Ұлықпан Бәшен: «Өзбектерге Сабыр Рақымовтың өзі емес, атағы қажет болды»

Oinet.kz 29-12-2010 966

Screenshot_9.jpg

Ұлықпан Бәшен: «Өзбектерге Сабыр Рақымовтың өзі емес, атағы қажет болды»

--Ұлықпан Мүсінұлы, кезінде  «өзбектен шыққан тұңғыш генерал» деп әспеттеп келген Сабыр Рақымовтың есімі енді көршілерімізге қажет болмай қалған сияқты. Оның себебі туралы түрлі пікірлер бар. Сіз қандай пікірдесіз? 

--Өзбекстан билігі Сабыр Рақымовтың қазақ екенін мойындады. Мұны басқаша қалай түсінесің?! Оны алғаш болып мойындаған Ислам Кәрімовтың өзі еді.  Көргендер айтады, бірде И.Кәрімов ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарып жүрген өзбекстандық қазақ азаматына генерал атағын беріп тұрып, «Сен Өзбекстанда генерал шенін алған екінші қазақсың» депті. Яғни, осы сөзі арқылы ол Өзбекстандағы бірінші қазақ генералының кім екенін аңғартып отыр ғой. Менің ойымша, өзбектерге Сабыр Рақымовтың өзі емес, оның шені қажет болды. Не үшін дейсіз бе? Орта Азия және  Қазақстан аумағынан шыққан тұңғыш генералдың өзбекстандық әрі өзбек екендігін көрсету үшін. Бірақ тарихи шындық бәрібір ерте ме, кеш пе мойындалды. Батырдың жары Құралай апай жарының қазақ екендігін дәлелдеу үшін өзбектердің алақанынан салып аялап отырған қамқорлығынан бас тартып, Қазақстанға көшіп келді емес пе? Сабыр Рақымовтың қазақ екендігі кешегі кеңес заманында да айтылды. Әсілхан Оспанұлы осы жөнінде зерттеу жүргізді, Елік Дүйсебаев деген ағамыз кітап жазды.

--Кезінде осы оқу орнына батырдың есімін беруге өзіңіз ықпал еткен екенсіз. Бұл қалай жүзеге асырылып еді? 

 --2000 жылдарға дейін бұл оқу орнын көпшілік Суворов мектебі деп атайтын. Бірақ бұл тек ауызша ғана айтылып келген екен. Ал құжат жүзінде мектепке ешқандай тұлғаның аты берілмеген. Қазақстанда қазір осындай бірнеше әскери мектеп бар. Олардың барлығы да қазақтан шыққан атақты әскери тұлғалардың есімімен аталады. Мәселен, Алматыдағы әскери мектеп Бауыржан Момышұлының, Қарағандыдағы  мектеп генерал, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Билгелдиновтың есімімен аталады, ал Астанадағы «Жас ұлан» мектебі Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін еншілеген. Сондықтан біз мектебімізге әрі батыр, әрі жоғары шені бар әскери адамның атын беруді жөн көрдік. Ондай тұлғаның мүмкіндігінше жергілікті жерден шыққаны жақсы емес пе?  Құдайға шүкір, біздің облыста Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар жетерлік. Бір ғана Арыстағы балалар үйінен бес бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан. Бірақ олардың барлығының әскери шені жоғары емес. Ары барғанда аға лейтенант. Ақыры мектепке генерал Сабыр Рақымовтың атын беруді жөн санадық. Бұл ойымыз 2003 жылы жүзеге асты.

Мен Сабыр Рақымовтың қазақ екенін бұрыннан білетінмін. Кеңес Одағы кезінде шекарадағы Келес ауданындағы комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істегенім бар. Сол кезде Ташкенттегі Сабыр Рақымовтың мұражайына арнайы екі мәрте барғанмын. Сабырдың өмір тарихына да сол кезде қаныққанмын.

--Тарихи деректерде Сабыр Рақымовтың туған жері әртүрлі көрсетіледі. Бір деректерде Ташкентте, бір жерде Қазығұрт ауданында дүниеге келді дейді. Осының анығы қайсы?

-- Сабыр Рақымов 1902 жылы қазіргі Қазығұрт ауданының Көкібел деген ауылында туған. Рақым оның әкесі де, атасы да емес, нағашысы. Әкесінің есімі Омарқұл. Ол батырдың алты жасында қайтыс болып кетеді. Содан шешесі ұлын ертіп, Ташкенттегі ағасы Рақымның қолына барады. Ұзамай анасынан айырылған Сабыр осы нағашысы Рақымның қолында өседі. Мектепке барған кезде Рақымов деген фамилиямен жазылады.

--Өзбекстан Сабыр Рақымовтың есімін елді мекендерге, көшелерге, мектептерге, лицейге, метрополитен станциясына, ауданға, кинотеатрға беріп, бірнеше ескерткіш орнатқан екен. Ал, өз елімізде батырға қандай құрмет көрсетіліп келеді?

-- Біздің мектептен бөлек, батырдың туған жері Көкібелдегі тоғыз жылдық мектепке және Сайрам ауданындағы тағы бір мектепке Сабыр Рақымовтың есімі берілген. Шымкентте оның құрметіне жыл сайын еркін күрестен турнир өтіп тұрады. Үш мектеп, бір турнир. Басқаны білмедім. Қалыбек Атжан кезінде Шымкенттегі көшелердің біріне Сабыр Рақымовтың есімін беру туралы мәселе көтеріп еді. Бірақ ол орындалмай қалды.

--Сіздердің мектептеріңіз ең алғашқы әскери тәрбие беретін оқу орны болып саналады. Қазіргі қазақ балаларының әскери қызметке деген қызығушылығы қай деңгейде?

--Біздің мектебіміз о баста ашылған кезде оқушыларға орыс тілін және алғашқы әскери дайындық пәнін тереңдетіп оқу үшін ашылған. 2000 жылы осы мектепке басшылыққа келген кезде мектептегі сыныптар (взвод) толығымен орысша болатын. Ал осындағы тәрбеиеленушілердің барлығы дерлік ауылдан келген қазақ балалары. Осыдан-ақ қазақ жастарының әскерге деген қызығушылығы байқалмай ма? Сондықтан мен 15 сыныптың алтауын қазақ сыныбына айналдырдым. Бәрін толығымен қазақыландаруға болар еді, бірақ ол баланың өзі үшін пайдалы емес. Өйткені біздің мектебімізді бітірген балалар Ресейдегі әскери оқу орындарына жолдамамен жіберіледі. Оның үстіне Қазақстандағы әскери оқу орындарындағы дәрістер де орыс тілінде жүргізіледі. Сондықтан тәрбиеленушілерге орыс тілін білу қазір қажеттілік болып тұр.

Біздің мектебімізді бітірген балалардың барлығы бірдей әскери өмірді қалайды деп айтуға болмайды. Кейбір ата-аналар балаларын мұнда теріс жолға түсіп кетпесін, дұрыс тәрбие алсын деген ниетпен алып келеді. Өйткені тәрбиеленушілердің барлығы тәулік бойы әскери уставпен өмір сүреді, тіпті түнде ұйықтаған кезде де біздің бақылаумызда тұрады. Ал, мектепті бітірген түлек әскери өмірді жалғастырады ма, жоқ па, оны өзі шешеді.

Құдайға шүкір десек те болады, түлектеріміз жоғары оқу орнына түсу көрсеткіші жағынан ресбуликадағы әскери мектептердің көшін бастап тұр.  Мәселен, былтыр 185 бітірушінің 167-сі жоғары оқу орынына түсті. Оның 75-і ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, өрт сөндіру және басқа да мамандықтарға даярлайтын оқу орындарына, 88-і әскери оқу орындарына қабылданды. Әр жылы Қорғаныс министрілігі бізге Ресейдің, Қазақстанның және басқа елдердің әскери оқу орындарына жолдама беріп тұрады. Осы жолдамалар мандаттық комиссияның шешімімен ең үздік деген шәкірттерімізге беріледі.

«Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» деген нақыл сөз бар емес пе?! Сол айтпақшы, генерал Сабыр Рақымовты өмірлік тұлға ретінде таныған, оның өнегесін бойына сіңірген тәрбиеленушілер Отанына адал қызмет ететін азамат болады деген үмітіміз бар. Сабыр Рақымовтың есімін мектебімізге берудегі ниетіміз де осы еді.

Screenshot_19.jpg

2010 жылдың Қазақстанды дүрліктірген жаңалықтар қандай?
2010 жылы Шымкентте ең жиі сыналғандар кімдер?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу