Әкімқарларға субсидия батпанқұйрық сыбаға болып тұр

Oinet.kz 04-11-2010 870

Screenshot_3.jpg

Сыйлы қонағына қой сойып, дастарханға бас тартқан халықпыз ғой. Сол қойдың басын жасы үлкен, төрден орын тиген, бас ұстауға «рұқсаты» бар қонақ қолына алып, алдымен ең дәмді жерінен өзі ауыз тиіп, сосын жанындағылардың біріне құлағын, біріне тілін дегендей түрлі ниетпен үлестіріп шығады. Тіпті, қазан-ошақтың жанында жүрген келін-кепшікке дейін сыбаға ұзатылады. Бір сөзбен айтқанда ешкім де сыбағасыз қалмайды. Мүмкіндігінше оған жақын жүргеннің бәрі ауыз тиюге тырысады. Жыл өткен сайын бөлінетін қаржылай көлемі де көбейіп келе жатқан субсидия «тағдыры» да осыған ұқсап бара жатқандай. Дәл сол сияқты бүгінде субцидия әкімқараларға батпанқұйрық сыбаға болып тұр. Субцидия көбейген сайын ауыз-мұрты майланып сыбағаны молынан асау асқандық па, тасқандық па? 

          2007 жылы субсидия ретінде облыс диқандарына 2,7 миллиард теңге бөлінсе, 2008 жылы 4,2 милиард теңге, 2009 жылы 4,9 миллиард теңге, 2010 жылы 8,9 миллиард теңге тиесілі болды. 2009 жылы тиісті қаражаттың 10 миллион теңгесі игерілмей қалса, үстіміздегі жылдың 1-қазанына дейін жаратылуы тиіс қаражаттың 559,9 миллион теңгесі әлі игерілмепті. Өкінішке қарай осы қаржыны игеруде бұрмалаушылықтарға барған шенеуніктерге өткен жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің пәрменімен қатаң шара қолданылса да  «ет тәттілігін қоймаса қасқыр жеуін қоймайды» дегендей, заңсыздыққа жол берушілер қатары азаймай отыр. Әрине қай  жерде де қармағындағы қосшылар бірінші басшының қас қабағына қарап қимылдайтыны белгілі. Бұрынғы жылдары аудан, қала әкімдері  субсидия беруге жауапты ауылшаруашылық бөлімдерінің бастықтары екенін сылтауратып «судан таза, сүттен ақ» адамдай ақталып келсе, қазір комиссия төрағалығын өз қолдарына алған. Алайда, әкімдер тізгінді өздері ұстағанмен әділеттік орнай қойған жоқ. Баяғы жартас сол жартас... Бұл жайында өткен аптада облыс прокуроры Берік Құлтасовтың өзі өткізіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов қатысқан жиында айтылды. Оған барлық ауданның прокурорлары мен бірқатар аудан, қала басшылары қатысты. Бірақ, неге екені түсініксіз, республика жұртшылығы алдында басшылардың айыбы ашылып, абыройы айрандай болып төгілуінен сескенді ме, әйтеуір сүйіншілеп шақырылған журналистерге жиынның басталғаны сол еді залды босатуларын өтінді. Жасырын жиын болса қалам ұстаған ағайындарды шақырып, әуреге салудың қаншалықты қажеті бар еді?

   Хош, сонымен қолдағы мәліметке сүйеніп тақырыпқа қайта оралайық. 2007-2008 жылдары субсидия ретінде бөлінген бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша 22 қылмыстық іс қозғалған еді. Сол жылдары одан бөлек 24 лауазым иесі тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны тағы бар. Оның ішінде 8 адамның сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары анықталған. 

     Үкіметтің қаулысымен бекітілген арнайы ережеде республикалық бюджеттен субсидияланатын ауыл шаруашылық дақылдарының тізбесі бекітілген. Сол тізбеде біздің облыс үшін қант қызылшасына ақша қаралмаған. Үкімет қаулысын оп-оңай-ақ шетке ысырып қоя салған оңтүстіктің шенеуніктері «қолдан келіп тұрғанда қоныштан басып», 83,7 миллион теңгеге 2094,39 гектар қант қызылшасын қаржыландырған. Қант қызылшасын өсіруге қызыққан аудандардың қатарында Шардара, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сарыағаш аудандары бар. Ал Арыс қаласында жоғарыда аталған Үкімет қаулысын негізге алып, қант қызылшасы үшін субсидия алғысы келген кәсіпкердің құжаттарын кері қайтарған қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Е.Ақжанов бөлім бастығының бұйрығымен жұмыстан босатылған. Жай босатпаған, мойнына сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапкершілікті іліп жіберген. Е.Ақжанов Арыс қалалық сотының шешімімен жұмысына қайта орналастырылғанымен, тиісті лауазым иелері тарапынан бұл қателікті жоюға деген ниеті де байқалмаған. Тіпті, сот шешіміндегі «қант қызылшасын субсидиялауға негіз болмаған» дегенді көзге ілмегендері қайран қалдырады.   

    Мақтарал ауданындағы сорақылық та шектен шыққандықты аңғартады. Сәтпаев ауылындағы «Тойжан» селолық су тұтынушылар кооперативінің төрағасы У.Худжахметов облыстық ауылшаруашылық басқармасына жалған мәліметтер өткізу арқылы субсидияның 5,3 миллион теңгесін иемденген. Қаңтар мен сәуір айларының аралығында 16,2 миллион текше метр ағын су тараттық деген кооператив шын мәнісінде диқандарға 6,2 миллион текше метр ғана тіршілік нәрін жеткізіп берген. Бұл «Оңтүстіксушар» РМК Мақтаарал филиалының мәліметінде «тайға таңба басқандай» анық көрсетілген. Ал мамыр мен маусым айларында тағы да осындай жолмен 14,3 миллион теңге субсидия қаржысын әмианына сүңгіткен. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген осы шығар. Алайда, «көп асқанға бір тосқан», У.Худжахматовтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, бүгінде тергеу амалдары жүргізілуде. 

     Ортақ қазынаның қаржысына заңсыз қол салу Қазығұрт ауданынан да кездескен. Қызылқия ауыл округіндегі «Жомарт» ЖШС 8,5 гектар жерге жүзім егемін деп 7,2 миллион теңге субсидия алғанымен, бұл жердің 2,7 гектарына жүзім түгілі шыбық та шаншылмаған. Осы ауылдағы «Қарлығаш» шаруа қожалығының төрағасы Б.Төлебаев алған 90 мың теңге субсидиясына 10 гектар жерге көкөніс дақылдарын ектім деп түзген құжатын тиісті мекеме қызметкерлері «қабылдап алған». Алайда, тексеру барысында құжатта көрсетілген мәліметтер жалған екені анықталған. Оған шын мәнінде 34200 теңге субсидия тиесілі болған.      

    Ордабасы ауданында да жағдайдың оңып тұрғаны шамалы. Олар да гектар көлемін артығымен көрсету арқылы субсидия қаржысын заңсыз ұлғайтып алуға әуестенгені анықталған. Мұндай заңбұзушылықтар бір емес, бірнеше, атап айтқанда, «Смат Бейбарыс» ЖШС мен «Қуаныш», «Нұрмаханбет», «Жасұзақ», «Адас», «Жүніс», «Ерлан», «Рахым» шаруа қожалықтарының құжаттары бойынша анықталған. Прокурорлардың сөзімен айтсақ, өтінімдерде көрсетілген деректерді комиссия бекітіп беріп, бюджет қаржысын батпан құйрық секілді оңды-солды таратқан. Ал отырарлық шенеуніктер әлі комиссия өтінім бермеген тұлғалардың егістіктері мен екпелерін алдын-ала қабылдап, «асатпай жатып құлдықтың» керін келтірген. 

       Қысқасы субцидияға байланысты жүргізілген тексеру толық аяқталмаса да  қаншама заңсыз тірліктердің түбі көрініп, 107,0 миллион теңгеден астам қаржының заңсыз берілгені, оның ішінде 22,8 миллион теңгеден астам ақша талан-таражға түскені белгілі болыпты. Бұған субцидияны алған адамдар ғана емес солармен келісімге келіп оны «жан-жақты ойластырып» берген, соңынан «қатаң қадағалау жасаған»  атқамінерлер де айыпты екені талас тудырмайды. Әкімқараларға бүгінде субцидия батпанқұйрық сыбаға болып тұр деуіміз осыдан. Прокурорлар әлі де талай былықтың беті ашыларына сенімді.

Шадияр Молдабек,

«Алаш айнасы», «Заң» газеттерінің тілшісі

Оңтүстіктің полициясы отпен ойнап отыр ма?
Қазақстан Республикасының Президентігіне үміткер екінші адам белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу