Энергетика тапшылығы туындап тұр

Oinet.kz 22-05-2009 1137

d54a8b1a7efd0cb.jpeg    

Энергетика мәселесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің назарында жүрген маңызды  проблемалардың бірі. Жуырдағы «Нұр Отанның» ХІІ съезінде сөз сөйлеген мемлекет басшысы энергетика саласына айрықша назар аударды. 

- Менің тапсырмаммен Мойнақ ГЭС-інің құрылысы басталды, осы жылы Балқаш ЖЭС-нің құрылысы басталуы керек, -  деді Елбасы.- Ұлттық энергожүйені қалыптастыру мақсатында «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе» электр желісі пайдалануға берілсе, «Солтүстік-Оңтүстік» желісі құрылысының  екінші кезеңі аяқталды. Бұл еліміздің оңтүстігін электр энергиясымен қажетті көлемде қамтамасыз етеді әрі электр қуатының аймақтық тепе-теңсіздігін жоюға септігін тигізеді. Өндірісте энергия тұтынуды үнемдеуді қолға алу қажеттігін атап өткен Елбасы табиғаттан энергия өндіруге де көңіл бөлу керектігіне айрықша мән берді. Жел және күн сәулесінің қуатын алу жобалары қазірден-ақ дайындалуда.  Электр қуаты саласында инвестициялық тартымдылықты ұлғайту жөнінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырсақ, болашақта жел қуаты дәстүрлі электр қуаттарына бәсекелесе алатын болады. Осындай негіздер арқылы   2015 жылға қарай елімізде сағатына 120 млрд. кВт электр қуатын шығару көзделіп отыр.  

        Жарыққа қарық болар күн туа ма?

 Оңтүстіктегі энергетикалық қондырғылар мен құралдардың  65 пайыздан астамы тозығы жеткен. Ішкі қуат көздері  - Шардара ГРЭСі мен «3-Жылуэнергоорталық» АҚ энергетикалық қажеттілігіміздің бар-жоғы үштен бір бөлігін ғана өтейді. Қалған 70 пайызын сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Бұны тарифтердің жиі өзгеріп отыруынан да аңғаруға болады. Қалыпты жағдайда облысымыз 247 МВт энергия пайдаланса, кешкі уақыттарда бұл көрсеткіш 324 МВт-қа дейін өседі. Ал, қыс мезгілінде  энергияны тұтыну мөлшері екі есеге дейін артады.  Жыл сайын желтоқсан, қаңтар мен ақпан айларында  Оңтүстіктің электр энергиясы тапшылығынан қиын жағдайға түсіп жатуы да үйреншікті жайтқа айналды. Айталық, өткен жылы қыс мезгілінде Жамбыл ГРЭС-інде апат орын алғанда облысымызға келетін қуат күрт кеміп, Шымкент халқының біраз уақыт бойы қараңғы түнекте өмір сүруіне тура келді . Облыс тізгінін Бердібек Сапарбаев ұстаған тұста оның іскерлігі, ұйымдастырушылық қарым-қабілеті, батыл қадамы, ең бастысы елге қызмет етудегі адалдығының арқасында талан-таражға түсіп, жекешеленіп кеткен энергетикалық кешендер мемлекеттік комуналдық меншіктің қарамағына қайтарылудың арқасында халық қараңғылықтыңі қиындығынан құтылды.

Тығырықтан шығудың бірнеше жолы бар. «Солтүстік-Оңтүстік»  желісінің іске қосылуы. Сондай-ақ, Шымкенттегі ТЭЦ-3 кәсіпорнын қайта құрудан өткізу арқылы  қуат өндіру мүмкіндігін 320 МВт-қа дейін жеткізу.  Облыс орталығында қуаты 300 МВт-ты құрайтын жаңа ТЭЦ салу да жоспарда бар. Алайда, бұл жобаларды жүзеге асыруға қаржы мен көп уақыт қажеттігі анық. Тіпті осы жоспар ойдағыдай орындалып, жаңа энергоорталық пайдалануға берілген жағдайда да облыс бәрібір энергия тапшылығынан арыла алмайды. 

Осы орайда табиғаттан энергия өндірудің мол мүмкіндіктері барын да ескерген жөн.  Шетелдік мамандар Бәйдібек ауданының Жүзімдік елді мекенінің мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеп, қуаттылығы 41 МВт-қа жететін жел электростанциясын салу жобасын ұсынды. Дәл осындай станцияларды Қазығұрт пен Түлкібас аудандарында да салуға мүмкіндік бар көрінеді.  Күннің энергиясын пайдалану жайлы әңгіме қозғалған. Дегенмен, бір қарағанда арзан болып көрінетін  жел электростанциялары экономикалық тұрғыдан алғанда тиімсіздеу. Инвесторлардың табылмай жатуы да сондықтан.  Оның үстіне,  мамандар мұндай жобалардың пайда беретініне күдік келтіреді. Қайбір жылы үнділердің Кентау маңында салған жел электростанциясы сол күйі іске қосылмай тынды. Арзан электр энергиясына қарқ боламыз деп қуанған кентаулықтар сол қуанышына жете алмады. Ал, осындағы ТЭЦ-5 кәсіпорнына жаңа турбина әкеліп, сол арқылы қосымша электр энергиясын өндіру жоспары да аяқсыз қалды. Облыстың бұрынғы әкімі Әшімовтің тұсында Қытайдағы зауытқа тапсырыс беріліп, миллиард теңгеге жуық қаржы аударылған. Содан бері ақша да жоқ, турбинаны да көрмедік. 

     Энергия тұтынуда қауіпсіздік 

  Қуатты өндіру ісі қандай маңызды болса, энергияны үнемдеу де сондай маңызға ие. Ел басшылығының көздеп отырған тағы бір межесі – отандық экономиканың энергия сыйымдылығын 2015 жылға таман 10 пайызға төмендету. Қарапайым тілмен айтқанда, электр энергиясын үнемдеуді қолға алу қажеттілігі айқын сезіліп тұр. Энергияны үнемдеу мәселесі – елімізде әлі бірде-бір мекеме көтере қоймаған тың проблема. Қазіргі таңда елімізде, тіпті Үкіметтің өзінде қуат үнемдеуге арналған бағдарлама жоқтың қасы. Мұндай жобалар  бірқатар өңірлерде  бар болғанымен, оның өзі жеткілікті деңгейде пысықталмаған.  

Дамыған елдерде  қуат үнемдеуді ең алдымен статистика мен саралаудан бастайды. Айталық, бір тонна  цемент өндіруге немесе бір бөлке нан пісіруге қанша энергия жұмсалатынына дейін есептеп шығарады. Осылайша энергияны үнемдеу ісі ғылыми тұрғыда қаралады. Біздегі жағдай басқаша. Кез-келген саладағы қуаттың шығыны  барлық тиісті нормалардан әлдеқайда артық екендігі  күмән туғызбайды. Электр қуатын үнемдеу халқымызда әлі дағдыға айнала қойған жоқ. 

Тұрмыстық электр құралдарын пайдалануда немқұрайдылық таныту қанымызға сіңген әдет екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Шамды тіпті күндіз де жағып қойып, шай іше беретін  халықпыз. Теледидар, компьютер, тағы басқа да толып жатқан тұрмыстық құралдарды қосуын қосып, қажеті жоқ кезде өшіруді ұмытып кететініміз бар. Осыдан келіп энергия тапшылығы туындамай  қайтеді? 

Әлемдегі ең ірі әрі ауқымды іс-шараның да энергетикаға қатысты болуы таңқалдырмайды. Үш жылдан бері планетаның экологиясы нашарлап бара жатқанынан қауіптенген адамзат «Жер сағаты» атты іс-шараны өткізуді қолға алды. Айталық, наурыздың 28 күні өткен биылғы шараға кешкі сағат  20:30-дан 21:30-ға дейін бір миллиардтан астам адам, яғни, жер бетіндегі 835 қала және 80-нен астам әлем мемлекеттері қосылды. Бұл бастаманың мәнісі - бір сағатқа кеңселер мен тұрғын үйлерде жарықты сөндіру арқылы  ғаламымыздың энергиясын сақтауға  үлесін қосу.

«Жер сағаты» шарасы алғаш рет 2007 жылдың наурыз айында «Жабайы табиғат» қорының ұсынысымен Сиднейде ұйымдастырылған болатын. Сол жылы бір уақытта Австралия астанасының 2 миллионнан астам тұрғыны мен 2 мыңнан астам компаниялардың жұмысшылары жарықты өшірді. Нәтижесінде Сидней қаласы бір сағаттық энергия шығынын 10,2 пайызға қысқартқан. Ал 2008 жылы бұл іс-шараға бүкіл әлемнің 370 қаласынан 50 миллионнан астам адам қатысқан болатын. Бұл жолғы шараға еліміздің де атсалысқаны қуантады. 

Электр энергиясын тұтынудың тағы бір ескерілмей жатқан тұсы – қауіпсіздік мәселесі. Біздің елді былай қойғанда, электр құралдарымен дұрыс жұмыс істей алмау проблемасы тіпті дамыған елдерде де ушығып тұр. Айталық, бұл күндері Американың Калифорния штатында орманда өрт болу салдарынан жүзге тарта  үй өртеніп, Санта-Барбара қаласының 30 мыңнан астам  тұрғындары шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқарушылардың пайымдауынша,   33 мың шаршы километр аумаққа  жайылған тілсіз жаудың пайда болу себебі, тұрмыстық электр құралдарын пайдаланудың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамау. 

Елімізде электр құралдарының техникалық жағдайын сараптамадан өткізетін арнайы мекеме құрылған. Республикалық  «Қазақэнергоэкспертиза» АҚ-ның мемеке-ұйымдарда электроэнергетикаға байланысты зерттеулер жүргізу мен энергияны үнемдеу, электр және жылу энергиясын тиімді пайдалану, электр өлшеуіш құралдарын тексеру секілді міндеттерді атқарумен шұғылданады.  Компания қызметкерлерінің айтуынша, көп жағдайда өрттің шығу себебі,  электр құралдарындағы ақаулардың салдары.  

Токпен жұмыс істейтін құрал-жабдықтар мен тұрмыстық заттарды тұрақты түрде тексертіп тұру өңіміз түгілі түсімізге де кірмейтіні анық. Бұл мәселенің үлкен кәсіпорындарға да, қарапайым тұрғындарға да қатысы бар. Кейде бұзылған аппаратты өз күшімен жөндегісі келіп,  арты қайғылы оқиғаға душар болатындар да кездесіп жатады. 

Өкінішке қарай, электр қуатын үнемдеу  әрі тиімді пайдалану  халқымызда әлі дағдыға айнала қойған жоқ. Қуат көзін тиімді түрде  пайдалану мәдениеті жылдар бойы қалыптасатынын ескерсек, болашақта жағдайдың дұрысталатынына сенім бар. Қуат көзін тиімді түрде  пайдалану мәдениеті жылдар бойы қалыптасады. Соңғы уақытта еліміз бойынша электр энергиясы тапшылығы күн озған сайын айқын сезілуде. Ресми мәліметтерге жүгінсек, осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 76,44 млрд кВт/сағатты құрап, 2006 жылғы көлемнен 6,5 пайызға, санға шаққанда 4,67 млрд кВт/сағатқа артып түскен. Бұл қуатқа деген сұраныстың артуының  бастамасы ғана. Еліміздегі "Энергия" ғылыми-зерттеу институтының есебі бойынша, солтүстік аймақтардағы электр қуатына деген тәуелділік жақын 20 жылдың ішінде 2000 мегаватқа жетпек. Демек, қазіргі қиыншылыққа қарамай, электр стансаларын салу қажет.

Авторитет "Еска" қолға түсті
Сотталған шенеуніктер жазасын қайда өтеуде?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу