2010 жылы Шымкентте ең жиі сыналғандар кімдер?

Oinet.kz 29-12-2010 925

Screenshot_10.jpg

«Борсық ұрған сайын семіреді». Тірліктің көзін таппаса да, миф жобаларымен жұртты таң қалдырып келе жатқан Шардара ауданының әкімі Марғұлан Мараим биік мінберлер мен ақпарат құралдарында қауқарсыз қарым-қабілеті мен сылбыр әрекеті үшін  сыналған сайын арқасы жонданып, жалы күдрейіп келе жатқаны тап осы тәмсілді еске түсіреді. Көтере алмас шоқпарды беліне байлап, мүмкіндіктерді мүлт жіберіп жатқан «бала» әкім һәм «дана» болғанымен тірлігі шала әкімнің /М. Мараим ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты/ шалағай жұмысы талайды теріс қаратты. Шардарадағы шалағай тірліктер жөнінде газетімізде жарық көрген бірнеше сыни-сараптамалық мақалалардың өзі де мүшел жастағы Мараимның масаттанған көңілін ортайта алмады.  былай Биылғы жылдың алғашқы алты айының  қорытындысына байланысты есеп берген аудан әкімінің жұмысын облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің өзі  «Кеткен кемшіліктің бәрі де жауапкершіліктің жоқтығынан, жұмыс деңгейінің төмендігінен. Шардара ауданының әкімдігі рейтинг бойынша 14 орынға тұрақтап, соншалықты құлдырығаны айқын дәлелдермен айтылды» деп қорытындылған еді. Ол аздай «бізде кадр даярлап отыратын уақыт жоқ. Осы жолғы сын-ескертпелерден  қорытынды шағаратынын» да айтқан сол жиында облыс әкімі.   Құрғақ қиялдардан тау тұрғызатын Мараим оған да қыңған жоқ. Қайта қолшатырдай керіліп, маң басып жүріп жатыр. Сыналған сайын қоңдана түсетін Марғұлан мырза  күндерді күнінде өзінің елдің жайын, жұртың қамын жеуі тиіс әкім орынтағында отырғанын ұмытып кетпесе жарар еді.?

Өзіне жүктелген лауазымды жұмысты атқаруға шама-шарқы жетпесе де түк болмағандай сазарып жүре беретін азматтардың тізімін әрі қарай жалғай түссек. Осындай-іс-әрекетімен кейінгі кездері «Рейтинг» газетінің тұрақты «кейіпкеріне» айналып үлгерген облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Серімжан Досымовты да сертіне берік, бір сөзді, берген уәдесінің үдесінен шығатын азаматтар қатарына жатқызуға қиналып отырмыз. Өзгесін қоя тұрып, тек біреуін айтсақ та жеткілікті. Облыс орталығына қарасты «Қайтпас» ауылында екі қазақ жігітінің біреуін мылтықпен атып, екіншісін өлімші ғып сабап кеткен әзірбайжан жігітінің бостандықта емін-еркін сайран құрып жүргенін газет бетінде мәсле етіп көтергенбіз. Артынша генерал Досымов мырза қылмыстық істі өз бақылауына алатынын және қылмыскерді тез арада  табуға полиция бар-күш жігерін жұмсайтынын айтып уәде берген.  Әрине өтірік айту мен сөзінде тұра алмау секілді жағымсыз қасиеттер өзгені былай қойғанда әсіресе генерал шенін қымсынбай иығына тағып жүрген Серімжан Досымов үшін тым ұят-ақ. Құқық қорғау саласы басшысының осындай сиқына қарап, сірә Оңтүстіктің полициясы енді қылмысты құрықтайтын емес, тек қызықтайтын орынға айналып бара ма деп қоясын....

Зәуімен күндердің күнінде ортамызға Алдар көсе тірліп келсе  Шоқан Кенжеевті көріп, қуаныштан жүрегі жарылып кететін шығар, сірә. Шрікін, ізімді қуған ұрпағым, жалғыз да болса тұяғым бар екен-ау деп. Былтыр дәл осы уақытта Президенпен болған тікелей эфирден соң көп ұзамай Ордабасы ауданының әкімі Шоқан Кенжеев 20 мың халқы бар Темірлан ауылы мен сол маңдағы 5 елді мекенге таза ауыз берілді деп жалпақ жұртқа жар салған еді. Артынан білдік, әкім елді де, Елбасыны да алдап соғыпты. Шынтуайтында құрылыс біткенімен су жүйлері мемлекетік қабылдаудан өтпей, жұрт талайға дейін суды алыстан тасып ішіп келді. Шоқан мырзаның қырық өтірігі мұнымен де біткен жоқ. Ауыз судың берілмей жатқанын біле тұра кейбір басылымдарға жалған ақпар беріп, елді тағы шатастырды. Әкімнің сөзіне ерген қариялар жерге қарады. Шоқанның шала тірлігінен бас-аяғы 11 шенеунік облыс әкімінің пә рменімен жазаға тартылды.  Жыл бойы жарамазан болған Қараспан топтасқан сүй жүйесінің құжаттары әлі біткен жоқ. Бір тәуірі кешігіп болса да ауылға су келді. Алдар көсе мен Тазша баланың «ұрпағы» Ш. Кенжеевтің «қарық өтірігі» әзірге осымен тоқталып тұр. Мүмкін тәмамдалмаған болар. Жалғасын келер жылы естіріміз.

Өзгені қайдам, Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев та арман жоқ шығар-ау сірә. Шенеуніктердің қызметтік көлігінің қымбаттығы жөнінен оның «Lexus LSX 570» мәшинесіне Оңтүстікте ешкім алдына түсе алмайды. Және бір артықшылығы жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзудан да Жетпісбаев пен оның «Джипі» бәрінен озып тұр. Оның қызметтік көлігі екі рет бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрғанда жолды кесіп өткен, 20 рет жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін фотофиксаторлардың назарына ілігіпті. Несін айтасыз, Арман Шәріпбайұлы әкім боламын деп соттасудың да шебері болып алды. «Қазақ хандығы» қорының басшысы Камалитдин Дулатовты, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұхтар Мұхамбетжанды қала әкімінің шалағай тірлігін айтқаны үшін жазықты етіп, сот алдында тізерлетіп кешірім сұратты. Ал оның жылда өтетін  халық алдындағы есеп беру кездесулері кіл галстук таққан ығай мен сығайдың жиналатын салтанатты мерекесіне, қала әкіміне мадақ-одалар айтылатын шоу жиынына айналғанын қалай айтпасқа? Бәрін қойшы, Арман Жетпісбаев  «ке-рре-мет іскерлігімен» соңғы жылдары аймақтардың дамуына қатысты жасалатын рейтингтің ең соңғы орнын Шымкенттен басқаға бермейтінін айтсаңызшы. Ереже бұзып, «Джиппен» жүйіткіген әкімнің жетістірген тірлігі осы боп тұр әзірге.

Ұлықпан Бәшен: «Өзбектерге Сабыр Рақымовтың өзі емес, атағы қажет болды»
Халық санағының 2020 жылы өтуінде саяси астар бар ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу