Шерімқұловтың енді шер тыңдауы қиын-ау

Oinet.kz 20-02-2009 919

Screenshot_2.jpg

Бүгінде салиқалы, саяси салмағы бар жиындарға қатыса қалсаң ойпыр-ай жұрттың бәрі осы уақытқа дейін бір-бірімен қырғи қабақ, ашу-араз болып жүрген бе дейсің? Меморандумдарға рахмет. Бәрін шетінен татуластырып жатыр. «Сиқырлы» құжатқа бармақ басса бітті, қол алысып, төс қағыстырады.  Бәрінің айтатыны «бізге бірлік керек». Әрине, алған бетінен қайтпайтын биліктің, ылғи да шенуніктердің шектен шыққан әрекеттерін сынап-мінеп, оған қарсы дау айтып жүретін үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың, халықтың зарынан гөрі нарықтың заңына құлдық ұратын кәсіпкерлердің  бірлік пен ынтымақтың жайын кеш те болса түсініп жеткеніне шүкірлік дейсің. Бірақ мұндай келісімдер күні ертең жұмыссыздың жайын, қарашаның қамын күйттей алса, қанекей.  

«Әлемдік қаржы дағдарысының салқынын өзге елдер секілді Қазақстан да сезіне бастады.  Мұндай күрделі жағдай бізге саяси-әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау міндетін жүктейді». Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіподақтар Кеңесі, ұлттық экономикалық «Атамекен Одағы» палатасы, «Азаматтық альянс» үкіметтік емес ұйымы және «Нұр Отан» партиясының жетекшілері  айтылар ойы осылай түйінделген тағы бір меморандумға қол қойды. Ендігі жерде тараптар  «алауыздық пен пікір қайшылығына болдырмаймыз, азаматтардың құқықтарының сақталуын ымыралы түрде шешетін боламыз» деп «салтанатты» түрде уәде берді. Айтылуы да, жазылуы да әп-әдемі сөздер. Әйтсе де билікпен осылайша ымырға келген кәсіподақ Кеңесі қысқартуға ілігіп, жұмыссыздардың санын толықтырып жатқандардың тағдырына жаны ашып, оған ара түседі дегенге біртүрлі сенгің келмейді. Бүгінде облыс бойынша 185 мыңдай адам кәсіподаққа мүше. Оның талайы дағдарыс дендемей жатып-ақ жұмысынан айырылып қалды. Бірақ кәсіподақ араласып, қайтадан жұмысты болыпты дегенді әлі күнге естіген ешкім жоқ. Солай боп жатса өздері де сүйіншілеп шығар еді ғой алдымыздан. Меморандумды мақұлдап, мөр басқан облыстық кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы Досыбай Шерімқұлов та жұмыссыздыққа байланысты көптеген қиындықтар болатынын шарасыздық кейіппен қинала тұрып жеткізді. Мұндай  қиындықты болдырмау үшін «өңірде жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу керек» деп ойын түйіндеді жұмысшылардың «жанашыры». 

Астана жаққа алақан жайып, трансфертті талғажау ғып соны малданып отырған облыс әкімдігінің жайбарақат жайы мынау, қала бюджеттің бүйірін толтыра алмай  Арман Жетпісбаевтың әлек болып жүргені анау.  Ендеше жаңа өндірістерді іске қосып, қосымша жұмыс орнын ашу  Оңтүстік үшін орындалмас арман, айға қол созу екенін пайымдау үшін данышпандықтың қажеті шамалы.    

Қалай десек те, кезінде жұмысшыларды шыр-пыры шығып қорғап, биліктегілерге дегенін істететін Кәсіподақ ұйымынан  қауқар кеткелі қаш-ан. Ілгеріде   «Ат тепкен соң не сорым» деген екен. Онсыз да момақан кейіпте жүрген кәсіподақты Меморандум меңіреу күйге түсіріп жатса шеріңізді Шерімқұловқа емес, өзге біреуге тарқатқаныңыз абзал.     

Мәди Мырза

Әшімов Шварценеггер болғысы келіп жүр немесе Калифорнияға деген құмарлық
Қоянды қамыс өлтіргенімен, Рсымбетовты намыс өлтірмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу