Қазақ халқының бастан кешкен қасіреті

Oinet.kz 08-09-2020 2063

Қасірет.jpg

Қазақ халқы өткен ғасырда төрт бірдей аштықты басынан өткерді. Алғашқы 1918 жылғы болған аштық бір миллионнан астам адамның өмірін жалмады. Қазір бұл зұлмат жайында көп айтылмайды. Әсiресе, осы жылы Түркiстан өңiрiнде аштық басталып, Орынбор мен Ор қаласының өндiрiс орындарына шұбырған халық жолда қырылып өлді. Қызыл төңкерістің қарсаңында болған 1922 жылғы аштықтың да зардабы елімізге ауыр тиді. Қазақтың басына түскен зұлматтың ең негізгісі – осы. Одан кейін 1928 жылғы дәулетті адамдардың малы мен мүлкін тәркілеумен бірге тағы аштық басталды. Содан кейін 1932 жылғы болған аштық 1935 жылға дейін созылды. Тек 1936 жылы астық бітік шығып, халықтың аузы аққа жари бастады.

Менде осы зұлматқа байланысты біраз мәліметтер бар. Ресейдiң Барнауыл қаласының мұрағатынан 1947 жылы жүргiзiлген бүкiлодақтық статистикалық деректе украиндардың 11 пайызы, қазақтардың 50 пайызы аштан өлдi деп анық жазылған. 1922 жылы Одақтың бiраз жерiнде, соның iшiнде Қазақстанда аштықтың бiрден күшейiп кету себебi мынада.

Осы жылы Ресейдiң iшкi жағындағы аштыққа ұрынған аудан тұрғындарын қазақ жерiне қоныстандыру туралы қаулы жарияланды. Бұл саясат өте дөрекi түрде жүзеге асырылды. Дүние-мүлкiн тартып алып, қарудың күшiмен жер аударылғандардың қолына тек 500 рубль ұстатты. Ресейден күштеп көшiрiлгендердi азық-түлiкпен, жатын орындармен қамтамасыз ету, т.б. мұқтаждықтар жергiлiктi халықтың есебінен жүргізілді. Содан елге салынатын салық күшейді.

1922 жылы Қазақстанда 417 миллион пұт астықпен қоса 277 миллион сом ақшалай салық жергiлiктi халықтың мойнына iлiндi. Бұл жағдай елдi қырудың амалы екенiн айтып Сейiтқали Меңдешев Сталинге хат жазды. Хатында Орал губерния­сының 4 уезiнде 350 адамды әлдiлер сойып жегенiн, 300 қабiрдi ашып, өлгендердi жеген оқиғаларды дерек ретiнде тiркейдi. Дәйектемелерiн алға тарта отырып, Қазақстанға жер аударуды тоқтатып, есесiне ашыққан жұртқа көмек керек деп жазады. Бұл жерде Меңдешев 4 уездегi жағдайды ғана жазды. 1918-20 жылдардағы зұлмат та 1 миллионға жуық бала ата-анасыз тұлдыр жетiм қалса, 2 миллион баланың шешесi аштан өлген.

1917 жылы Орынборда өткен қазақ-қыр­ғыз съезiнде, одан 1918 жылы батыс Алашорданың Оралдағы съезiнде елдi аштықтан сақтау мәселесi көтерiлдi. Осы жағдайлар 1918-дiң аштығының да елге апат әкелгенiн көрсетедi. Шведтiң танымал саясаткерi Пъер Альмарак «Ашылған жарақаттар» кiтабында 1917-1987 жылдар аралығында Кеңестер империясы аймағында 62 миллион адам қолдан жасалған апаттан ажал құшқанын келтiрген.

1920-жылдары қазақ жерiне 3,5 миллион адам жер аударылды. Олардың қатарында 139,6 мың поляк, 23,6 мың еврей, 85,7 мың латыш, литван, эстон және басқа да ұлттар болды. Күштеп көшiрiлген осы 3,5 миллион адамның 27 пайызы қазақ жерiнде аштан өлген.

Шындығы керек, Кеңес өкiметi статистикалық мәліметтерді қолдан жасады. Сондықтан қызылдардың санағына сенуге болмайды. Жиырмасыншы ғасыр басындағы ауылды көз алдыңызға елестетiңiз. Ана қырда 5-6 үй, мына қырда 20-30 ауыл. Қазақ бiр жерде шоғырланып отыр­ған емес. Көлiксiз, қарусыз, партияның аңдуындағы санақшылар ауыл-ауылды, үй-үйдi түгел аралап шықты деуге негiз жоқ. Жиырма-отыз үйлi ауыл адамдарының түгел қырылғанын есепке кiргiзбей кететiнi анық.

Ашыққан адам не iстемейдi? Мына сұмдықты айтпауға да болмас. Мұрағаттан ОГПУ-дiң есебiн қарағанымда, Ақтөбе облысының қазiргi Алға ауданында үлкен жолдың бойында қос тiгiп, екi жас әйел отырған. Жолда iлiнiп-салынып босып келе жатқан адамдарды алдап-сулап, тамағына сойып жеп отырғаны жазылған. Милиция қос адам жегiштi әзер дегенде қылмыс үстiнде ұстап, атып тастайды. Жол бойындағы екi сұлу әйелдi адамжегiш деп кiм ойлайды? Бұлардан ұрпақ қалды ма? Санақшылар осындай сұмдық болып жат­қан өңiрлерге жалғыз-жарым бармасы анық.

Санақшылар мәлiметтерiнен түзiлген ресми статистика: 1922 жылғы «Степная правда» газетiнде 1921 жылдың желтоқсанында ашыққан адам саны 1 миллион 213 мың 26, ал 1922 жылдың сәуiрiнде 2 миллион 305 мың 591-ға жеттi деп жазылған. Орал губерниясында 1917 жылы адам саны 482 мың болса, 1922 жылғы аштықтан 247 мың 454 адам ғана тiрi қалған. Сонда 1920-1932 жылдары қазақтың 60 пайызы аштан өлдi деп айтуға негiз бар.

Табыл ҚҰЛИЯС,

жазушы

Жұма сайын қыз ал. Әке өсиеті
Ағаштардың орысша аттары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу