Қоянды қамыс өлтіргенімен, Рсымбетовты намыс өлтірмейді

Oinet.kz 20-02-2009 1074

Screenshot_8.jpg    

«Рейтинг» газетінде Мақтаарал ауданындағы саяси аураның күрт құбылып, «незаменимый» деп келген кадрлардың кресло босатқанын жан-жақты жазғанымыз көзі ашық, санасы ояу оқырманның ойында болар.  Самарқанның көк тасы жібісе де жібімейтіндей тоңға айналған жылы жақтағы сеңнің қозғалғанын сөз еттік. Мақтаарал ауданының әкімі Омарбек Нұржанов пен Әбдіғаппар Серікбаев әп-сәтте-ақ екінші үйіндей болып кеткен кабинеттерін сыртынан жауып кетуге мәжбүр болды. Оларға қарағанда  аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Мәлік Рсымбетовтың жаны сірі секілді. «Незаменимый»кадрлерді ауыстыру науқанынан  аман-сау қалып, қызметінің қызығын көруді жалғастырып жүр. 

   Жалпы Мәкеңнің бұл креслода отырғанына көп болып қалды. Бірақ, неге екені түсініксіз, үлкен ауданның білім саласының сапасында серпіліс мүлдем байқалмайды. Оқушының он бір жыл бойғы алған білімін саралайтын Ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысы бойынша Мақтаарал ауданы өткен жылы ғана алдыңғы ондықтың бел ортасына тұрақтады. Оның алдыңғы жылдары ондыққа да жақындай алмай, көш соңында шаң қауып қалудан көз ашқан емес. Мәселен, 2007 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысындағы 15 аудан, қаланың ішінен соңынан санағанда үшінші орынға әрең ілікті. Ал 2006 жылы соңындағы екеуінен де көз жазып, облыстағы білім сапасы ең төмен аудан ретінде тарихта қалды. Әбүйір болғанда 2004 жылы бір ауданды артқа тастапты. Осылайша мақталы ауданның білім саласы әріптестерінің арасында бірнеше жыл қатарынан көш соңынан шаң қауып қалса да бөлім басшысы ерінің мықтап босағанына қарамай тізгінді қолдан жібермеді. Баяғылардың батыры секілді суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін Мәкең (бәлкім көкесі мықты ма екен) шынында да мықты екен. Егер елдің сөзі рас болса анау-мынау емес Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмиді арқа тұтады дейді. Әлде көре алмайтындардың сөзі ме? Әйткенмен Қайрекеңнің Жиделі байсын жеріне күйеу бала екені ешкімге құпия емес. Алайда, «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіретінін» ес білгелі жадында ұстайтын шын батырлар намысты бірінші орыннан түсірмейтін бе еді? Бір жыл бұрын бірінші орынға шығып, келесі жылы аяғына шаңғы байлағандай соңғы орынға сырғыған Отырар ауданы білім бөлімінің басшысы намыстан өртенердей болып, артынша өз өтініші бойынша орнын босатты. Соңғы бір-екі жылда жерлестерін жерге қаратқан Шардара ауданы білім бөлімінің басшысы да шамасын біліп, шаруасын өзгеге тапсырды. Өз өтінішімен. Осыған қарағанда Мәкең тізгін ұстауда мықты болғанымен, өзге әріптестері секілді намысшыл емес секілді. 

Мақтаарал ауданы мектеп саны жағынан көрші Сарыағаш ауданына ғана жол береді. Солай бола тұра республикадағы жоғары орташа балл алған 100 мектептің арасынан мақтааралдықтарды көп кездестіру қиын. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша мықты мектептер санатынан мақтааралдық бір ғана білім ұясын байқауға болады. Ал 2007 жылы үздік нәтижеге қол жеткізген 41 (!) оңтүстікқазақстандық мектептердің арасында Мақтаарал ауданының бірде-бір мектебінің болмауы масқара емес пе? Осы жылы көрші Сарыағаш ауданының 10 бірдей білім ұясының мерейі үстем болды. Керісінше республика бойынша төмен орта балл алған мектептердің арасынан мақтааралдықтар менмұндалап тұрады. Өткен оқу жылында республикадағы нашар деген осындай 100 мектептің қатарын Мақтаарал ауданынан екі мектеп толықтырды. Соның бірі №114 мектеп директорының өзі сауатсыз жазады екен деген әңгіме әріптестері арасында жиі айтылады. Әлдекімдер редакциямызға ол кісінің бөлім басшысы атына жазған түсініктемесі мен өмірбаянының көшірмесін салып жіберіпті. Жазуы мектеп оқушысынан жаман екені өз алдына қатеден көз ашу мүмкін емес. Директордың жазғаны дегенге есі дұрыс адам онша сене қоймас. Рас болса, осы директор екі бірдей жоғары оқу орнын тәмамдаған екен. Басшысы сауатсыз мектепте білім сапасы жөнінде әңгіме қозғаудың өзі артық секілді. Жалпы Мақтаарал ауданында мұндай мұғалімдер қатары, тіпті, мектептің атын дұрыс жаза алмайтын ұстаздардың көп екені жиі айтылады. Бұл келеңсіздік жергілікті басылымдарда да үстін-үстін көтерілгенімен, мұны ретке келтіру, жолға қою, сапаны талап ету білім бөлімі басшысының ойына да кіріп-шықпайтын секілді. Міне, болашағымызға осындай ұстаздар да білім беріп жатыр. Сонау бір жылдары «сабақ ешқайда қашып кетпес, мақтадан обал болмасын» деп оқушылардың жаппай мақта терімге шығып кететіні жөнінде де әңгіме гулеген еді. Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды, егер бұл әңгіме рас болса, сапа жөнінде сөз қозғау – жарға барып айқайлағанмен тең секілді.  

Елбасы тапсырмасы бойынша қазір мектептерді интерактивті тақтамен жабдықтау қатты қолға алынып жатыр. Бұл мәселе бойынша Мақтааралға келгенде тағы да тұтығып қаламыз. Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 118 мектебі бар ауданда 2007 жылы бар болғаны төрт-ақ интерактивті тақта орнатылған екен. Дәл осы кезде 87 мектебі бар Шымкент қаласында 40, 71 мектебі бар Түркістан қаласында 19, 38 мектебі бар Арыс қаласында 9 интерактивті тақта жұмыс істеп тұрған. 25 мектебі бар Кентау қаласы, 66 мектебі бар Ордабасы мен 71 мектебі бар Қазығұрт аудандарында да төрт төрттен осындай тақта болған. 2008 жылы қойылу керек болған тізімде де Мақтааралға қаралғаны 26 ғана. Осы кезде көрші Сарыағашқа тиесілісі 42 тақта екен. Жыламаған балаға емшек жоқ. Жерлестерінің жағдайына жаны ашыса Рсымбетовтың еңірегенде етегі жасқа толуы керек қой. Интерактивті тақтаға келгенде «жыласа осы Рсымбетов жыласын». Әлде жаны ашымастың басы да ауырмайды ма екен? Өзінің елеусіз қалып бара жатқанын да ескермегені ғой. 

Білім бөлімінің екінші мықтап қолға алатыны – тәрбие мәселесі. Мақтаарал бұл жағынан да көкірек қағып мақтана алмайды. Оқушылар арасындағы келеңсіз көріністер, жасөспірімдер қылмысы жиі орын алып жатады. Бүлдіршіндерді қойша бауыздаған сұмдық оқиға да осы ауданда орын алған. Бұл енді өз алдына бөлек тоқталатын тақырып. 

Айтқандай, қайбір жылдары Рсымбетовпен алғаш танысқанымызда оқушылар шығармашылығынан, өз өлеңдерінен кітап құрастырып, шығармашылыққа жаны жақын, кез-келген нәрсеге жанашырлықпен, қызығушылықпен қарайтын белсенді басшы болып көрінген болатын. Қаламгерліктен де ауылы алыс емес, жазу-сызуға ебі барын мақтаныш ететін елгезек жан секілді еді. Қазір мүлдем бөлек. Ешнәрсеге қызықпайтын, бұйығы жан тәрізді. Дәлірегі, бәрінен де шаршаған, жалыққан адамдай көрінеді. Бәлкім, жұмыс сапасын арттыруға деген белсенділігінің байқалмағанына қарағанда бірнеше жыл бойы ешкімге бермей отырған креслосынан да жалығып жүрген болар. Әрине, Мәкеңнің ішкі ойын біз анық білмейміз, бірақ, бір білеріміз - селқостық, бұйығылық басшы азамат үшін жақсы қасиет деп айта алмаймыз. Өрге сүйрейтін емес, жарға итеретін жаман қасиет.  

Шадияр Молдабек,

«Заң газеті», «Қазақстан Заман» газеттерінің меншікті тілшісі. 

Шерімқұловтың енді шер тыңдауы қиын-ау
Қазақы өлкеде қазақшамыз оңбай тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу