Сүндет Сейітов: «Ақындық ақ сүттен дариды»

Oinet.kz 16-01-2020 3152

Әдеби ортада өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген жас ақын Сүндет 1998 жылы 3 қазанда Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысына қарасты Шыназ ауданы Көтерме ауылында дүниеге келген. 2007 жылы атамекенге қоныс аударды. Қазақстанда ол өз талантын дәлелдеп, көптеген шығармашылық байқауларда жетістіктерге жетті. 

2018 жылы Шымкент қаласының үздік ақынын номинациясының иегері атанды. Бұған дейін 2013 жылы да Шымкент қаласының үздік ақыны болған. «Тәубе» және «Мәрия» кітаптарының авторы. 

Сүндет Сейітов.jpg

–Сүндет, өзге мемлекетте дүниеге келіп, атажұртыңыз Қазақстанға көшіп келгенде қандай да бір қиындық болды ма? Жергілікті жұрт тарапынан алалау секілді пиғылдарға тап болдыңыз ба? Бұл қиындықтардан қалай шықтыңыз, әлі де жалғасып жатқан жоқ па?

– Жеті өнерді таныған, қырық өнерді тануға талпынған бір жаратылыспын. Демократпын. Тәуелсізбін. Шабытым келсе, өлең жазатын әдеті бар адаммын. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы барыс жылында туғанмын... Күзде. Ақшамда. Перзентханада. 

Марқұм анамның өмірде көрген қуанышы аз болды. Денсаулығы қиын болды. Төлеген Айбергеновтың анасы Жібек пен менің анамның тағдыры сәйкес. Қайталанған тағдыр. Отыздан асқанда құдайдан тілеп жүріп мені тапқан екен. Құдай жарықтық ұл беріп, берген ұлын өзі сүндеттеген екен... Тағы бір қызық жәйт бар. Есімімді адам қоймаған... Әрине періште емес, пендемін. Аспанда емес, жердемін. Пенде болсам да періштелік сезім мен сенім бойымда бұлқынып тұрады. Кейде адамдарға ренжіп қаламын... Бұл – өзім туралы! 

Мен ежелгі қазақ даласында, Ташкент қаласына жақын Шыназ деген жерде туғам. Балықты мекен. Есенғали Раушанов ағам айтқандай, ой-хо-ой, Шыназ – жер жұмағы ғой... Бау-бақшалы мекен. Әке-шешем өмір сүрген мекен. 

2007 жылы «Қазақстан» деген атамекенге қоныс аудардық. Ауыл-қырды жағаламай, тіке келіп Шымкентке орналастық. Қымбатшылық, жоқшылық, көпшілік уақыт болды. Әкем таңнан кешке дейін бір өзбектің нанын сатып, сондағысы 200 теңге алып келетін. Анам тоқыма тоқитын. Қолдан жүн нәски, киім-кешек тоқып, соны азық-түлікке айырбастайтын. Солай бізді бақты. Мен ол кезде намаз оқуға міндетті жаста едім... Менен кейін үш жасар інім бар. Анамызға еріп, көше-көшені аралап сауда жасаймыз. Мұндағылар шет елден келген қазақтарды «оралман» дейтін. Онымен қоймай, сендер сатқынсыңдар, бізді сатып кеткенсіңдер деп көңіл күйімізді түсіретін. Әрине қиын болды. Өзінің хақы мен құқын қорғай алмаған адамның не халықтың өзгені солай жазғыратынына көзім жетті.

Әлі де қиындықтар бар. Бірақ баяғыдай емес. Оралман демесе де, қандас деп, блогер деп намысыма тиетіні бар. Шымкентте трайбализм жақсы дамыған ғой. Бұл үйреншікті жағдай. Жаңа градусқа өзгеруіміз керек. Таза суға жуынуымыз керек!

– Балалық шағыңыз қалай өтті? Балалық шағыңыздағы қандай жағдай бүгінгі Сүндеттің Сүндет болып қалыптасуына септігін тигізді?

– Балалық шағым болды-ау деп ойлаймын. Бес жасымнан қой бақтым. Шыназда да жағдайымыз «құдайға шүкір» еді. Балалармен ойнап үлгердім. Қаңғырып үлгердім. Маған қатты батқаны анамның ауыр сырқаты еді. Үш жасымнан, ол өлгенге дейін қас-қасбағына қараумен болдым. Менің айтатыным да, айта беретінім де осы. Уақыт өте айтатын тақырыбым өзгеретін шығар деген сенімдемін. 

Ішкі жан дүнием аласапыран боп жататын. Оны қалай басуға болатынын ойладым, түрлі іс-әрекетке бардым. Нені қаладым, соны жасадым. Одан ештеңе де, ешқандай жақсы нәтиже күте алмадым. Сосын кітап оқуды әдетке айналдырдым. Ән айтуды үйрендім. Айтатын әніме сөз құрастырып, айтып жүрдім. Бірде жаным жай тауып, өз қалпыма келе бастағанымды сездім. Бұдан мен ертең өзгелердің де жанын емдейтініме сендім. Міне, осылай қалыптастым деп айта алатын шығармын?

– Ақындық – тума талант па, әлде жүре келе пайда болуы мүмкін қабілет пе?

–  Ақындық – екеуі де. Екеуінің қайсысы дәлелді болады, сол мойындалады. Адам кемеліне жүре жетеді ғой? Жетуге де «талант» деген құбылыстың өзі керек болады. Талант болмаса, адам маймыл боп өлуі де мүмкін еді...  

– Ақындық сізге қалай дарыды? Өзіңізді ақынмын деп есептейсіз бе?

–  Ақындық ақ сүттен дарыған болуы керек. Анамның омырауына бұлақ біткен бе, жанартаудай атқылайтын екен. Көбірек жесең тоясың демекші, көбірек емдім бе, ақын боп кеттім (күлемін). Інім студент болғанша емді. Ол – суретші болды. Болашақ талантты суретші. Мені ақын деп анам да айтпайтын. Бірақ, ақын екенімді сезетін... Менің сенгенім, сүйгенім сол кісі еді. Ол қазір өмірде жоқ. Енді менде «ақынмын» деген сезім жоқ!

–  Қай азаматтарды үлгі тұтасыз? Үлгі тұтатын адам қандай болу керек деп ойлайсыз?

– Қол алысып, көріспесек те мен қызығатын бір адам, ол – Дархан Әбдік. Журналист. Қазақстанда бұрын соңды кездеспеген, ерекше адам. Екінші – Сергей Есенин. Қазақстанда атылып кеткен тұлғалардан бұрын атылып кеткен тұлға.

– «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» демекші, көптеген адамдардың естелігінде дарынды ақын-жазушылардың шығармашылығы мықты болғанымен, өмірдегі болмыс-бітімдерінде біраз кемшіліктер болған екен. Сіз осы жөнінде не ойлайсыз? Көркем поэзия, проза жазатын қаламгер көркем мінезді бола ала ма? Шын дарынның мінезіндегі кемшіліктеріне кешіріммен, түсіністікпен қарауға бола ма?

–  Әртіс сахнада қашанғы күлімсіреп тұра береді. Өтірік күлуден ол да шаршайды. Клоун болғысы келеді. Аунап алғасы келеді. Пенде пәлен болса, пелісе де болады. Шығарма мықты болса құрметпен, кешіріммен оқу керек. Авторға да солай қарау керек. Әр кімнің кемшілігі өз ішінде, бірақ күндестік күлін шығарады. Күндестік болмаса, бұлай болмайды ғой...

– Сіз қазір қандай дүниелер жазып жүрсіз, қандай ізденістесіз? Ақындар жас кезінде жарқылдайды демекші, сіз осы жасыңызға дейін сүйекті дүниемді жаза алдым деп ойлайсыз ба? Егер жазылмаса қашан жазылады?

– Бірі қуанған, бірі жыланған шығарма жазып жүрмін. Басқа әдісте. Басқа түсінікте. Ойымды басқаша жеткізгім келеді. Пікірлер көп. Жақсылы-жаманды, азды-көпті пікірлер айтылып, жазылып жатыр. 

Осы жасыма дейін бірнеше жетістікке жеткен шығармын деп ойлаймын. Жететінім алда. Алатыным жолда. Үнемі қозғалыстамын. Жұмыс бабы шығармашылық бабыма кедергі жасай қалады. Шығармашылығыма жұмысты араластырмаймын. Алда жақсы жаңалығыммен бөлісемін. 

– Ақын мен жазушыны бір адам деп қарауға бола ма? Әлде бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жандар ма?

– Болмайды. Ақын сөзді иірсе, жазушы сөзді қабады. Иірілген сөз – өлең, қабылған сөз – шығарма. Ақын мен жазушы әдебиетті құрса, өлең мен шығарма соны жасайды. Бір адам ақын да, жазушы да болуы мүмкін. Дегенмен, екеуі екі бөлек дүние. Үш емес, он қайнаса да сорпасы қосылмайды. Керек болса, екеуі бір дастархан басында отырып сорпа іше де, ішкізе де алмайды.

– Қазіргі қоғамда сізді не қуантады? Және не толғандырады?

– Дүние қууды ойласам, адамдардың ақымақ һәм надан болғаны қуантады... Және адамдардың бұл надандық деңгейге қалай түсіп кеткендігі, олардың ертеңгі ғасыры мен дәуірі қалай болатындығы толғандырады. Мен әлі қоғамның позитивті қозғалысын көрмедім, қуанатындай...

– Қазір Шымкентті қайырымды қала деп насихаттап жатыр. Сіздің ойыңызда қайырымды қала қандай болу керек?

– Қайырымды қала тұрғындары елгезектеу келеді. Елгезекке сен басшысың ба, қосшысың ба қызық емес, екі қойың бір сом. Ол тек қана көмектесуді, жақсылық жасауды ғана біледі. Сондықтан Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» деген трактатын жазды. Бұл идеяны әкімнің өзі ғана алып келген сияқты көрінеді. Ал, қалған қызметтік топ тапсырманы орындаушы ғана секілді. Дәріптеу, көрсету. 

Әкім өте жақсы бастаманы қолға алды. Кеңестің түбі – нараду, - дейді. Нараду болса, ізгілік жасалады. Бұл бастама да солай. Бойға сіңіріп алып жасалғаны жөн. Есі ауысқан қоғамға бұл идеяны немесе идеологияны дәріптеу де, сіңіру де қиын. Ол үшін әкім мен ақынның тығыз байланыс орнатқаны дұрыс. Идеологтардың алдымен жеке мәселелерін шешіп алатыны болмаса, қоғамның түйінді мәселесін шешуге қауқары жетеді!

– Сананы тұрмыс билеген капитализм заманында ақын-жазушы болуға ұмтылу жанкештілік пе? Әлде ақын-жазушылықпен де күн көруге бола ма?

– Бұл сырт көзге бос әурешілік боп көрінеді. Ақын-жазушы болу жанкештілік емес. Ерлік те емес. Қандай кезең болса да ақын-жазушы деген қауым азды-көпті өз капиталын жинай алады. Бірі жаманды-жақсылы, бірі жақсылы-жаманды... Ақын-жазушы аштықтан өлмейді-ау, өлсе арақтан, қастандықтан өледі. Бұл шындық.

– Руханиятты келер ұрпаққа, қазіргі буынға қалай насихаттауға болады? Руханиятты қалай өлтірмеуге болады?

– Руханият – жақсы тәрбиеден басталады. Тағы бір бастауы – іргелі білім, маңызды ұстаным, сенімді орта. Біз болашақ ата-аналарға сөйлеу мәдениетін, этика мен эстетиканың маңыздылығы мен оның не екендігін түсіндірсек, руханиятты сақтап қала аламыз деген сөз. Бір дүниенің қандай қызмет атқаратынын түсінген адам соны қастерлейді. Осы тұрғыда адамның психикасын пайдаланып, психологиясын өзгерте алуымыз керек. Бұны алдымен идеологтар жасау керек. Оған әрине қолдау керек. Құдайдың қолдауынан басқа жаратылыстың қолдауы қажет. 

OINET.KZ

Дархан Мыңбай: «Бізде жершілдік, аумақтық емес, мемлекеттік көзқарас қалыптасу керек»
Әзімхан Исабек: «Ақын мен жазушы айналып келгенде бір терінің пұшпағын илейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу