Шымкенттегі қағазда бар, өмірде жоқ жобалар...

Oinet.kz 03-07-2009 845

00. Вводный кадр_952364.jpg

Бұл сценарий тұрақты түрде қайталанып тұрады. Шенеуніктер жаңа бастаманы қолға алғанын мәлімдеп, журналистерге жар салады. «Бұрын-соңды болмаған жобаны  жүзеге асырылғалы жатырмыз», деп мақтана келе әлі өмірде жоқ, қағазда бар дүниені жан-жақты сипаттай жөнеледі. Лауазымды қызметкерлердің айтқан сөздерін жазып алған тілшілер қауымы ертесіне-ақ бүкіл республикаға ақпарат таратып, сүйінші сұрайды. Осыдан соң... жоба ұмыт күйінде қалады. 

Солардың біразын есімізге түсіріп көрсек.  «Шымкентте мұз айдыны салынатын болады» деп кезінде облысты басқарған  Өмірзақ Шөкеев жұртшылықты таңқалдырған. Оңтүстіктің халқы  «Өмекең Астананы көрген ғой, енді бізді де қарық қылады», деп  қуанса, енді бір аңқау азаматтар «ойбай, не дейсің, Шымкентте  хоккей клубы  ашылатын болады» деп бөркін аспанға атты. Содан бері екі жыл өтті. Мұз айдыны да жоқ, бұрынғы спорт сарайы да жоқ. 

Шөкеевтің тұсында ұсынылған тағы бір жоба – «Шымкент плаза» да қағаз күйінде қалды.  15 қабатты бизнес кешеннің жобасы 100 миллион долларды құрайтынын қайта-қайта айтудан жалықпаған шенеуніктер Шымкент шын мәнінде ірі мегаполиске айналатынына ел-жұртты сендірді. Біз де сендік. Қуаныштан жүрегіміз жарыла жаздап, республикаға тағы да сүйінші сұрадық. Қазір сол «Шымкент-плазаның» орнында үлке-ен шұңқыр тұр. 

Орталық стадионның маңында «Қуаныш нұры» атты жаңа мөлтекаудан пайда болуы тиіс еді. Оның жобасы тіпті Елбасының назарына да ұсынылып, «Бейбарс» компаниясы мен облыс басшылығы әжептәуір ұпай жинап алды. Әрине, журналистердің арқасында.  

Бұл Өмекеңнен пиар жасау жағынан басқа Өмекең - Өмірзақ Әмет қалыспады. Шымкент қаласын басқарған айналдырған алты айдың ішінде өңіміз түгілі түсімізге кірмеген фантастикалық жобаларды үйіп-төкті. «Шымкенттің ескі қала аумағын орта ғасырлық Еуропаның  стиліндегі  туристік орталыққа айналдырамын» деп бір күшенді. «Әлемдік стандарт бойынша күл-қоқыс зауытын саламын» деп және бір уәде берді. 

Қайсыбірін айтайық. Нұрғали Әшімовтің бастамасымен «Максимум» аймақтық инновациялық орталығы құрылып, Оңтүстік Қазақстан облысы ойда-жоқта  әлемдік деңгейдегі нанотехнология саласының орталығына айналып шыға келді. Әрине, қағаз жүзінде. Бұны да журналистер жарыса жазып жатты. Қазақстан түгілі, ТМД елдерінің де назарын аудардық. Сөйте тұра, нанотехнологияның не екенін облысымызда ешкім білмейтін. Қазір де білмейді. 

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы екі-үш жыл ішінде мақта-мата өнімдерін шығара бастап, мемлекетке миллиардтаған қаржы табыс түсіреді деп талай рет жазылды. «Шымкенттің маңында «Астана» саябағын саламыз» деді, «Нұр отанға» арнап жаңа ғимарат тұрғызамыз» деді, «неке сарайын ашамыз» деді...  

Осы кейде шенеуніктерімізді Остап Бендерді шәкірттері деп те атағың келеді. Әйтпесе,  осынау «ұлы» жобаларды қайдан ғана таба береді?  Сол «ұлы» жобаны соңына  дейін жеткізіп барып, журналистерді шақырса болмай ма? Өтірік  айту, жалған ақпарат беру де -  қылмыстың бір түрі. Демек, халықты осылайша алдап, өмірде жоқ  жобалар арқылы ұпай жинап отырған шенеуніктерді кім дейміз?  

Гүлайша Мүсілтаева: «Банктер халықты «алаяқ» деп айыптай бастады...»
Журналистің басы екеу емес, бірақ, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу