Шымкентте «Алдар көсенің» жалғасы түсіріліп жатыр

Oinet.kz 16-09-2010 919

Screenshot_13.jpg

Шымкентте қазақ киносының жауһары, миллиондаған көрерменнің жүрегінен жылы орын алған «Алдар көсе» фильмінің жалғасы  түсіріліп жатыр. Баяғы заманның Алдар көсесін бүгінгі күнге алып келген түсіру тобы мен актерлер «Бұл фильм де қызықты болады» деп сендіріп отыр. Олар классикаға айналған кинофильмнің жалғасын елге күлкі болып қалмай, бұрынғы деңгейінен кем түспейтіндей етіп шығару үшін сценарийді әбден пысықтаған. Бақсыдан айласын асырған Алдар көсені сынау үшін біздің заманымызға жібереді. Бүгінгі күннің тыныс-тіршілігі, адамдардың бет-бейнесі аңғал, нарықты білмейтін Алдар көсе арқылы ашылады. Фильмнің негізгі айтпағы да сол. Бұл туралы фильмнің продюсері Самат Нысанбаев былай дейді:

- Осы заманға келген Алдар көсе қулығына құрық бойламайтын адамдардың ортасына түседі. Нәтижесінде олар Алдардың өзін сан соқтырып кетеді. Кейінен түлкі заманды тазы болып шалуды үйренген Алдар есесі кеткендерге небір қызықтарды көрсетеді.

Түсіру тобы фильмнің немен аяқталатынын әзірге құпия ұстап отыр. 

--Кедей-кепшіктің кегін садақ-найзасымен қайтаратын Робин Гудтан қазақтың Алдары әлдеқайда жоғары тұр. Алдар көсе ақылымен, даналығымен, айласымен әлсізді әлідетсіздіктен қорғаған. Алдарлығын шық бермес шығайбайларға көрсетеді немесе іші тар адамдарға көрсетеді. Жалпы, қарапайым жұртқа Алдар көсе алдарлығын көрсеткен емес. Керісінші, көмек қолын созып жүрген кейіпкер емес пе?,--дейді Алдар көсенің ролін сомдаған Бақытжан Әлпейісов.

Фильмді түсіріп жатқан режисер мен телеоператор Мәскеудің атақты Кинематография институтын бітірген. Актерлердің көбі жергілікті жерден таңдалыпты. Ал Алдар көсені сомдайтын артисті ұзақ іздеген екен. Шәкен Айманов секілді басты рөлді режисердің өзі ойнамақшы болғанға да ұқсайды.

--Бірақ,бақытымызға орай Бәкеңе жолықтық. Оның жүріс-тұрысы ойымыздан шықты, қуанышымызда шек жоқ,--дейді Самат Нысанбаев.

Басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысында түсіріліп жатқан комедиялық фильмді түсіру  жартысынан ауыпты. Кинофильмнің әлі нақты аты қойылмаған.

Түсіру тобы фильмді көрермендерге алдағы жаңажылдық сыйлық ретінде ұсынбақ.

Оinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Қызғалдақтың отаны - Оңтүстік
Қыдырәлі мен Қарақат: «Ұлтқа деген жанашырлық қуыршақтардан басталады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу