Ресейдің бүтін бір қала халқын құтқарып қалған қазақ батырын білесіз бе?

Oinet.kz 03-11-2020 4416

Ел басына күн туса ерлеріміз ерге қонатыны бесенеден белгілі.  Отаны үшін ессіз батырлықпен жан қиғандары да қаншама. Он бес одақтас Республика болып Ресей  билігіне бас иіп, тәуелсіздікті ойламақ түгілі  көз алдымызға елестете алмайтын заманда Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданының тумасы 19 жастағы Сағындық сол тұста Бурятия автономиялық мемлекетіне  әскер қатарына алынып, жауынгерлік қызметтің қыр-сырын барынша меңгеріп жатқан болатын. Бірақ,  тосыннан келген ажал жас жігітті алып кетті... 

Қазақ батыры.jpg

Сарыағаш қаласындағы  (бұрынғы Келес ауданы ) қазіргі  Сәмбет  Саттаров  ауылында  1970 жылы дүниеге келген Сағындық  Шотыбайұлы Серікбаев шаңырақтағы  12  перзенттің бірі болатын. Мектеп  қабырғасында оқып жүргенде-ақ өзінің қайсарлығы мен өжеттілігінің  арқасында орын алған келеңсіз жәйттарға анасы Зиягүл келіп ара түсетін. Уақыт озып, Сағындық білім ордасын аяқтап, Ташкент облысы, «Янги-юль» ауданындағы кәсіптік техникалық училищеге «есептегіш машина операторы» мамандығы бойынша оқуға түседі. Бұл 1987 жыл болатын. Бір жыл білім алып, Ресейдің Буриятия автономиялық Республикасының Кияхта қаласына әскерге алынады. Жылға жуық  жауынгерлік тәртіптің қыр-сырын ұғынып, Отан алдындағы азаматтық борышын  орындап жүргенде, сол кездің өзіндік тәртібіне бағына білді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, құл болмады - қайран Сағындық. Ядролық қаруы бар қала астында улы газ орталығы орналасқан екен (Кейбір деректерде қару-жарақ, әскери техникалар сақталған қойма және  әскери базадан бірнеше шақырымда құпия зымыран орталығы бар деп көрсетілген). 

Қазақ батырлары.jpg

1990 жылдың қаһарлы ақпан айының соңғы күні, түнгі 2:30 шамасы еді. Кезекшілікте тұрған Ленинградтық  капитан Сигуров пен бірге ұйқысы сергек кіші сержант Серікбаев та газ орталығынан шыққан иісті сезеді де, әрекетке көшеді. Улы газ құбырын бекіту үшін екі әскери жедел жақындайды. Орта жастан асқан капитан: «Сағындық, сен осында қал, сен жассың, осында қал!» деген бұйрықты беріп, өзі ішке кіріп кетеді. Жаны жай таппаған Сағындық шыдай алмай, ол да кіріп кетеді. Содан жерде уланып жатқан капитан Сигуровты көрген Серікбаев өртті сөндіріп, капитанды алып шығады, бірақ тысқа жете бергенде аяғы сүрініп құлаған Сағындық соңғы  күш-жігерін жинап, ақырғы демі қалған капитанды алып шығады. Алайда ажалға араша жоқ.  Орталықтан шыққан улы иіс бүкіл денені улап, екі азаматты ажал құштырған.  Әскерде бірге болған досы әскери қызметкер Мұхтар Түндебаев: «Сағындық капитан Сигуров екеуі өрттің ішінде еді, өрт бет қаратпайды, қап-қара түтін, кіруге мүмкіндік жоқ. Өртті сөндірген кіші сержант Серікбаев пен капитан Сигуров екеуін қап-қара түтіннің ішінен әрең тауып алдық. Өкініштісі екеуі де жан тапсырыпты» деген дерегі шындыққа жанасады. Екі батырдың жасаған ерліктері ел арасында аңызға айналып кетті. Егерде өрт сөндірусіз қалғанда, зымыран кешені жарылып, адам түгілі жердегі құмырсқа да аман қалмайтын еді. 

4cf9d8f6-5eb3-48f3-9139-c08d795f6b7a.jpg

Кім біледі Кияхта қаласы болар ма еді осы күні?! 

Қала халқын ажалдан арашалаған екі азамат есімдері бұл күндері ел есінде. Жасаған ерліктері үшін сол елдің наградалары берілген. Бүгінде  Буратия мемлекетінің Кияхта қаласында  олардың атымен аталатын көшелер мен мектеп бар көрінеді. Батырлықтарын айғақтайтын төсбелгілер де беріліпті.  Бірі Ленинградтық, бірі Қазақстандық қос батыр мәңгілік ел жүрегінде.

Кяхта.jpg

Кяхта қаласы

Бір әттеген-айы, айдың аман күнінде әскерге жіберген ұлының өлі денесін көру  өңі түгілі   түсіне де кірмеген Зиягүл ана айықпас дертке ұшырады. Жылай-жылай көз жанарынан айырылды. Асқар тау әкесінің еңсесі түсті, бауырлары жоқтады.

Амал нешік....   Жиырма жасты  енді ғана бағындырмақ болған жас жауынгер Буратияны  бағындырып кетті..   Сағындырып.

Сүндет Сейітов

Әлихан Бөкейханның жаңа суреттері табылды (фотодерек)
Ұлт-азаттық көтерілістерін әлі күнге орыс архивіне сүйеніп зерттеп келеміз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу