Әділхан Абдулин: «Мемлекет – медицинаға, адамдар өз денсаулықтарына көп көңіл бөлуі керек»

Oinet.kz 18-01-2018 698

Screenshot_8.jpg

Әділхан Абдулин, Отан соғысы мүгедектерінің орталық клиникалық госпиталінің директоры

 Біздің бүгінгі кейіпкер жайлы аз-кем сөз. Әділхан Абдулин – 1959 жылы Ресей Федерациясының Челябинск облысы, Қызыл ауданына қарасты шағын ғана қазақ ауылында дүниеге келген. Медицина оқу орнына студент болып қабылданған Әділхан Әмірбекұлы шәкірт кезінде-ақ аймақтық аурухананың реанимация бө­лі­мінде жұмыс істей жүріп, 22 жасында алғаш рет ота жа­сау процесіне қатысады. 1982 жылы туған өңірі – Челябинск қаласындағы меди­циналық институтты тәмамдап, көп жылдар Ресей Федерациясының емдеу мекемелерінде еңбек ете­ді. 1992-2008 жылдары Челябинск, Магнитогорск қалаларындағы ірі ауруханаларда­ Бас дәрігер қызметтерін атқарады, «Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын алады. 2007 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің бастамасымен «Мемлекеттің кәсіби тобы» деп аталатын байқау жарияланып, Челябинскідегі 10 мың дәрігердің арасынан аты озып, Әділхан Абдулин Ресейдің ең мықты 43 дәрігердің қатарына қосылды. Білікті маманды Мәскеуге жұмысқа шақырады. Алайда «Ресей астанасына барып қайтем, одан да тарихи Отаныма оралып, өз Астанама ат басын бұрайын» деп шешкен Ә.Абдулин 2008 жылдан тәжірибесі мен білік­тілігін Астана қаласындағы Отан соғысы мүгедектерінің орта­лық клиникалық госпиталінің жұмысын жандандыруға жұмсап келеді. Өз ісіне шексіз берілген тәжірибелі мамандардың жоғары дәрежедегі қалтқысыз қызметінің нәтижесінде госпиталь ұжымы 2009 жылы еліміздегі ең үздік медицина мекемелерінің құрамына кірген. 2011 жылы госпиталь Астана қаласы денсаулық сақтау мекемелері арасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» конкурсының же­ңімпазы атанған.

– Әділхан Әмірбекұлы, сіз Ресейде құрметті дәрігерлердің бірі едіңіз. Тіпті Ресейдің астанасы Мәскеуге жұмыс істеуге шақырған тұста, бас тартып, Астанаға оралуды жөн деп таптыңыз. Неліктен?

– Біз ата-бабамыздың, әке-шешеміздің алдында қарыздармыз. Олар бізді қазақ қылып дүниеге әкелді, қазақы тәрбиені бойымызға сіңірді, қазақ қылып өсірді. Біз де сол жолды жалғастыруымыз керек емес пе? Ол менің – балаларымның алдындағы әкелік парызым. Ұрпағым өз қанын, тамырын білмесе, күні ертең түп-тұқиянынан тартып сөз сөйлей алмаса, менің балалар жалғастығын кейінгіге жеткізе алмаған кемшілігім болып есептелмей ме? Атамекенге ең алдымен балалар үшін оралдық. Оларды қазақ қылып өсіргім келді. Осы топырақтың перзенті ретінде де қазақ жеріне келу парызым деп білдім.

– Ана тілін біршама білетін сізге Қазақстанға оралу қиын болмаған да шығар. Бірақ балалар қиналып қалмады ма?

– Қазақстан баяғы Кеңес одағы құрамында болған ел. Ортақ тарихи тағдырымыз бір мемлекет болған жадымыз әлі сақтаулы. Бұл – біріншіден. Екіншіден, сол КСРО құрамынан бөлініп кеткен Өзбекстан, Украина, Белорусия, тағы басқа елдер осы күні өз тілінің, өз мемлекеттілігі мен дәстүрінің жайын алдыңғы қатарға қояды. Қазақстанда бұл тұрғыдан либералды көзқарас басымдау ма деп ойлаймын. Біздің елде әлі күнге орыс тілі алдыңғы қатарда қолданыста. Бұл тұрғыда балаларым аса көп қиналды деп айтпайтыным сондықтан. Бірақ біз тарихи отанымызға қазақы тілдің қаймағын бұзбай сөйлеуді үйрену үшін, қазақы ділімізге жақындай түсу үшін оралдық қой! Сол үшін қоғамда да, отбасында да көп жұмыстанып жатқан жағдайымыз бар. Шүкір, дәстүрімізді, тарихымызды толық біліп, тамырымызға жақындай түстік.

– Қазақстанға оралып, отандық медицинада қызмет істей бастағаныңызға биыл – он жыл. Он жыл ішінде не түйдіңіз, қандай артықшылық пен кемшілікті байқадыңыз?

– Артықшылық та, кемшілік те бірдей жүреді ғой. Медицинадағы жағдай жылдан-жылға жақсарып келеді деп айтар едім. Мемлекет – медицинаға, ал жеке адамдар өз денсаулығына көп көңіл бөлу керегін әркімнің-ақ түсінер уақыты баяғыда келген. Құдайға шүкір, Қазақстандағы медицина ғылымы еш елдікінен кем емес. Дүниежүзінде аса күрделі оталар қатарына жататын жүрек, бауыр, бүйрек ауыстыру операцияларын жасай алатын мамандар қатары жылдан жылға артып келеді. Дәрігерлердің де біліктілігі шетелдік әріптестерімізден еш кем емес. Алайда, елімізде медицина саласына қатысты реформалардың, бастамалардың жиі ауысатынын айта кету парыз. Дәрігерлер бір бастамаға енді-енді үйреніп келе жатқан жағдайда, күрт өзгеріс енгізіп, келесісін қолданысқа енгізе қояды. Бұл дәрігерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне кедергі келтіреді деген ойдамын.  

– Өкпеге арналған оталардың барлығын бірдей жасай алатын біліктілігіңіз бар. Осы саланың кәсіби маманы ретінде айтыңызшы, өкпенің қандай отасы ең күрделі?

– Оны қалай айтасың? Қай жерің ауырады, жаның сол жерде тұрғандай әсер етпей ме? Сұрағыңызға қандай отаны жасау қиын деген тұрғыдан келіп көрейін. Өкпені алып тастау оталары күрделілеу келеді.

– Ондай отаны біздің қазақстандық дәрігерлер жасай ала ма?

– Әлбетте! Қазақстан дәрігерлері жалпы өте дарынды. Тек құрылғы, жағдай қолбайлау. Заманауи техникалар, құрал-жабдықтар уақытылы Қазақстанға келіп, медицинаның осы саладағы кем-кетігі толықтырылып отырса, бұл саладағы мамандардың алар асуы бұдан да көп болар еді.  

– Адамның бір өкпемен өмір сүре алатынын білеміз. Қазір сол бір өкпені кесіп тастай алатын оталар бар. Адам жалпы қанша пайыз өкпемен өмір сүре алады?

– Білесіз бе, адамда артық орган болмайды. Барлығы да керек. Екі өкпе де солай. Жалпы, өкпе сол және оң болып екіге бөлінеді. Сол жақта жүрек бар ғой, сондықтан, сол жақтағы өкпе кішілеу болып келеді. Сол өкпеде тоғыз сегмент болса, оң өкпеде он сегмент бар. Оң жақтағы жарты өкпесінің жеті сегментін алып тастау керек болған бір науқас ота жасар алдында қатты уайымдады. Сол жақ өкпе өзі кішілеу дедік қой, үлкендеу өкпесінің жартысынан көбін алып тастаған соң, өмір сүруім әлдеқалай бола ма деген күдігі көп болды. Барынша жағдайды түсіндіріп, ота жасадық. Өзі кәсіпқой суретші еді. Риза болып, бір картинасын сыйға тартты. Сол науқасқа ота жасау арқылы өмірін он жылға ұзарттық. Жалпы, өте сирек жағдайларда адамның жартысынан да көп өкпесін ота арқылы алып тастауға болады. Бірақ, сөзімді қайталайын, адамда артық орган болмайды. Бұл – алып тастамаса, науқастың жағдайын нашарлата түсетін жағдайда ғана жасалатын аса күрделі оталар.

Жалпы, қазақстандықтардың өкпесі неліктен ауырады, ота жасаудың ең көп таралған себебі не екенін айта аласыз ба?

– Денсаулыққа күтіммен қарау – сауаттылықтың белгісі. Ол қарапайым қағидалалардан басталады. Жаман әдеттерден аулақ жүру, темекі шекпеу, арақ ішпеу, ащы тамаққа әуес болмау, салауатты өмір салтын ұстану – көп жамандықтың алдын алады. Сөзімнен өзіңіз байқап отырғандай, біздегі өкпе ауруларының көп себебі денсаулыққа салғырт қараудан, уақытылы тексеруден өтпеуден, дәрігер диагноз қойған жағдайда да уақытылы ем-дом қабылдамаудан келіп асқынады.  

– Өзіңіз жетекшілік ететін Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальдің негізгі емделушілері кімдер?

– Қазақстан бойынша екінші дүниежүзілік соғысқа 1 млн. 200 мың майдангер барды, оның алты жүз мыңы – қазақ. Қазір екі жарым мың ұлы отан соғысының, 16 мың ауған соғысының ардагерлері тіркеуде. Одан бөлек, Чернобль апатты аймағында қызмет еткен 7 мың, Семей ядролық полигоны зардабын шеккен жарты миллиондай науқас бізде емделеді. Міндетті медициналық сақтан­дыруға қатысты біздің ұйымда науқастарға тегін медициналық көмек көрсетіледі. Яғни, барлығы мемлекет тарапынан төленеді, ме­дициналық сақтандыру ұйымдас­тырылады.

Біздің ұжымда жүрегі жұмсақ жандар жұмыс істейді. Мейірімге толы мекемеде қазіргі таңда 70 орынды аурухана және ардагерлерге 16 медициналық мамандық түрі бойынша қызмет көрсететін емхана тынымсыз жұмыс істейді. Негізінен, терапевтік емдеу­ге арналған стационарда кардиологиялық және жүйке ауруларының мамандандырылған ем-шаралары жасалады. Аталмыш госпиталь Ас­тана мемлекеттік медициналық университетінің кли­никалық базасы болғандықтан, мұнда терапия сала­сы­ның білікті ғалымдары ем­деу үрдістерін жүргізеді.

Мекемемізде бассейн, минералды ванна, массаж, балшықпен емдеу, физиологиялық емдеу және тағы басқа да көптеген қызмет түрлері көрсетіледі. Материалдық-техникалық базасы да толыққанды. Мұнда ем қабылдаушылар екі апта мерзімге келеді. Жалпы емхана жоспар бойынша 14 облыстан келген науқастарға қызмет көрсетеді. Ай сайын мұнда 140-145 адам келіп, денсаулығын түзеп шығады. Күні-түні тынымсыз қызмет атқаратын емханада науқастарға арналған кітапхана, жаттығу залы, асхана бар. Жағдайы мүшкіл, жүріп-тұруы қиын қарттарға асты бөлмелеріне әкеліп береді. Емханада 200 адамға орын қарастырылған. Бір бөлмеде 2-3 адамнан жатады. Жаттығу залы да кең. Емделушілер жаттықтырушының кеңесімен жаттығу жасайды.

Орталығымызда медициналық қызметтен бөлек, мәдени іс-шаралар ұдайы жүргізіліп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Орталық клиникалық госпиталь базасында суретшілердің халықаралық байқауын өткіздік. «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрметіне орайлас­тыра «Жеңістің қайраты – болашақтың қуаты» атты суретшілердің III халықаралық байқауын ұйымдастырдық. Бұл байқауға 14 мемлекеттің қылқалам шеберлері қатыс­ты, Ресей, Украина, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден өтінім көп түсті. Бұл – науқастарды медициналық тұрғыдан сауықтыру шараларымен қатар, оларды рухани тұрғыдан да демеу.

– Қазақ тілі қалтарыста қалған тұста барлық іс-қағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізетін мекеме ретінде осы госпиталь астаналықтарға ғана емес, республикаға да кеңінен танымал. Мекеменің іс-қағаздарын 100 пайыз қазақ тіліне өткізу – қиындық тудырмады ма?

–  Неліктен қиындық тудыру керек? Біз Қазақ елінде өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? Осы елдің азаматы емеспіз бе? Біздің орталыққа тіпті ең қазақы өңір саналатын Оңтүстіктен науқастар орысша толтырылған жолдамамен келеді. Ал біз науқастарды үйіне тек қазақша жазылған іс-қағаздарымен қайтарамыз.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

Әзімхан Исабек: «Ақын мен жазушы айналып келгенде бір терінің пұшпағын илейді»
Аружан Саин: «Мы казахстанцы можем справится своими проблемами сами»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу