Төлеутай Серіков, әнші: «9 жас кіші қызға құда түскім келді»

Oinet.kz 07-08-2019 1138

Screenshot_5.jpg

Өмірлік жарымды ең алғаш рет 2004 жылы Талдықорған қаласында жолықтырдым. Таныстығымыз қызық болды. 

Жақсы араласып жүрген Әсел атты құрбымның әпкесі баласының туылған күнін жасады. Әсел думанды кешке мені «домбыраңды ала кел, қуанышымызға ортақтас бол» деп қолқа салып қоймады. Шақырылған жерден қалмайын деп, айтылған жерге домбырамды арқалай келдім. Ол кезде бойдақпын. Жүрегімнің жартысын кездестірсем, үйленемін деген оймен жүр едім. Туған күнге Әселдің құрбылары да шақырылған шығар деп топшылап қойдым. Сөйтсем  ерте келіппін. Уақыт өткізейін деп той қамымен шапқылап жүрген қыздардың арасында отыра кеттім. Сұлу қыздарға әзіл әңгіме айтып таныса бастадым. Әңгіме дүкен құрған арулардың біреуінің ғана есімі есімде қалыпты. Сандуғаш. 

Той басталып, ән шырқалып кетті. Дастарханға жайғасып, дәмнен ауыз тигесін көпшілік ортаға биге шыға бастады. Би алаңына көзімді жүгіртіп қарап қоям. Осы сәтте бишілердің арасынан біреуді іздеп тұрған Сандуғашты байқадым.   Қыздың ойын бірден түсіндім. Бұлардың арасында оны қызықтыратын адам жоқ. Содан көп ұзамай үйге кіріп едім, артымнан ол да үйге кірді. Қызды жәймен әңгімеге тарттым. Сандуғаштың көркі ғана емес жақсы қасиеттері де бойымды баурап алып барады. Той соңында қызға жұмыс орнына баратынымды айттым. Ол қарсылық танытпады. 

Араға бір апта салып нағашымның ауылына бару керек болғасын Абай ауданына (Қарауыл)  жол тарттым. Күтпеген жолсапарға іштей қуанып тұрмын. Өйткені онда Сандуғаш бар ғой.   Талдықорғанға келе салып оны жұмыс орнына іздеп бардым. Кеше ғана танысқан жігіттің артынан алып-ұшып келгенін қалай қабылдар екен деп біраз сасқалақтаған едім. Жо-жоқ. Ол мені жылы қабақпен  қарсы алды. Амандық-саулық сұрасқан соң, ғашықтарға тән әрекетпен  кешкі кездесуге шақырдым. Осылайша екеуміз екі-үш аптадай уақытты керемет өткіздік. Әттеген-ай, осындай бақытты сәтте уақыт шіркін жылдам өтетіні несі. Бір күні сүйгенім ауылына екі аптаға барып келетінін айтты. Ауылы Зайсанның Дайыр деген жері екен. Кетемін дегеннен-ақ абыржи бастадым. Басыма бірден ауылына барғанда мынадай ашық-жарқын, инабатты, ер адамды сыйлай білетін қызды «көзін сүзіп жүргендер» алып қашып кетсе қайтемін деген  жаман ой келді. Қолға қонған құсымнан айырылып қалмайын деп құда түсу жайын ойладым. Өзімнен 9 жас кіші қызды әке-шешесі маған қоса қояр ма екен деген күдігім болды. Оның үстіне мұндай қазақы салт-жоралғыларға біраз уақыттың кететіні тағы бар. Уақыттың тығыздығынан алып қашудан басқа амалым қалмады. Бақытыма тезірек қол жеткізейін деп серілердің жолымен ағамның үйіне Сандуғашты келін етіп түсірдім.   

Ерлі-зайыптылардың арасында қызғаныш сезімнің болуы заңды ғой. Жарымның мені соншалықты қызғанып, томсырайғанын көрген емеспін. Содан бір күні осы мені неге қызғанбайды екен деп өзінен сұрадым. Сонда әйелім отбасылық өмірге жаңадан қадам басқан жылдағы мына бір оқиғаны еске түсірді. Шаңырақ көтерген соң нағашылары бізді Алматыға қонаққа шақырған. Қайын жұрттың үйіне барып, ұсынған дәм-тұзын жеп кері қайттық. Жолай ақыры Алматыға келіп қалдық, әйелімді досыммен таныстырайын деп  Ықылас Дүкенұлы атындағы аспаптар музейіне ертіп бардым. Онда белгілі әнші Құралай Шаяхметова жұмыс істейтін. Екеуміз консерваторияда бірге оқыдық. Музейде сол группаласымды көріп қалмасым бар ма?  Күтпеген кездесуге екеуміздің де жүрегіміз жарылардай болып тұр. Ананы-мынаны еске алып, арқа-жарқа болып қалдық.  Құралай екеуміз қолымызды иыққа артып қойып отырғанымызды да ойға алмаппыз. Тіпті Сандуғаштың барын да естен шығарыппыз ғой. Қазір ойлап қарасам арқа-жарқа болған достарға бөгет болмайын деп ол бір бұрышта қалып қойған екен. Іштей мені қызғанып тұрса да сол күнге дейін ол ләм-лим деп ауыз ашпапты. Әйелім мені алғаш рет сонда қызғанғанын және сол оқиғадан кейін мааған толықтай сенім артатынына көзі жетіп, қайта қызғанышқа бой бермегенін айтты.  

Аллаға мың да бір шүкір. Қазір Динара, Аймен, Еркеназ және Ұлболсын атты қыздарымыз бар. Жұмыс бабымен апталап сапарлап кеткенде перзенттерімді жарыма аманаттап қалдырып кетемін. Ол сеніміме ешқашан қаяу түсірмепті. 

Ерлі-зайыптыларды бір-біріне байланыстырып, жақындастырып тұратын өзгеше қасиеттер болады. Сандуғаштың басты қасиеті – жоғарыда айтып кеткенімдей, қызғанбайды. Қызғаншақтық ара қатынасымыздың берекесін кетіретін құбылыс. Екіншіден туыстарым мен достарыма жақсы қарайды. Сыр сақтай білетін өте сақ адам. Менің өзіме баласы сияқты қарайды. Ер азаматтың шаурасына араласа бермейді. Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деген сөз бар емес пе? Мен жар таңдауда да, мамандық таңдауда да қателеспеппін. Сандуғашқа ризамын. Отбасыдағы басты құндылықтар осы-сыйластық пен сенім. 

Дайындаған А. Асанқызы,

Мұрағаттан, 2016 ж

Жарас Сәрсек, ақын: «Жарымды анама ұқсаттым»
Мұқан Егізбаев: «Дәрігердің ойында науқасты емдеуден басқа ештеңе болмауы тиіс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу