымен жұмысыңды адал істеп, шындықты жақтаушы, жаңаны іздеуші бол дер ем. Еліңе, дініңе, тіліңе деген құрмет бірінші тұрса онда ол адамнан жамандық шықпайды. Бәйтерек бір жерде көгереді осыны ұмытпау керек. Әсіресе шығармашылықпен айналысатын жас буын өкілдеріне айтарым: қазақ елінің қалыптасуы, дамып, өркендеуі жолына өмірін арнаған атақты билеріміз, хандарымыз, батырларымыз, қоғам қайраткерлері,  Алаш азаматтары туралы фильм түсірсе ол кейінгі  ұрпаққа аманат болар еді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Дана СҮЛЕЙМЕНОВА

Батырхан Дәуренбеков, «Сақ» киностудиясының режиссері: «Мультфильм де идеология құралы»
Тілеухан Әбілдаев: «Медициналық менеджментті меңгеруіміз тиіс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу