Әзімхан Исабек: «Ақын мен жазушы айналып келгенде бір терінің пұшпағын илейді»

Oinet.kz 16-01-2020 1242

Жас ғалым, жазушы Әзімхан Исабек 2019 жылы Шымкент қаласының үздік жас жазушысы атанды. OINET.KZ сайты Әзімханды осы жетістігімен құттықтай отырып, бүгінгі таңда қандай жұмыстармен айналысып жүргенін сұраған едік. 

2019_10_25_Исабек Әзімхан.jpg

– Қайырлы күн, Әзімхан. Ең алдымен, сіз биыл Шымкент қаласының «Жыл жазушысы» атандыңыз. Құттықтаймын.  

– Иә, рақмет. Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына байланысты профессор Мекемтас Мырзахметұлы мен ұстазым Ақжол Батырұлының жетекшілігімен, сол кісілердің ықпалының арқасында қазақ әдебиетінің тарихында бұрын-соңды болмаған Абайдың 38-қара сөзі аталып келген «Китаб тасдиқ» шығармасына транскрипция жасаған едік. Шымкент қаласының әкімдігі сол еңбекті ескеріп, мені «Жыл жазушысы» атағына лайық деп тапқан шығар деп ойлаймын. Мен қаншалықты лайықпын оны бағалайтын адамдар біледі. 

– Жалпы, сіз жазушы деген ұғымды қалай түсінесіз? «Китаб тасдиққа» транскрипция жасамас бұрын, проза жанрнда немесе поэзия жанрында болсын қалам тербеп жүр ме едіңіз. Және жазушы қоғамға керек пе? 

– Студент атанғанға дейін мен өлең жазып келіппін. Ойлап қарасам, егер мен ақын болатын болсам, мен мықты ақындардың қатарына жатпас едім. Мен ортанқол ақындардың қатарына жатар едім. Және прозалық шығармалар жазатыным рас. Бірақ өндіріп жазамын деп айта алмаймын. Ауыл өмірінен жазған дүниелер бар, Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерін талдап-талқылау барысында тек ғылыми дүниеден бөлек, көркем проза бағытында да, эсселік бағытта да жазған дүниелер бар. Абайдың әкесі туралы жазылған қомақты шығарма бар. Міне, осылардың барлығы мені ғылымға алып келді десем де болады. 

– Сонымен, сіз ғылыми зерттеуші болдыңыз ба, жазушы болдыңыз ба?

Мен ғылымды ерекше құштарлықпен айналысатын сала ретінде жақсы көремін. Мен бірақ ғалым емеспін, жазушы да емеспін. Мен – ізденушімін.

– Абайтану әлемінде зерттеулеріңізді ұсынып, жаңалық ашып, өз орныңызды қалыптастырып үлгерген жас буынсыз. Өзіңізге бағыт-бағдар берген ұстазыңыз, жетекшіңіз туралы айтып өтсеңіз. 

– Абай Құнанбайұлының туындыларына деген қызығушылық менде мектеп кезден бастау алған. Ақынның өлеңдерін жаттап, республикалық деңгейдегі жарыстарға дейін барып үздік болдым. 11-сынып оқып жүргенімде облыстық пән олимпиадасына бардым. Қазір менің әкемдей болып, жетекшілік етіп жүрген Ақжол Батырұлымен сол кезде таныстым. Мен қатысқан олимпиадада ол кісі төрелік етті. Жазған шығармамды 50/48 етіп бағалады. Кейінен М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да доцент екенін біліп, өзім іздеп барған болатынмын.  Сол мектепті аяқтамай тұрып, университетке келіп, Ақжол ағайдың дәрістерін тыңдай бастадым. Ал сол кездегі дәріс менің бүгінгі ғылымға деген қызығушылығыма үлкен септігін тигізді. Ақжол Батырұлының арқасында мен Мекемтас Мырзахметұлымен таныстым. Мен қазір мақтанып айтып жүремін «профессор Мекемтас Мырзахметұлы менің ғылымдағы атам, ал Ақжол Батырұлы менің ғылымдағы әкем» деп. Маған ғылыми да, рухани да демеу болған осы кісілер. 

– Ұстазыңыз Мекемтас Мырзахметұлы туралы айтып өтсеңіз. Ол сізге қай тұрғыда көмек берді?  

– Мен ОҚМУ-да бакалавр оқып жүргенімде диплом тақырыбым «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасындағы лингво-поэтикалық ерекшеліктер» деп аталды. Бұл зерттеу жұмысы 4 жыл ізденіп, соңғы бір айда қағазға түскен еді. Жетекшім Ақжол Батырұлының ұсынысымен профессор Мекемтас Мырзахметұлының қолына бердім. Ол кісі жұмысымды оқып шығып, өте жоғары деңгейде жазылған деп пікір айтты. Студенттік миссиям орындалған соң, жетекшілерімізбен жаңа жоспар құра бастадық. Енді біз Абайдың барлық туындыларын хатқа түсірген Мүрсейіттің қолжазбаларын қарауды ойладық. Содан «Мұхтартану» орталығы ашылған кезде Дияр Қонаев пен Мұрат Әуезов келді. Осы сәтті пайдалана отырып, Мекемтас Мырзахметұлы мен Ақжол Батырұлы ол кісілерге ұсыныс жасап, сол қолжазбаны Алматыдан алып келуге рұқсат алып берді. «Китаб тасдиқты» алған транскрипциялаған кезде ұстазым Мекемтас Мырзахметұлы барлық сұхбатында бұл жаңалықтың расымен де, сенсация екенін айтты. 

– Абай мұрасын келешек ұрпаққа қалай насихаттау керек? Бүкіл қазақ баласы Абайды тану үшін не істеу керек? 

– Енді өзім қатарлы, өзімнен кейінгі замандастарға айтарым, ең алдымен Шәкәрім мен Мұхтар Әуезовтың еңбектеріне қанық болу керек. Және осы кісілермен деңгейлес болып жүрген ХХІ ғасырдағы абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының еңбектерімен сусындауы керек. Сонда ғана кейінгі буын Абайдың не айтқанын, не айтқысы келгенін бойына сіңіре алады деп ойлаймын. Абайдан кейінгі ұрпақ оның әр шығармасында не айтылғанын түсіну керек.

– Елімізде жыл сайын Абай оқулары өтеді. Ол жерде басты талап Абайдың туындыларын жатқа оқу және олардың саны. Сіз қалай ойлайсыз, санға мән береміз бе, сапаға ма? Құр судыратып өлеңді оқып, мән-мағынасына жете бермеуге қалай қарайсыз?

– Осы тұрғыда Мекемтас Мырзахметұлының пікірін айтып өткім келіп отыр. Ол кісі айтады: «Абайды зудыратып жаттап алған жақсы, бірақ оның ішіндегі қазыналарды алу мүлдем бөлек дүние» дейді. Былай қарап отырсаңыз, қазіргі қоғамда бақырауық әндер де жоғары деңгейдегі бағаланып жатыр ғой. Сол себепті, мейлі мәнін түсінбесе де, Абайдың өлеңдері мен қара сөздері сахнада сайрап тұра берсін. Жастықпен көбісі түсінбеуі мүмкін, бірақ миға түскен нәрсе жүректен өз орнын, ретін алмай қоймайды. 

– Алдағы уақытта Абайтану саласына қатысты тағы қандай жоспарлаңыз бар?

– «Китаб тасдиқ» бойынша арнайы еңбек даярланып жатыр. Абайдың бұл шығармасында 300-ден астам араб-парсы сөздері бар. Оған арнайы сөздік даярлануда. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың 175 жылдығына үлкен мән беріп отырған жайы бар. Сонымен қатар, Мүрсейіт Бікеұлының да 160 жылдығы келе жатыр. Осы кісі де тасада қалмаса екен деп ұсыныстар айтып жүрмін. Өйткені, Мұхтар Әуезов айтады: «Мүрсейіт шығармалары Абай мұраларын дәріптеудегі асыл нұсқа» деп. 

– Сізді қазіргі қоғамда не қуантады, не мазалайды? 

Қалам ұстаған ақын-жазушылардың көбісі дерлік, өзімнің замандастарыма қатты сыни көзқараспен қарайтынын аңғарып жүрмін. Бізге қатты сын да керек, бірақ барлығын орнымен түсіндіретін, бағыт-бағдар беретін аға буындар да керек. Қуантатыны – проза жанрында да, поэзия жанрында да өзінің ойып тұрып орнын алған жас буындар бар. Және оларды оқитындар да бар. Міне, солардың бойында оң көзқарасқа негізделген тақырыптарды зерттеп, рухани әлемге кіріп, қоғамға пайдамды тигізсем, деген жастардың бары қуантады. Ал мазалайтыны, Абай секілді ойланбайтын жастар. Ертеңіне алаңдамай жүрген, бүгініне ғана мәз болып жүргендер қарын аштыртады. «Ертеңгісін ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ізгіліктің дәнін егеді» дейді. Мысалы, бүгінде Абайдың байлығы да, малы да жоқ. Артында тек айтып өткен мұрасы ғана. 

– Қазіргі таңда проза жанрында қалам тербеп жүрген кімдерді оқисыз? 

– Өзімнің қазіргі таңда диссертациялық жұмысыма қатысты ғылыми еңбектерді қарап жүрмін. Ұстаздарымның кеңесі бойынша, Мұртаза Болутай есімді ғалымның «Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды» деген ғылыми шығармасын оқып жүрмін. Және «Абайдың әдеби хатшысы» деген Әсет Мырзақасымның еңбегімен танысудамын. Ал қазіргі таңда көркем проза оқып жүрген жоқпын. Бірақ поэзия оқып тұрамын.

– Сіздің ұғымыңызда ақын мен жазушы бір адам ба? Әлде екеуінің бір-біріне қатысы жоқ па?

– Көп адам екеуін екі топқа бөледі. Меніңше, екеуін бір деп те қарауға болады, екі бөлек деуге де болады. Екеуі де ұлттық сана мен тарихи сананың жандануына үлес қосып жүрген тұлғалар. Екеу де қаламгер. Бірақ ақындар көбінесе эмоцияға жиі беріледі. Ал прозаны жазушылар нақты фактіге көп сүйенетін секілді. Ал айналып келгенде екеуі де бір терінің пұшпағын илейді ғой.

OINET.KZ 

Сүндет Сейітов: «Ақындық ақ сүттен дариды»
Әділхан Абдулин: «Мемлекет – медицинаға, адамдар өз денсаулықтарына көп көңіл бөлуі керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу